Жиі қойылатын сұрақтар
Кез келген азамат банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтінішті тегін рәсімдеуге немесе алып тастауға құқылы. Бұл рәсімді несие бюросы арқылы не болмаса «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асыруға болады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) бұл қызметтің қосылғаны туралы ақпаратты бірден алады, және бұл дерек қарыз алушының несие тарихында көрініс табады.
Егер азаматтың несие тарихында бас тарту туралы белгі болса, қаржы ұйымы автоматты түрде жаңа қарыз беруден бас тартады.
«Стоп-кредит» қызметі қаржылық қызметтерді тұтынушыларды, тіпті клиенттік қосымшаның бұзылуы жағдайында да, қорғауға мүмкіндік береді.
Егер сіз бұл қызметті қосқан болсаңыз және алаяқтар сіздің атыңызға заңсыз түрде банктік қарыз немесе микрокредит ресімдеген болса, банк немесе МҚҰ бұл қарызды жоюға міндетті.
Аталған норма Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен 2024 жылғы ақпан айынан бастап күшіне енді.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — бұл клиенттің қарызды ресімдеуі мен қызмет көрсетуіне байланысты барлық шығындарын ескере отырып есептелетін сыйақы мөлшерлемесі. ЖТСМ құрамына сыйақы, барлық түрдегі комиссиялар мен қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдер кіреді. Ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептеледі.
Банк ЖТСМ туралы ақпаратты шартқа қол қойылғанға дейін міндетті түрде хабарлауы тиіс. Бұл үшін шарттың барлық талаптары көрсетілетін титулдық парақ беріледі. "Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 Қаулысымен; Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 Қаулысымен; Агенттік Басқармасының 16.08.2024 ж. № 62 бірлескен қаулысы және ҚРҰБ Басқармасының 19.08.2024 ж. № 45 ЖТСМ шекті мөлшерін айқындау туралы" қаулысымен:
-Кепілсіз банктік қарыздар үшін: ЖТСМ-нің шекті мөлшері – 46%
-Кепілді банктік қарыздар үшін: ЖТСМ-нің шекті мөлшері – 35%
-Ипотекалық тұрғын үй қарыздары үшін: ЖТСМ-нің шекті мөлшері – 20%
20 000 АЕК-ке дейінгі микрокредиттер үшін: ЖТСМ жылдық мөлшерде 46%-дан аспауы тиіс
50 АЕК-ке дейінгі, 45 күнге дейінгі микрокредиттер үшін арнайы ереже қолданылады:
2024 жылғы 20 тамыздан бастап ЖТСМ мөлшері тәулігіне 0,3%-дан аспауы, ал жылдық мөлшерлеме 179%-дан жоғары болмауы тиіс.
ЖТСМ — тұтынушы үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі. Ол кредиттің нақты құнын толықтай көрсетеді және әртүрлі ұсыныстарды салыстыруға мүмкіндік береді.
Қаржылық сауаттылық бойынша бірыңғай ресми портал – Fingramota.kz, сондай-ақ жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары.
Порталда 8 айдар бар: «Бюджетті жоспарлаймыз», «Несиелер», «Алаяқтардан сақ болыңыз!», «Депозиттер», «Төлемдер мен аударымдар», «Сақтандыру», «Қаржы құралдары», «Несие тарихы».
Қосымша контент:
Қаржылық сауаттылық бойынша сабақтар (18 сабақ)
Подкасттар (28 видео)
Тақырыптық жинақтар (инфографика, видеогалерея, FinIQ)
Қаржылық қолжетімділік картасы
Несие калькуляторы
Сауалнамалар (4 анкета)
«Сарапшы кеңесі» айдары
Кеңес алу үшін чат-бот
Табыс уәделері тым жоғары – қысқа мерзімде көп ақша табуға шақырады (мысалы, айына 30–50% табыс);
Өнім немесе нақты қызметтің болмауы – ұйым тек ақша салуды ұсынады, нақты тауар немесе қызмет көрсетілмейді;
Жаңа қатысушыларды тарту есебінен табыс табу – сізге төлемдерді алу үшін өзіңізбен бірге жаңа салымшыларды алып келу ұсынылады;
Құқықтық және қаржылық құжаттардың болмауы – компания лицензиясыз жұмыс істейді, келісімшарттар түсініксіз немесе мүлдем жоқ;
Белгісіз немесе қысқа мерзімді жұмыс тәжірибесі – компанияның тарихы, жетістіктері немесе нақты бизнес үлгілері жоқ;
Қаржы реттеушісі тарапынан тіркелмеген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тізілімінде жоқ;
Ақшаны қолма-қол жинау немесе тек банк картасына аудару арқылы қабылдау – ресми шоттар мен есеп айырысу арналары жоқ;
Агрессивті жарнама және қысым көрсету – жылдам шешім қабылдауға итермелейді, «қазір кірмесең, кейін кеш болады» деген сияқты уәделер айтылады.
Егер жоғарыда көрсетілген белгілердің бірнешеуі болса – бұл қаржылық пирамида болуы мүмкін. Абай болыңыз!
Ең алдымен, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын білу және оның Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен лицензия алған-алмағанын тексеру қажет. Бұл мәліметті қаржы реттеушінің сайтындағы «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінен көруге болады.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгіну керек. Қарыз шартына қол қойған адамның сіз еместігіңізді анықтау үшін қолтаңба сараптамасы тағайындалады.
Алаяқтардың сіздің атыңызға қарызды қай қаржы ұйымынан рәсімдегенін анықтағаннан кейін, сол ұйымға жазбаша өтініш беру қажет. Өтініште өзіңізге белгілі барлық ақпаратты көрсету керек. Егер төлем картасын немесе жеке басты куәландыратын құжатты жоғалтқан болсаңыз, оны растайтын анықтаманы қоса тіркеңіз. Ішкі қызметтік тергеу жүргізуді міндетті түрде талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуге тиіс, өтініш қабылданған күн мен тіркеу нөмірі өтініштің өзіңізде қалатын көшірмесіне де қойылуы керек.
Кредиттік ұйым сізге қарыз шартының көшірмесін, оған қоса тіркелген құжаттарды, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесін және ақша аударылған шоттың реквизиттерін ұсынуы тиіс. Сондай-ақ, кредит берген және шартты рәсімдеген қызметкердің мәліметтерін нақтылау қажет.
Егер кредиттік ұйым аталған құжаттарды беруден бас тартса, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге құқылысыз.
Егер кредит кредитомат арқылы ресімделсе, онда бұл құрылғыларда бейнебақылау камералары орнатылған – сол жазбалар арқылы алаяқты анықтауға болады.
Егер бұл онлайн-қарыз болса, құқық қорғау органдары IP-мекенжай арқылы алаяқтарды анықтай алады. Айта кету керек, мұндай әрекеттерді тек бейтаныс адамдар ғана емес, сіздің құжаттарыңыз бен банк деректеріңізге қол жеткізген жақын туыстарыңыз, достарыңыз, таныстарыңыз да жасай алады.
Егер кредиттік ұйым сіздің атыңызға алаяқтар ақша алғанын дәлелдей алмаса, тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап арыз беру қажет. Егер сот шешімі сіздің пайдаңызға шықса, кредиттік ұйым келесі әрекеттерді орындауы тиіс:
-сізден қарызды өтеуді талап етуді тоқтату;
-қарызды есептен шығару;
-бөтен қарыз туралы ақпаратты сіздің кредиттік тарихыңыздан алып тастау үшін кредиттік бюроға ресми хат жолдау.
• Қарт адамдарға бейтаныс адамдарға соқыр сенуге болмайтынын түсіндіріңіз, тіпті олар өздерін банк, әлеуметтік қызмет немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырса да;
• Қоңырау шалған адам сізді аты-жөніңізбен атап, мекенжайыңызды білсе де, бұл оның ресми тұлға екенін білдірмейді. Мұндай ақпараттар интернетте ашық қолжетімді болуы мүмкін немесе түрлі жолмен алынуы ықтимал;
• Міндетті түрде қоңырау шалған адамның аты-жөнін және лауазымын сұратыңыз және осы мәліметтерді ресми call-орталыққа өзіңіз хабарласып тексеріңіз;
• Егер телефон экранында жақыныңыздың нөмірі шығып, бірақ дауысы дұрыс естілмей, ол қиын жағдайға тап болғанын айтып ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, өзіне қайта қоңырау шалыңыз;
• Жеке деректеріңізді ешқашан ешкімге айтпаңыз – оның ішінде банк картасының толық деректемелері, жарамдылық мерзімі, CVC/CVV-код, кодтық сөз және картадағы қалдық сома;
• Есіңізде болсын: банк қызметкерлері, қаржы ұйымдарының call-орталық операторлары немесе құқық қорғау органдарының өкілдері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Мұндай ақпарат тек алаяқтарға қажет!
Қаржылық операциялар кезінде келесі ережелерді сақтау қажет:
• Компьютеріңіз бен мобильді құрылғыларыңыздың қауіпсіздік функцияларын пайдаланыңыз: антивирустық қорғанысты орнатыңыз, күрделі құрамдас құпиясөздер қолданыңыз, жеке деректеріңізді ашық түрде құрылғыда сақтамаңыз;
• Жеке деректеріңізді интернетте – форумдарда, әлеуметтік желілерде және басқа да ашық ресурстарда жарияламаңыз;
• Өздерін қаржы ұйымдарының қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдарға сенбеңіз, оларға жеке деректеріңізді, әсіресе PIN-кодты, CVV/CVC-кодты (картаның артқы жағындағы үш таңбалы код) айтпаңыз;
• Бейтаныс және күмәнді мекенжайлардан келген электрондық хаттарды ашпаңыз, сондай-ақ электрондық поштада, әлеуметтік желілерде немесе SMS арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
• Егер сіз жиі онлайн сатып алулар жасасаңыз, интернет-дүкендер үшін бөлек карта ашқаныңыз жөн (мысалы, виртуалды карта);
• Онлайн сатып алу кезінде сайттың расында интернет-дүкенге тиесілі екеніне көз жеткізіңіз, мекенжайы https:// болып басталуы тиіс, ал http:// емес;
• Төлем карталарыңызға SMS-немесе PUSH-хабарламаларды қосыңыз;
• 3D-Secure функциясын ешқашан өшірмеңіз;
• PIN-кодтарды карталармен бірге сақтамаңыз және ешкімге жария етпеңіз. Банктік карталарыңызды үшінші тұлғаларға (тіпті туыстарыңызға да) бермеңіз, оның ішінде кафе немесе мейрамханада төлем жасау үшін де;
• Банктік аккаунтқа кіру үшін ашық wi-fi желілерін пайдаланбаңыз;
• Егер картаңызды жоғалтсаңыз, бірден оны бұғаттап, барлық операцияларды тоқтатыңыз – банктың жедел желісіне хабарласып, мүмкіндігінше тез арада банк бөлімшесіне барып, шоттарды бұғаттаңыз.
КДН – қарыз жүктемесінің коэффициенті – табыстың 50%-ынан аспауы тиіс.
Заң бойынша сіз өзіңіздің ресми табысыңыздың жартысынан көбін несиелерді өтеуге жұмсамауыңыз керек, олардың санына қарамастан.
90 күндік мерзімінен кешіктірілген берешек – жаңа несие рәсімдеу мүмкін емес толық өтелмейінше.
Ерекшелік – бұрынғы мерзімін өткізіп алған несиелерді рефинансалау.
Несиенің сомасы 1000 АЕК-тен асса, жұбайының келісімі қажет.
Келісімді жазбаша түрде немесе eGov сервистері арқылы алуға болады.
Жас мөлшері – қарыз алушы 18 жастан кіші болмауы тиіс.
Кредит – дұрыс пайдаланылған жағдайда ыңғайлы қаржылық құрал. Қарыз алу туралы шешім қабылдағанда, барлық тәуекелдерді бағалаңыз. Кредит ресімдеудің алдында мынадай қадамдарды орындау қажет:
-кірістер мен шығыстарды ескере отырып, өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді есептеңіз;
-кредит бойынша болашақ шығындардың өсуін ескере отырып, өз мүмкіндіктеріңізді талдаңыз;
-кредит алу – бұл шартта белгіленген мерзімде негізгі қарыз сомасын (кредит берушіден алынған қаражат), сондай-ақ сыйақыны, комиссияларды және кредитті пайдаланғаны үшін өзге де төлемдерді қайтару міндеттемесін білдіретінін түсініңіз.
Қарыз жүктемесі коэффициентін естен шығармаңыз! Ай сайынғы төлем сіздің ресми табысыңыздың 50%-ынан аспауы тиіс.
Қарыз алу мақсатын және өтеу әдісін анықтаңыз (аннуитеттік немесе дифференциалдық тәсіл).
Бірнеше қаржы ұйымдарының ұсыныстарын салыстырыңыз.
Кредит шартын толық зерттемейінше, оған қол қоймаңыз.
Назар аударыңыз: шарттың шарттары көрсетілген жадынама мен титулдық бетте келесідей ақпарат болуы тиіс:
-кредит сомасы,
-мерзімі,
-пайыздық мөлшерлеме,
-артық төлемнің жалпы сомасы,
-ай сайынғы төлемнің күні.
Қосымша қызметтер мен өнімдердің бар-жоғын нақтылаңыз – мысалы, сақтандыру, сондай-ақ қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдардың болуы.
«Микроқаржылық қызмет туралы» заңның 1-бабына сәйкес микрокредит – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртiппен ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беретiн ақша.
«Микроқаржылық қызмет туралы» заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес МҚҰ микрокредит бойынша сыйақы мен айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан (өтініш берушіден) алуға құқылы емес.