Мемлекеттік қызметке орналасу

Введение

Мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жеке құрылымдардағы жұмысқа орналасудың үйреншікті рәсімінен айтарлықтай ерекшеленеді және қазіргі уақытта цифрлық форматта жүзеге асырылады. Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы өтеді және бірнеше кезеңді қамтиды: алдын ала тестілеу, конкурсқа қатысу.

Конкурс. Эссе жазу

«Б» корпусының басшылық мемлекеттік әкімшілік лауазымдары үшін іріктеу кезеңдерінің бірі эссе жазу болып табылады. Эссе жазу кезеңіне жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған бес кандидаттан аспайтын үміткер жіберіледі. Баллдар тең болған жағдайда кандидаттардың белгіленген санынан асып кетуіне жол беріледі. Егер конкурсқа тек бір кандидаттан өтінім түссе, ол да осы кезеңге жіберіледі. Эссе тақырыптарын кадр қызметі тиісті функционалдық бағыт бойынша қалыптастырады,  ол жүйеге орналастырылады. Кандидатқа тақырып оның жеке кабинетіне жіберіледі. Эссе жазу күні жүйемен автоматты түрде анықталады. Кезең басталғанға дейін кандидат оны өткізу бойынша нұсқаулықпен танысады. Эссе жазу «Е-қызмет» жүйесі арқылы онлайн форматта, жүйе белгілеген кесте шеңберінде кандидат үшін қолайлы уақытта, мемлекеттік немесе орыс тілдерінде (лауазымдардың жекелеген санаттары үшін — заңнамаға сәйкес шет тілінде) жүзеге асырылады. Эссе көлемі 250 сөзден аспауы тиіс, орындау уақыты — 45 минуттан аспайды. Эссе жазу кезеңі жүйеде бейнежазба арқылы тіркеледі. Бірнеше лауазым бойынша конкурсқа қатысатын кандидат әрбір лауазым үшін жеке эссе жазады. Эссе аяқталғаннан кейін тексеру үшін прокторға жіберіледі. Бұзушылықтар болмаған жағдайда жұмыс конкурс комиссиясының мүшелеріне бағалау үшін беріледі. Эссе белгіленген әдістемеге сәйкес бес балдық шәкілмен бағаланады. Бағалауға конкурс комиссиясы құрамының кемінде үштен екісі қатысады. Егер жіберілген кандидаттардың ешқайсысы эссе жазу кезеңіне қатыспаса, конкурс автоматты түрде аяқталады.

 

Жеке қасиеттерді бағалауға тестілеу

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік  лауазымдарына кандидаттардың жеке қасиеттерін бағалау тиісті бағдарламалар бойынша тестілеу нысанында жүргізіледі. Кандидат жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен конкурс басталғанға дейін немесе конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде алдын ала өтуге құқылы. Тестілеуді кандидаттың таңдауы бойынша eqyzmet.gov.kz  сыртқы интернет-порталында немесе іріктеу рәсімі Әкімшісінің арнайы жабдықталған тестілеу залдарында өтуге болады. Тестілеуге қатысу үшін кандидат eqyzmet.gov.kz  порталы арқылы өтініш береді және тестілеуден өту күні мен уақытын өз бетінше таңдайды. Тестілеуге жазылу жүйе қалыптастыратын хабарламамен расталады. Залда тестілеуден өткен жағдайда жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Тестілеу «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде жүйе қалыптастыратын кестеге сәйкес өткізіледі. Тестілеу басталғанға дейін кандидат нұсқаулықпен танысады. Тестілеу барысында белгіленген уақыт аяқталғанға дейін жауаптарды түзетуге жол беріледі. Тестілеу нәтижелері бойынша кандидатқа тестілеуден өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды қорытынды жіберіледі.

Тестілеу бағдарламалары:

«Б» корпусының басшылық мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін тестілеу бірінші бағдарлама бойынша өткізіледі және келесі құзыреттерді бағалауды қамтиды: проактивтілік, коммуникативтілік, талдамалық ойлау, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік, қызметті басқару. Әрбір құзырет бойынша 12 тапсырмадан қарастырылған. Тестілеуден өтудің шекті мәні: кемінде 30 балл, әрбір құзырет бойынша кемінде 2,5 балл.

«Б» корпусының басшылық емес мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін тестілеу екінші бағдарлама бойынша өткізіледі және келесі құзыреттерді бағалауды қамтиды: проактивтілік, коммуникативтілік, талдамалық ойлау, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік. Әрбір құзырет бойынша 12 тапсырмадан қарастырылған. Тестілеуден өтудің шекті мәні: кемінде 20 балл, әрбір құзырет бойынша кемінде 2,5 балл.

«Б» корпусының төменгі деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін (жұмыс тәжірибесіне талап қойылмайтын) тестілеу үшінші бағдарлама бойынша өткізіледі және мыналарды анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды: логикалық ойлау (30 тапсырма), құндылық бағдарлары (30 тапсырма), эмоционалды интеллект (72 тапсырма). Шекті мәндер: логикалық ойлау бойынша — кемінде 10 дұрыс жауап, құндылық бағдарлары мен эмоционалды интеллект бойынша шекті мән белгіленбейді. Тестілеуді орындаудың жалпы уақыты 120 минутқа дейін, оның ішінде логикалық ойлау тапсырмаларына — 30 минут.

Қосымша шарттар:

Кандидаттар «Өтті» нәтижесін алғанға дейін күнтізбелік бір ай ішінде жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен үш реттен көп емес өте алады. Шекті мәннен жоғары нәтиже алып, оны жақсартқысы келетін кандидаттар үш ай өткеннен кейін қайта тестілеуден өтуге құқылы. Конкурсқа қатысу кезінде тестілеудің ең жоғары нәтижесі ескеріледі.

Тестілеу кезінде прокторинг қолданылады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Тестілеуден өткеннен кейін нәтижелер проктордың тексеруіне жіберіледі. Бұзушылықтар болмаған жағдайда кандидаттың мәртебесі «Өтті» күйіне ауыстырылады.

Онлайн тестілеу кезінде кандидат тиісті техникалық жабдықталуды, жеке қатысуын, бөгде адамдардың болмауын және прокторинг талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Техникалық ақаулық орын алса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады және кандидат жиырма төрт сағат ішінде қайта жазылу үшін техникалық қолдау қызметіне жүгінеді.

«Б» корпусының кандидаттарын тестілеу залдарында тестілеу оператордың қатысуымен және объективтілік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізіледі: металл іздегіш арқылы тыйым салынған электрондық құрылғылардың бар-жоғы тексеріледі, ал белгіленген уақыттан кешігіп келген адамдар рәсімге жіберілмейді. Тестілеу кезінде қатысушыларға сөйлесуге, материалдармен алмасуға немесе кез келген ақпарат тасушыларды пайдалануға тыйым салынады; аталған талаптарды бұзу немесе бөгде адамның (басқа тұлға) анықталуы нәтижелерді жоюға және қайта тапсыруға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге тыйым салуға әкеп соғады. Бөлінген уақыт аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар автоматты түрде есептеледі, ал нәтижелер 20 минут ішінде кандидаттың жеке кабинетіне жолданады.

Тестілеуді ұйымдастыру тәртібі туралы толығырақ қолданыстағы Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидаларынан білуге болады.

 

 

Қызметтер

Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуінен ОФЛАЙН (тестілеу залдарында) өтуге жазылу электрондық үкімет» веб-порталы  арқылы жүзеге асырылады.

Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуінен ОНЛАЙН форматта өтуге жазылу және өту жүйе арқылы жүзеге асырылады.

 

 

Бос орынға конкурс дегеніміз не және оны қайдан табуға болады

Конкурсты «Б» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары бар мемлекеттік орган өткізеді. Конкурстар ішкі және жалпы болып бөлінеді. Ішкі конкурс тек мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі. Лайықты кандидат болмаған жағдайда, барлық азаматтар үшін жалпы конкурс өткізіледі. Төменгі лауазымдарға орналасу үшін тек жалпы конкурс ұйымдастырылады.

Жалпы конкурс келесі кезеңдерді қамтиды:

  • хабарландыру жариялау;
  • кандидаттардың жүйе арқылы өтінім беруі;
  • біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
  • конкурс кезеңдерінен өту (практикалық тапсырма немесе эссе және сұхбат);
  • конкурс комиссиясының шешім қабылдауы.

Бос лауазымдар туралы ақпарат «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында (мұнда өтінімдер қабылданады), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында және enbek.kz электрондық еңбек биржасында бірдей жарияланады.     

Әңгімелесуден өту

«Б» корпусының басшылық мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін сұхбат іріктеудің қорытынды кезеңі болып табылады және эссе жазу кезеңінен кейін өткізіледі. Сұхбатқа эссе жазу кезеңінен сәтті өткен кандидаттар жіберіледі.

Сұхбат «Е-қызмет» жүйесі арқылы бейнебайланыс форматында, кандидаттың жеке кабинетіне күні мен уақыты көрсетіліп жіберілген сілтеме бойынша өткізіледі. Сұхбат, эссе жазу кезеңінен кейінгі келесі жұмыс күні басталады.

Бірнеше лауазым бойынша конкурсқа қатысатын кандидат әрбір лауазым үшін жеке сұхбаттан өтеді. Конкурс комиссиясы лауазымдық міндеттерді ескере отырып, сұрақтар тізбесін қалыптастырады. Бір лауазымға үміткер кандидаттарға бірдей сұрақтар тең мөлшерде қойылады. Сұхбат кандидаттың таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, ал лауазымдардың жекелеген санаттары үшін заңнамаға сәйкес шет тілінде өткізіледі.

Сұхбаттың ұзақтығы 15 минуттан аспайды. Сұхбат барысында кандидаттың кәсіби білімі, дағдылары мен жеке қасиеттері бағаланады, лауазымның функционалдық міндеттерінен тыс сұрақтар қоюға жол берілмейді. Бағалауды конкурс комиссиясының мүшелері жүйеде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, жеке-жеке жүргізеді.

Шешім комиссия құрамының кемінде үштен екісі (бірақ кемінде үш адам) қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі.

Заңнама және мемлекеттік тілді білуіне тестілеу

Кандидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеуден конкурс басталғанға дейін немесе конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде алдын ала өтуге құқылы.

Тестілеуді кандидаттың таңдауы бойынша eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталында немесе іріктеу рәсімі Әкімшісінің арнайы жабдықталған тестілеу залдарында өтуге болады. Тестілеуге қатысу үшін кандидат eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өтініш береді және тестілеуден өту күні мен уақытын өз бетінше таңдайды. Т

естілеуге жазылу жүйе қалыптастыратын хабарламамен расталады. Залда тестілеуден өткен жағдайда жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік  лауазымдарына орналасуға кандидаттар үшін ҚР мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеу мыналарды қамтиды: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тест — 20 сұрақ, ұзақтығы 20 минут, Қазақстан Республикасының Конституциясын білуге арналған тест — 15 сұрақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңын білуге арналған тест — 15 сұрақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын білуге арналған тест — 15 сұрақ, ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін білуге арналған тест — 10 сұрақ.

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуден өту мәні нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санынан кемінде 30 дұрыс жауапты құрайды, бұл ретте әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап жинау қажет. Заңнаманы білуге арналған тест тапсырмаларын орындаудың жалпы уақыты — 55 минут. Мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша шекті мән белгіленбейді. Тестілеуден сәтті өткен жағдайда кандидаттың жеке кабинетіне тестілеуден өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды электрондық сертификат жіберіледі. Сертификаттың қолданылу мерзімі ішінде қайта тестілеуден өту талап етілмейді. Нәтиже белгіленген мәннен төмен болған жағдайда кандидатқа анықтама жіберіледі және қайта тестілеуге кемінде үш күнтізбелік күннен кейін ғана рұқсат беріледі.

Онлайн тестілеу кезінде кандидат тиісті техникалық жабдықталуды, жеке қатысуын, бөгде адамдардың болмауын және прокторинг талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Техникалық ақаулық орын алса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады және кандидат жиырма төрт сағат ішінде қайта жазылу үшін техникалық қолдау қызметіне жүгінеді.

«Б» корпусының кандидаттарын тестілеу залдарында тестілеу оператордың қатысуымен және объективтілік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізіледі: металл іздегіш арқылы тыйым салынған электрондық құрылғылардың бар-жоғы тексеріледі, ал белгіленген уақыттан кешігіп келген адамдар рәсімге жіберілмейді. Тестілеу кезінде қатысушыларға сөйлесуге, материалдармен алмасуға немесе кез келген ақпарат тасушыларды пайдалануға тыйым салынады; аталған талаптарды бұзу немесе бөгде адамның (басқа тұлға) анықталуы нәтижелерді жоюға және қайта тапсыруға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге тыйым салуға әкеп соғады. Бөлінген уақыт аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар автоматты түрде есептеледі, ал нәтижелер 20 минут ішінде кандидаттың жеке кабинетіне жолданады.

Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге арналған тестілеуден өтпейді. Тестілеуді ұйымдастыру тәртібі туралы толығырақ қолданыстағы Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидаларынан білуге болады.

 

Қызметтер

Мемлекеттік қызметшілерді, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға үміткерлерді, құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін азаматтарды тестілеуден ОФЛАЙН (тестілеу залдарында) өтуге жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеуден ОНЛАЙН форматта өтуге жазылу және өту жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Қандай құжаттарды даярлау қажет

Жалпы конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Жүйеде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кандидаттың электрондық жеке ісі (Түйіндеме) қалыптастырылады. Конкурсқа қатысу үшін кандидатқа жүйеге тіркелу және авторизациялау, Түйіндемедегі деректердің дұрыстығын тексеру, қажет болған жағдайда мәліметтерді толықтыру және түзету (білімі, еңбек өтілі және т.б.), әрбір еңбек қызметі жазбасы бойынша функционалдық бағыттарды көрсету, конкурсқа қатысуға өтінім беру қажет. Жүйе автоматты түрде мынадай мәліметтерді сұратады және тексереді: Қазақстан Республикасының заңнамасын және мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеу сертификатының болуы, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері, мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі.

Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде кандидаттың электрондық жеке ісінің (Түйіндеме) бос лауазымның біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді.

Тексеру барысында кадр қызметі кандидаттардың өтінімдерін қарайды, ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігін тексереді. Қажет болған жағдайда кандидатқа жүйе арқылы құжаттарды толықтыру немесе Түйіндемені түзету қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Кандидатқа белгіленген мерзімде құжаттарды бір рет қана толықтыруға және өзгерістер енгізуге мүмкіндік беріледі. Кандидат біліктілік талаптарына сәйкес келмегенде, құжаттар ұсынылмағанда немесе толық болмағанда, көрінеу жалған мәліметтер ұсынылғанда конкурсқа қатысуға жіберілмейді.Бас тартылған жағдайда жүйе кандидатқа тиісті хабарлама жібереді. Бұл ретте, құжаттар пакеті толық ұсынылған жағдайда, конкурсқа қатысуға жіберуден негізсіз бас тартуға жол берілмейді. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша жүйе конкурсқа жіберілген кандидаттардың тізімін қалыптастырады. Рұқсат берілген кезде кандидатқа конкурстық рәсімдерге иесіздендірілген түрде қатысу үшін қолданылатын дербес сәйкестендіру нөмірі беріледі.

 

Анықтамалық ақпарат


Конкурсқа қатысу үшін кандидат «Түйіндеме» бөліміне PDF форматында келесі құжаттарды жүктеуі қажет:

- еңбек кітапшасы және/немесе қызметтік тізім (біліктілік талаптары өтілінің болуын көздейтін лауазымдар үшін). Еңбек кітапшасы мен қызметтік тізімі болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбекқызметін растайтын құжаттарды ұсынуға жол беріледі;

- білімі туралы құжаттар және оларға қосымшалар;

- қажет болған жағдайда, белгілі бір саладағы біліктілікті растайтын сертификат.

 

Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары

Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды. Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін. Құқық қорғау органдарының және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

Мемлекеттiк қызметке:

1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;

2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;

3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;

5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметтен шығарылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін қызметтен шығарылған;

6-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты мемлекеттік саяси қызметтен шығарылған;

7) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік қызметші ретінде алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;

8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

9) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

9-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

9-2) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне, меншікке, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығы мен адамгершілікке, мемлекеттік қызмет мүдделеріне және мемлекеттік басқаруға, басқару тәртібіне, сот төрелігіне және жазаларды орындау тәртібіне, конституциялық іс жүргізуге қарсы ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ экономикалық қызмет саласында ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар немесе болған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған азамат мемлекеттік қызметке қабылданбайды;

10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

14) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде құқық қорғау қызметінен, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдардан, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен теріс себептермен қызметтен шығарылған, сондай-ақ теріс себептермен судья өкілеттігін тоқтатқан азаматты қабылдауға болмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан және қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты қызметтен шығарылған адамға қолданылмайды.

 Жоғарыда көрсетілген жағдайлардың кез келгенінің болуы мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.

Басшылық мемлекеттік лауазымға орналасу үшін 6), 6-1), 7), 9), 9-1), 9-2) және 14) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімі үш жылға ұлғайтылады.

Жоғарыда көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi. Мемлекеттік қызметке кіретін адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады. Мемлекеттік қызметке кірген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кіріс органдарына тапсыруға міндетті.

Практикалық бағалау (басшылық емес және төменгі лауазымдар үшін)

«Б» корпусының басшылық емес және төменгі деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдары үшін практикалық бағалау өткізіледі, ол кандидаттар конкурсқа жіберілгеннен кейінгі келесі жұмыс күні басталады. Практикалық бағалау кезеңіне жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған бес кандидаттан аспайтын үміткер жіберіледі. Баллдар тең болған жағдайда кандидаттардың белгіленген санынан асып кетуіне жол беріледі. Егер конкурсқа тек бір кандидаттан өтінім түссе, ол да осы кезеңге жіберіледі.

Кандидаттарға жүйе арқылы практикалық бағалаудан өту мерзімдері көрсетілген хабарлама жіберіледі. Практикалық бағалау «Е-қызмет» жүйесі арқылы қашықтықтан, жіберілгені туралы хабарланған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде, мемлекеттік немесе орыс тілдерінде (лауазымдардың жекелеген санаттары үшін — шет тілінде) өткізіледі. Бірнеше лауазым бойынша конкурсқа қатысатын кандидат әрбір лауазым үшін жеке практикалық бағалаудан өтеді. Практикалық бағалау лауазымның функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін дағдыларды тексеруге бағытталған. Басшылық емес лауазымдар үшін тапсырмалар мыналарды қамтиды: ұсынылған материалдар негізінде талдау жазбасын дайындау, бос лауазымның функционалдық міндеттері шеңберінде мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға ресми сауалдар мен хаттар дайындау немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, заңнамаға сәйкес дәлелді жауаптар дайындау.

Жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдар үшін  жалпы ой-өрісін, мемлекеттік органның салалық ерекшелігін кандидаттың түсінуін айқындауға, ашықтықты, ойды анық, қисынды түрде білдіру қабілетін анықтауға бағытталған тапсырмаларды орындау қажет. Тапсырмаларды мемлекеттік орган алдын ала қалыптастырады және жүйеге жүктейді. Кезеңнен өту кезінде жүйе орындау үшін автоматты түрде екі тапсырманы анықтайды. Бір лауазымға үміткер кандидаттар бірдей тапсырмаларды тең мөлшерде орындайды.

Кандидат тапсырмаларды жүйе арқылы онлайн режимде белгіленген кесте шеңберінде қолайлы уақытта (сағат 21:00-ден кешіктірмей), тапсырма ашылған сәттен бастап 120 минуттан аспайтын уақыт ішінде орындайды. Бастамас бұрын кандидат нұсқаулықпен танысады. Тапсырмалар орындалғаннан кейін нәтиже автоматты түрде прокторға және конкурс комиссиясына тексеруге жіберіледі. Бағалау жүйеде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып жүргізіледі. Шешім комиссия құрамының кемінде үштен екісі (бірақ кемінде үш адам) қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі. Кандидат практикалық бағалау кезеңіне келмеген жағдайда, оның конкурсқа қатысуы тоқтатылады.

Егер кандидаттардың ешқайсысы осы кезеңге қатыспаса, конкурс автоматты түрде аяқталады.