Кандидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеуден конкурс басталғанға дейін немесе конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде алдын ала өтуге құқылы.
Тестілеуді кандидаттың таңдауы бойынша eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталында немесе іріктеу рәсімі Әкімшісінің арнайы жабдықталған тестілеу залдарында өтуге болады. Тестілеуге қатысу үшін кандидат eqyzmet.gov.kz порталы арқылы өтініш береді және тестілеуден өту күні мен уақытын өз бетінше таңдайды. Т
естілеуге жазылу жүйе қалыптастыратын хабарламамен расталады. Залда тестілеуден өткен жағдайда жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға кандидаттар үшін ҚР мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеу мыналарды қамтиды: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тест — 20 сұрақ, ұзақтығы 20 минут, Қазақстан Республикасының Конституциясын білуге арналған тест — 15 сұрақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңын білуге арналған тест — 15 сұрақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын білуге арналған тест — 15 сұрақ, ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін білуге арналған тест — 10 сұрақ.
Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуден өту мәні нормативтік құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санынан кемінде 30 дұрыс жауапты құрайды, бұл ретте әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап жинау қажет. Заңнаманы білуге арналған тест тапсырмаларын орындаудың жалпы уақыты — 55 минут. Мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша шекті мән белгіленбейді. Тестілеуден сәтті өткен жағдайда кандидаттың жеке кабинетіне тестілеуден өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды электрондық сертификат жіберіледі. Сертификаттың қолданылу мерзімі ішінде қайта тестілеуден өту талап етілмейді. Нәтиже белгіленген мәннен төмен болған жағдайда кандидатқа анықтама жіберіледі және қайта тестілеуге кемінде үш күнтізбелік күннен кейін ғана рұқсат беріледі.
Онлайн тестілеу кезінде кандидат тиісті техникалық жабдықталуды, жеке қатысуын, бөгде адамдардың болмауын және прокторинг талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Техникалық ақаулық орын алса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады және кандидат жиырма төрт сағат ішінде қайта жазылу үшін техникалық қолдау қызметіне жүгінеді.
«Б» корпусының кандидаттарын тестілеу залдарында тестілеу оператордың қатысуымен және объективтілік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізіледі: металл іздегіш арқылы тыйым салынған электрондық құрылғылардың бар-жоғы тексеріледі, ал белгіленген уақыттан кешігіп келген адамдар рәсімге жіберілмейді. Тестілеу кезінде қатысушыларға сөйлесуге, материалдармен алмасуға немесе кез келген ақпарат тасушыларды пайдалануға тыйым салынады; аталған талаптарды бұзу немесе бөгде адамның (басқа тұлға) анықталуы нәтижелерді жоюға және қайта тапсыруға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге тыйым салуға әкеп соғады. Бөлінген уақыт аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар автоматты түрде есептеледі, ал нәтижелер 20 минут ішінде кандидаттың жеке кабинетіне жолданады.
Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге арналған тестілеуден өтпейді. Тестілеуді ұйымдастыру тәртібі туралы толығырақ қолданыстағы Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидаларынан білуге болады.
Қызметтер
Мемлекеттік қызметшілерді, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға үміткерлерді, құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін азаматтарды тестілеуден ОФЛАЙН (тестілеу залдарында) өтуге жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және заңнамасын білуге арналған тестілеуден ОНЛАЙН форматта өтуге жазылу және өту жүйе арқылы жүзеге асырылады.