Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары

Инструкция

1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.

 Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ғана тағайындауы мүмкін.

 Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

2. Құқық қорғау органдарына қызметке кіретін азаматтар, мыналарды:

  • құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін;
  • қатардағы және кіші басшы құрамдар лауазымдарына алғашқы кәсіптік даярлыққа түсетін;
  • "Құқық қорғау қызметі" туралы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-тармағында, 7-бабының 3-тармағында және 7-1-бабының 1-тармағында көзделген адамдарды қоспағанда, уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

Құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібі мен бағдарламаларын құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

Мемлекеттiк қызметке:

1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;

2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;

3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;

5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді;

7) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;

8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

9) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;

13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;

14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат бойы болмауы негізінде шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар азаматты осындай шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты;

15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.

  • Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
  • Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
  • Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
  • Мемлекеттік қызметке кіретін адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.

Мемлекеттік қызметке кірген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кіріс органдарына тапсыруға міндетті.

Дата обновления - 17.05.2024
Справочная информация
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексҚазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы заңҚазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
4330