Жалпы конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Жүйеде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кандидаттың электрондық жеке ісі (Түйіндеме) қалыптастырылады. Конкурсқа қатысу үшін кандидатқа жүйеге тіркелу және авторизациялау, Түйіндемедегі деректердің дұрыстығын тексеру, қажет болған жағдайда мәліметтерді толықтыру және түзету (білімі, еңбек өтілі және т.б.), әрбір еңбек қызметі жазбасы бойынша функционалдық бағыттарды көрсету, конкурсқа қатысуға өтінім беру қажет. Жүйе автоматты түрде мынадай мәліметтерді сұратады және тексереді: Қазақстан Республикасының заңнамасын және мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеу сертификатының болуы, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері, мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі.
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде кандидаттың электрондық жеке ісінің (Түйіндеме) бос лауазымның біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді.
Тексеру барысында кадр қызметі кандидаттардың өтінімдерін қарайды, ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігін тексереді. Қажет болған жағдайда кандидатқа жүйе арқылы құжаттарды толықтыру немесе Түйіндемені түзету қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Кандидатқа белгіленген мерзімде құжаттарды бір рет қана толықтыруға және өзгерістер енгізуге мүмкіндік беріледі. Кандидат біліктілік талаптарына сәйкес келмегенде, құжаттар ұсынылмағанда немесе толық болмағанда, көрінеу жалған мәліметтер ұсынылғанда конкурсқа қатысуға жіберілмейді.Бас тартылған жағдайда жүйе кандидатқа тиісті хабарлама жібереді. Бұл ретте, құжаттар пакеті толық ұсынылған жағдайда, конкурсқа қатысуға жіберуден негізсіз бас тартуға жол берілмейді. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша жүйе конкурсқа жіберілген кандидаттардың тізімін қалыптастырады. Рұқсат берілген кезде кандидатқа конкурстық рәсімдерге иесіздендірілген түрде қатысу үшін қолданылатын дербес сәйкестендіру нөмірі беріледі.
Анықтамалық ақпарат
Конкурсқа қатысу үшін кандидат «Түйіндеме» бөліміне PDF форматында келесі құжаттарды жүктеуі қажет:
- еңбек кітапшасы және/немесе қызметтік тізім (біліктілік талаптары өтілінің болуын көздейтін лауазымдар үшін). Еңбек кітапшасы мен қызметтік тізімі болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбекқызметін растайтын құжаттарды ұсынуға жол беріледі;
- білімі туралы құжаттар және оларға қосымшалар;
- қажет болған жағдайда, белгілі бір саладағы біліктілікті растайтын сертификат.