Жеке қасиеттерді бағалауға тестілеу

Инструкция

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік  лауазымдарына кандидаттардың жеке қасиеттерін бағалау тиісті бағдарламалар бойынша тестілеу нысанында жүргізіледі. Кандидат жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен конкурс басталғанға дейін немесе конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде алдын ала өтуге құқылы. Тестілеуді кандидаттың таңдауы бойынша eqyzmet.gov.kz  сыртқы интернет-порталында немесе іріктеу рәсімі Әкімшісінің арнайы жабдықталған тестілеу залдарында өтуге болады. Тестілеуге қатысу үшін кандидат eqyzmet.gov.kz  порталы арқылы өтініш береді және тестілеуден өту күні мен уақытын өз бетінше таңдайды. Тестілеуге жазылу жүйе қалыптастыратын хабарламамен расталады. Залда тестілеуден өткен жағдайда жазылу «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Тестілеу «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде жүйе қалыптастыратын кестеге сәйкес өткізіледі. Тестілеу басталғанға дейін кандидат нұсқаулықпен танысады. Тестілеу барысында белгіленген уақыт аяқталғанға дейін жауаптарды түзетуге жол беріледі. Тестілеу нәтижелері бойынша кандидатқа тестілеуден өткен күннен бастап бір жыл бойы жарамды қорытынды жіберіледі.

Тестілеу бағдарламалары:

«Б» корпусының басшылық мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін тестілеу бірінші бағдарлама бойынша өткізіледі және келесі құзыреттерді бағалауды қамтиды: проактивтілік, коммуникативтілік, талдамалық ойлау, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік, қызметті басқару. Әрбір құзырет бойынша 12 тапсырмадан қарастырылған. Тестілеуден өтудің шекті мәні: кемінде 30 балл, әрбір құзырет бойынша кемінде 2,5 балл.

«Б» корпусының басшылық емес мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін тестілеу екінші бағдарлама бойынша өткізіледі және келесі құзыреттерді бағалауды қамтиды: проактивтілік, коммуникативтілік, талдамалық ойлау, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік. Әрбір құзырет бойынша 12 тапсырмадан қарастырылған. Тестілеуден өтудің шекті мәні: кемінде 20 балл, әрбір құзырет бойынша кемінде 2,5 балл.

«Б» корпусының төменгі деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік  лауазымдары үшін (жұмыс тәжірибесіне талап қойылмайтын) тестілеу үшінші бағдарлама бойынша өткізіледі және мыналарды анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды: логикалық ойлау (30 тапсырма), құндылық бағдарлары (30 тапсырма), эмоционалды интеллект (72 тапсырма). Шекті мәндер: логикалық ойлау бойынша — кемінде 10 дұрыс жауап, құндылық бағдарлары мен эмоционалды интеллект бойынша шекті мән белгіленбейді. Тестілеуді орындаудың жалпы уақыты 120 минутқа дейін, оның ішінде логикалық ойлау тапсырмаларына — 30 минут.

Қосымша шарттар:

Кандидаттар «Өтті» нәтижесін алғанға дейін күнтізбелік бір ай ішінде жеке қасиеттерін бағалау тестілеуінен үш реттен көп емес өте алады. Шекті мәннен жоғары нәтиже алып, оны жақсартқысы келетін кандидаттар үш ай өткеннен кейін қайта тестілеуден өтуге құқылы. Конкурсқа қатысу кезінде тестілеудің ең жоғары нәтижесі ескеріледі.

Тестілеу кезінде прокторинг қолданылады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Тестілеуден өткеннен кейін нәтижелер проктордың тексеруіне жіберіледі. Бұзушылықтар болмаған жағдайда кандидаттың мәртебесі «Өтті» күйіне ауыстырылады.

Онлайн тестілеу кезінде кандидат тиісті техникалық жабдықталуды, жеке қатысуын, бөгде адамдардың болмауын және прокторинг талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Белгіленген талаптар бұзылған жағдайда тестілеу нәтижелері жойылады. Техникалық ақаулық орын алса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады және кандидат жиырма төрт сағат ішінде қайта жазылу үшін техникалық қолдау қызметіне жүгінеді.

«Б» корпусының кандидаттарын тестілеу залдарында тестілеу оператордың қатысуымен және объективтілік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізіледі: металл іздегіш арқылы тыйым салынған электрондық құрылғылардың бар-жоғы тексеріледі, ал белгіленген уақыттан кешігіп келген адамдар рәсімге жіберілмейді. Тестілеу кезінде қатысушыларға сөйлесуге, материалдармен алмасуға немесе кез келген ақпарат тасушыларды пайдалануға тыйым салынады; аталған талаптарды бұзу немесе бөгде адамның (басқа тұлға) анықталуы нәтижелерді жоюға және қайта тапсыруға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге тыйым салуға әкеп соғады. Бөлінген уақыт аяқталғаннан кейін дұрыс жауаптар автоматты түрде есептеледі, ал нәтижелер 20 минут ішінде кандидаттың жеке кабинетіне жолданады.

Тестілеуді ұйымдастыру тәртібі туралы толығырақ қолданыстағы Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестiлеуді ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидаларынан білуге болады.

 

 

Қызметтер

Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуінен ОФЛАЙН (тестілеу залдарында) өтуге жазылу электрондық үкімет» веб-порталы  арқылы жүзеге асырылады.

Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуінен ОНЛАЙН форматта өтуге жазылу және өту жүйе арқылы жүзеге асырылады.

 

 

Дата обновления - 30.04.2026
Справочная информация
14848