«Б» корпусының басшылық мемлекеттік әкімшілік лауазымдары үшін іріктеу кезеңдерінің бірі эссе жазу болып табылады. Эссе жазу кезеңіне жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған бес кандидаттан аспайтын үміткер жіберіледі. Баллдар тең болған жағдайда кандидаттардың белгіленген санынан асып кетуіне жол беріледі. Егер конкурсқа тек бір кандидаттан өтінім түссе, ол да осы кезеңге жіберіледі. Эссе тақырыптарын кадр қызметі тиісті функционалдық бағыт бойынша қалыптастырады, ол жүйеге орналастырылады. Кандидатқа тақырып оның жеке кабинетіне жіберіледі. Эссе жазу күні жүйемен автоматты түрде анықталады. Кезең басталғанға дейін кандидат оны өткізу бойынша нұсқаулықпен танысады. Эссе жазу «Е-қызмет» жүйесі арқылы онлайн форматта, жүйе белгілеген кесте шеңберінде кандидат үшін қолайлы уақытта, мемлекеттік немесе орыс тілдерінде (лауазымдардың жекелеген санаттары үшін — заңнамаға сәйкес шет тілінде) жүзеге асырылады. Эссе көлемі 250 сөзден аспауы тиіс, орындау уақыты — 45 минуттан аспайды. Эссе жазу кезеңі жүйеде бейнежазба арқылы тіркеледі. Бірнеше лауазым бойынша конкурсқа қатысатын кандидат әрбір лауазым үшін жеке эссе жазады. Эссе аяқталғаннан кейін тексеру үшін прокторға жіберіледі. Бұзушылықтар болмаған жағдайда жұмыс конкурс комиссиясының мүшелеріне бағалау үшін беріледі. Эссе белгіленген әдістемеге сәйкес бес балдық шәкілмен бағаланады. Бағалауға конкурс комиссиясы құрамының кемінде үштен екісі қатысады. Егер жіберілген кандидаттардың ешқайсысы эссе жазу кезеңіне қатыспаса, конкурс автоматты түрде аяқталады.