Алакөл ауданы — Жетісу облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы — Үшарал қаласы.Тұрғындар саны – 72881(01.01.2024 ж)
Аудан солтүстігінде Абай облысының Аягөз, Үржар аудандарымен, батысында Сарқан ауданымен, оңтүстігінде Қытаймен шектеседі.
Алакөл ауданы Балқаш-Алакөл ойысы мен Жетісу (Жоңғар) Алатауы аралығында орналасқан. Жерінің оңтүстік-шығысын Жетісу Алатауының Шыбынды, Қайқаң, Жабық, Күнгей Тастау, т.б. жоталары алып жатыр. Ауданның қалған бөлігі салыстырмалы түрде жазық келеді. Бұл жерлерде аласа таулар (Арғанаты, Арқарлы, т.б.) мен құмды алқаптар (Қарақұс, Сарықұм, Тасқарақұм) алып жатыр. Солтүстігінде Алакөл топ көлдері (Алакөл, Қошқаркөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл) орналасқан. Жетісу Алатауынан бастау алатын Лепсі, Тентек, Шынжылы, Көксуат өзендері аудан аумағын кесіп өтіп, солтүстіктегі Алакөл, Сасықкөл көлдеріне құяды.