Сарысу ауданы — Жамбыл облысының батысындағы әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Жер аумағы — 31,3 мың км². Аудан орталығы – Жаңатас қаласы.
Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған. Осы қаулыға сәйкес Сарысу ауданы Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округына қаратылған.
1928 жылғы Қазақстанда өткізілген ірі байларды тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы шексіз ауыр болды. Бұдан өзге 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, еркін шаруашылықпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратты. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6000-дай шаңырақ үдере көшіп, Қаратау бойына шұбырды. Голощекиннің солақай саясаты салдарынан бір ғана Сарысу ауданында сол алты мың шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына тұяқ іліктірді.
Арқадан арып-ашып жеткен адамдар Қаратау бойындағы шұрайлы жерлерден өзендер мен көлдердің бойынан қоныс тепті. Бұл жақтағы байырғы ел-жұрт та солақай саясаттың зәбірін тартқан екен. Сан түрлі салықтар бұл жақтағы ағайындарға да оңай тимеген. Десек те, отырықшылық дәстүрден қол үзбей, диқаншылық кәсіпті серік еткен қаратаулықтар ұзақ көштен шаршап-шалдыққан, әбден әлсіреген ағайындарға қолдан келген қамқорлықтарын аяған жоқ.
Сол кездегі Қазақстан үкіметінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтардың алдынан шығып, халықтың аман қалған бөлігінің осы өңірге аман-есен жетуіне көп күш салды. Әсіресе Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі зор болды. Кейіннен Қаратау алабынан қоныс тепкен халықтың басым көпшілігінің ұсыныс-талаптарын зор түсіністікпен қабылдап, ауданның тарихи «Сарысу» атының сақталып қалуына қамқор болды.
Есін жиып, етегін жапқан халық төрт түлік мал өсіруге ден қойды. Мысалы, 1934 жылғы шілде айындағы санақта ауданда ұсақ мал саны 7651 бас болса, 1935 жылы 18875-ке жетті. Сол жылы Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болған.
Сарысу ауданының тарихы да Қазақстан тарихының кішігірім құрамдас бөлігі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміздің басынан кешкен тарихының жаңғырығы жаңа құрылған ауданды да айналып өткен жоқ. Отыз жетінші-отыз сегізінші жылғы қанқасапта да Сарысудың талай боздақтары репрессияға ұшырап, тас абақтыларда күн кешіп, қорғасын оқтың бейкүнә құрбаны болды.
Ұлы Отан соғысынан 2700-ден астам сарысулықтар туған топырағына қайта оралмады. Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов секілді Кеңес Одағының Батырларының, даңқты мерген, батыр Ыбырайым Сүлейменовтің кіндік қаны сонау Сарысу өзенінің бойында тамғандығын ұрпақтары мақтан етеді. 1950 жылы Сарысу ауданында қой-ешкі саны 183320 басқа, мүйізді ірі қара 11355-ке, жылқы 4130 басқа жетті. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның 15 малшысы 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.
1954 жылы түгін тартсаң, майы шыққан Жон өңірінде «Түркістан» совхозы бой көтерді.
1957 жылы аудандағы колхоздар ірілендіріліп, 7 совхоз құрылды. Осы кезде ұсақ мал саны 280 мыңға жеткен болатын. 1962 жылы Сарысу ауданының Талас ауданынан қосылуының тиімді болмағандығын өмірдің өзі көрсетіп берді. 1967 жылы Сарысу ауданы қайта құрылды. Бұрын Мойынқұм ауданына қарап келген «Сарысу», «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздары Сарысу ауданына қосылды.
1990 жылы ауданда қой-ешкі саны 300 мың басқа, мүйізді ірі қара 10500, жылқы 10000, түйе 1800 басқа жетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін
Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы жылдан жылға жақсарды. Мектептер, мәдени үйлері көбейді. Қазақстанның егемендік алуымен, тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы аз болған жоқ. 1997 жылы Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленді.
Бүгінде ауданда экономикалық әлеуеті біршама өсті. Соңғы жылдардың өзінде ауданда жаңадан осы заманғы үлгімен екі мектеп, бір аурухана салынды. Жаңатас қаласындағы сәулетті мәдениет үйі жеке қолдан мемлекет меншігіне қайтарылды. Саудакент, Тоғызкент ауылдарындағы мәдениет үйлері толықтай қалпына келтіріліп, ішкі жиһаздары мен музыкалық аспаптары, ұлттық киімдері жаңадан сатып алынды. Бұрын жұмысын тоқтатқан екі кәсіптік-техникалық училище кәсіптік лицей болып Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылынан қайтадан ашылды. Жаңатас қаласында мемлекеттік көпсалалы колледж жұмыс істей бастады. Тек соңғы жылдардың өзінде бес балабақша ашылды. Жаңатас қаласындағы екі көпқабатты үй қайта қалпына келтірілді. Енді қаланың жылу және су жүйелерін қайта қалпына келтіру қолға алынуда. Саудакент, Тоғызкент ауылдарында ауыз су жүйесі іске қосылды. Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында сандық телефон байланыс жүйесі енгізілді, жаңа пошта ғимараттары салынуда.
Халқы
Тұрғындар саны - 44 184 адам (2019), ұлттық құрамы: қазақтар тұрады (93,35%), орыстар (4,40%), басқа ұлт өкілдері (2,25%) тұрады.