Жиі қойылатын сұрақтар

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес, филиал деп заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан және оның барлық немесе бір бөлігіндегі функцияларын, оның ішінде өкілдік функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлімшесі танылады.

Өкілдік деп заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан, заңды тұлғаның мүдделерін қорғауды және өкілдік етуді жүзеге асыратын, оның атынан мәмілелер мен өзге де құқықтық әрекеттерді жасайтын оқшауланған бөлімшесі танылады, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда.

Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлға болып табылмайды, оларды құрған заңды тұлға оларға мүлік береді және олар бекітілген ережелер негізінде әрекет етеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабының 4-тармағында заңды тұлғалардың заңдарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы екендігі көзделген.

Заңды тұлғаның өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшесі деп оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, орналасқан жері бойынша стационарлық жұмыс орындары жабдықталған, аумақтық тұрғыдан оқшауланған бөлімше танылады. Жұмыс орны егер ол бір айдан астам мерзімге құрылса, стационарлық болып есептеледі.

Мемлекеттік мекеменің өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшесі заңдарда тікелей көзделген жағдайларда құрылады.

Осылайша, микроқаржы ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу тәртібі «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңның 14-1-бабымен реттеледі.

«Микроқаржылық қызмет туралы» Заңның 14-1-бабының 1-тармағына сәйкес, микроқаржы ұйымдары уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де өздерінің оқшауланған бөлімшелерін – филиалдары мен өкілдіктерін құруға құқылы.

Аталған Заңның 14-1-бабының 3-тармағына сәйкес, филиал бір облыс шегінде бірнеше мекенжайда орналасқан үй-жайларға ие болуға құқылы.

Орналасқан жері астана және (немесе) республикалық маңызы бар қала болып табылатын филиал келесі аумақтарда бірнеше мекенжайда орналасқан үй-жайларға ие болуға құқылы:
– астана және (немесе) республикалық маңызы бар қала аумағында;
– астанаға (республикалық маңызы бар қалаға) іргелес облыс аумағында.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, микроқаржы ұйымының филиалын құрмай, функцияларына микрокредиттер беру, клиенттерге консультация беру, кепіл мүлкін сақтау, сондай-ақ микроқаржылық қызмет туралы заңнамада көзделген өзге де қызметтерді көрсету кіретін үй-жай құруға жол берілмейді.