Жиі қойылатын сұрақтар

Егер қарыз алушы ипотекалық қарызды өтеуде қиындықтарға тап болғанын түсінсе, мәселені шешуді кейінге қалдырмау және банкке мүмкіндігінше ертерек жүгіну маңызды. Төлем мерзімі өткен кезде қарыз алушы қаржылық жағдайдың нашарлау себептерін көрсете отырып және растайтын құжаттарды ұсына отырып, қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішпен банкке жүгінуге құқылы.

Өтініште пайыздық мөлшерлемені төмендетуді, ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуды, негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды, қарыз мерзімін немесе берешекті өтеу тәртібін өзгертуді қоса алғанда, берешекті реттеудің әр түрлі нұсқалары ұсынылуы мүмкін.

Сондай-ақ, заңнамада ипотекалық тұрғын үйді өз бетінше сату, кепіл мүлкін банкке шегініс ретінде беру немесе қарыз бойынша міндеттемелерді сатып алушыға аудара отырып, жылжымайтын мүлікті сату сияқты тетіктер көзделген.

 Банкке уақтылы жүгіну өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мүмкіндігін едәуір арттыратынын және берешектің одан әрі өсуін болдырмауға мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн.

Ипотекалық қарызды қайта құрылымдау қарыз алушының кредит бойынша міндеттемелерді уақтылы орындауына кедергі келтіретін объективті қаржылық қиындықтар туындаған жағдайларда қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайларға кірістің төмендеуі, жұмысынан айырылу, ұзақ уақыт науқастану, уақытша еңбекке жарамсыздық, төтенше жағдайлар және басқа да расталған өмірлік жағдайлар кіруі мүмкін.

ҚР банктер және банк қызметі туралы заңның[1] 61-бабына сәйкес қарыз алушы мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы банкке өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтінішті алғаннан кейін банк оны қарауға және қарыз алушыға қабылданған шешім: ұсынылған өзгерістермен келісу, қайта құрылымдаудың өзіндік шарттарын ұсыну немесе дәлелді бас тартуды ұсыну туралы туралы хабарлауға міндетті.

Қайта құрылымдау шеңберінде ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуды, төлемдер бойынша кейінге қалдыруды ұсынуды, қарыз мерзімін ұзартуды, берешекті өтеу тәртібін өзгертуді, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді, ал жекелеген жағдайларда - қарызға қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбын, айыппұлдарды және өзге де төлемдерді есептен шығаруды қоса алғанда, әр түрлі шаралар қолданылуы мүмкін.

Егер қарыз алушы банктің шешімімен келіспесе не тараптар өзара қолайлы шешімге қол жеткізе алмаса, ол заңнамада белгіленген тәртіппен дауды қарау үшін банк омбудсманына жүгінуге құқылы.

 

 

[1] «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы