Құрылу және географиялық орналасуы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрамына өзгертулер енгізу туралы» №338 санды жарлығына сәйкес, орталығы Маңғыстау ауылында орналасқан Маңғыстау облысы құрамына жататын жаңа әкімшілік аумақтық бірлік Мұнайлы ауданы құрылды.
Мұнайлы ауданының жалпы көлемі-492 189 гектар.
Аудан құрамына 7 ауылдық округ кіреді: Маңғыстау, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Атамекен, Басқұдық және Батыр.
2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық саны – 171,0 мың адам.
Аудан орталығы Маңғыстау ауылы-32,9 мың адам.
Қызылтөбе ауылдық округі-30,9 мың халық, аудан орталығынан 9 км орналасқан, Бірлік ауылы-902 адам;
Баянды ауылы-7,1 мың адам, аудан орталығынан 14 км орналасқан;
Дәулет ауылдық округі-11,0 мың халық, аудан орталығынан 7 км орналасқан;
Басқұдық ауылдық округі-35,2 мың адам, аудан орталығынан 8 км орналасқан;
Атамекен ауылдық округі-42,8 мың халық, аудан орталығынан 12 км орналасқан;
Батыр ауылдық округі-10,2 мың адам, аудан орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан.
Мұнайлы ауданы Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Түпқараған ауданы, Маңғыстау аудандарымен және Ақтау қаласымен көршілес орналасқан.
Маңғыстау ауылында жеке Маңғыстау темір жол бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнайлы ауданының халқы негізінен Ақтау қаласының өндірістерінде және жеке шаруа қожалықтарында жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Мұнайлы ауданының орталығы Маңғыстау ауылында темір жол вокзалы орналасқан облысымыздың Бейнеу ауданы, Маңғыстау ауданы және Жаңаөзен қалаларымен темір жол арқылы қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туғызылған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының басқа облыстарымен және оларға теңестірілген қалаларға жолаушылар поездары қатынайды. Мұнайлы ауданы теңіз жағасынан 20-23 шақырым қашықтықта орналасқан, жері тастақ, төңірегі тегістік, жазық дала. Ауданның климаттық жағдайы цельси температурасымен есептеген кезде қуаң, континенттік, жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы: -4-9ºС. Солтүстігінде - 10ºС, кейде-15ºС дейінгі аязды күндер болады. Шілденің орташа температурасы +24-38ºС аралығында.
Аудан көлемі негізінен шөл-шөлейт аймақ зонасына жататындықтан ылғалы аз, жері ащы, сорлы жерлерге тән өсімдіктер өседі. Аудан аумағындағы жануарлар дүниесінде негізінен кемірушілер, бауырмен жорғалаушылардың үлесі басым.