ҚР-да ғана емес, бүкіл әлемде магистр дәрежесі бакалавр дәрежесі бар студенттер үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді білдіреді. Тиісінше, магистр дәрежесі магистрдің білім беру бағдарламаларын толық меңгергендерге беріледі.
Магистр дәрежесі - бұл екінші жоғары білім емес, бакалаврдан кейінгі білім деңгейі, бұл студент мамандық алу және біліктілігін арттыру жолында көтерілетін саты. Бұл бакалавриат бағдарламасынан басты айырмашылығы.
Сонымен қатар, оқу ұзақтығы мен қабылдау шарттары да өзгеше. Сонымен, магистр дәрежесін алу үшін 1-2 жыл қажет болады және бакалавриаттан өтпей, магистратураға түсе алмайсыз.
Магистратураға түсу үшін Сізге кешенді тестілеуден (КT) өту қажет.
Магистратураға жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын игерген тұлғалар қабылданады.
Кешенді тестілеу (КТ) – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуші тұлғалар шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тестілеуден, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тестілеуден, оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тестілеуден тұратын КТ тапсырады.
Оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бейінді магистратураға түсуші тұлғалар таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тестілеуден тұратын КТ тапсырады.
Оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін бейінді магистратураға түсуші тұлғалар ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тестілеуден тұратын КТ тапсырады.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ғылыми-педагогикалық магистратураға түсуші тұлғалар:
1) шет тілі (таңдау бойынша ағылшын, неміс, француз) бойынша тесттен, оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тестілеуден тұратын КТ;
2) білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша екі шығармашылық емтихан тапсырады.
Араб тілін білуді талап ететін білім беру бағдарламалары тобының магистратурасына түсуші тұлғалар:
1) араб тілі бойынша түсу емтиханын;
2) білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тестілеуден және оқуға дайындығын анықтауға арналған таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тіліндегі тестілеуден тұратын КТ тапсырады.
Бейінді магистратураға түсушілер білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест немесе шығармашылық емтихандар тапсырады.