Мүгедек адамдар нені білуі керек

Инструкция

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қызмет түрін, оның ішінде еңбек қызметін еркін таңдауға, сондай-ақ кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға құқығы бар.

Қазіргі уақытта мүгедектік тобының болуы адамның еңбекке қабілеттілігінің немесе еңбекке жарамсыздығының көрсеткіші болып табылмайды. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру кезіндегі негізгі факторлар олардың біліктілігі, кәсіби құзыреті, кәсіби міндеттерін орындау үшін медициналық қарсы көрсетілімдердің болмауы болып табылады.

Осылайша, мүгедектігі бар адамдар мүгедектік тобының санатына қарамастан, егер оларға денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының медициналық қорытындысы бойынша еңбек қызметінің түрі қарсы көрсетілмесе, жұмыс істеуге құқылы.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету практикасы жұмыспен қамту органдары арқылы бос орындарға жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсетуді, жұмыс орындарын квоталауды, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруды, еңбек нарығында талап етілетін дағдылар бойынша қысқа мерзімді оқытуды, қайтарымсыз гранттар беруді, жастарға шағын кредит беруді, сонымен қатар, олар басым құқықа ие болып табылатын субсидияланған жұмыс орындарына жолдама алады.

Жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2%-дан 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.

Квотаны жергілікті атқарушы органдар қызметкерлердің келесі тізімдік саны бар ұйымдарға белгілейді:

- 50-ден 100 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдік санының 2% мөлшерінде;

- 101-ден 250 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдік санының 3% мөлшерінде;

- 251-ден астам адам – қызметкерлердің тізімдік санының 4% мөлшерінде.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді.

Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі.

Бұдан басқа, арнаулы жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдарға үш жыл ішінде мемлекет 60-тан 70%-ға дейінгі мөлшерде жалақы субсидиялайды.

Дата обновления - 05.07.2024
Справочная информация
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексі
3564