Қазіргі уақытта жұмыспен қамту кәсіпкерлік бастаманы қолдауды, жұмыс орындарын субсидиялауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды қамтитын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде іске асырылуда.
Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған жұмыссыз азаматтар жеке қажеттіліктеріне қарай жұмысқа орналасуға қолдау ала алады.
Оқу орнынан шыққаннан кейін жұмыс тәжірибесінің жоқтығын шешу үшін «Жастар практикасы» ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардың тәжірибесі мен дағдыларын жас мамандарға беру арқылы жастардың мансаптық дамуы көзделген.
Жұмыс берушілермен серіктестікте маңызды шара NEET жастарын жұмысқа орналасу жолындағы кедергілерді еңсеруде атаулы қолдау болып табылады. Жастардың осы санатын жұмысқа орналастыру «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, жұмыс берушілерді ынталандыру үшін зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Күміс жас» жобасы көзделген.
Сонымен қатар, уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін алдын-ала кәсіби дайындық пен жұмыс тәжірибесін қажет етпейтін қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады.
Бүгінгі таңда жұмыс орындарын субсидиялау бойынша қызмет көрсетудің барлық процесі «Электрондық еңбек биржасы» порталы (enbek.kz) арқылы толық автоматтандырылған.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының арасынан өз ісін ашқысы келетін азаматтар skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн-режимде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өте алады, ал аяқтағаннан кейін оқытылғандар өз ісін ашу немесе дамыту үшін 400 АЕК-ке дейін грант алуға мүмкіндігі бар.
Гранттар негізінен құрал-жабдықтар, технологиялық құрылғылар, еңбек құралдарын, мал мен құстарды сатып алуға беріледі. Осының арқасында жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт және басқа да өндірістер ашылады.
Еңбек ресурстары дағдыларын дамыту жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу орталықтарында сұранысқа ие дағдыларды оқыту, 3 айға дейін тәлімгермен жұмыс орнында оқыту және жалақыны субсидиялау, сондай-ақ Skills.еnbek платформасында сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқыту арқылы жүзеге асырылады.
Қысқа мерзімді оқытудың бұл шаралары азаматтарға кейіннен жұмысқа орналасу үшін еңбек нарығында біліктілігін арттыруға және талап етілетін дағдыларды алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерді жылдық 2,5 пайыздан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 5 немесе 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен микрокредиттеу тетігі іске асырылуда.
Жоғарыда аталған барлық шаралар бойынша тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну арқылы кеңес алуға немесе Еnbek.kz порталын пайдалануға болады.