Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға арналған алименттерді ұстап қалу жалақының (ақшалай сыйақының, күтіп-бағудың) және өзге де табыстың барлық түрлерінен ақшалай (ұлттық және (немесе) шетел) валютада жүргізіледі.
Оның ішінде:
1) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген белгіленген лауазымдық айлықақыларды (ставкаларды) негізге ала отырып, нақты жұмыс істеген уақыты немесе орындалған жұмысы үшін қызметкерлерге есептелген жалақыдан;
2) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша төлемдер мен үстемеақылардың барлық түрлерінен, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу қоры шегінде қаражатты үнемдеу есебінен алынатын үстемеақылардан немесе тиісті мекемені ұстауға көзделген қаражаттан;
3) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылардан (ақшалай сыйақылардан);
4) Заңның 98-бабының 7) тармақшасында көзделген төлемдерді қоспағанда, барлық өтемақы төлемдерінен;
5) демалыс уақыты үшін сақталатын жалақыдан, сондай-ақ пайдаланылмаған демалыс үшін ақшалай өтемақыдан, бірнеше жылдағы демалыстар қосылған жағдайда;
6) комиссиялық сыйақымен (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);
7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және біржолғы сипатқа ие болмайтын шарттар бойынша орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін алынған кірістерден;
8) авторлық сыйақы төлемдерінен;
9) зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, атаулы әлеуметтік көмек сомаларынан;
10) білім беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін стипендиялардан;
11) заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерден;
12) мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;
13) заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен бағалы қағаздар бойынша табыстардан және басқа да табыстардан;
14) "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасында және "Арал өңіріндегі экологиялық зілзаланың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы"Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген.
Әскери қызметшілерден, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен алименттерді ұстап қалу қызметтік міндеттерін орындауға байланысты олар алатын төлемдердің мынадай түрлерінен жүргізіледі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лауазымдық айлықақылардан, әскери, арнаулы атақтар бойынша айлықақылардан, арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер үшін қосымша ақылардан және қызмет өткерудің ерекше шарттары үшін үстемеақылардан;
2) "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасында және "Арал өңіріндегі экологиялық зілзаланың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы"Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген;
3) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген және тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын тұрақты және біржолғы сипаттағы сыйлықақылардан (ақшалай сыйақылардан);
4) тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын үстемеақылар мен қосымша ақылар сомасынан;
Ұстап қалу заңнамада көзделген шектеулер мен ерекшеліктер ескеріле отырып, оның ішінде өндіріп алуға болмайтын ақшалай сомаларды айқындайтын "атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабында жүргізіледі.