Жиі қойылатын сұрақтар
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға өтінішті онлайн түрде немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша тапсыруға болады.
1. Онлайн өтініш беру
АӘК-ке өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Ол үшін:
1.eGov.kz порталына ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы кіріңіз.
2.«Әлеуметтік қамсыздандыру» бөліміне өтіңіз.
3.«Отбасыларды қолдау» бағытын таңдаңыз.
4.«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» қызметін таңдаңыз.
5.Қажетті мәліметтерді енгізіп, өтінішті толтырыңыз.
6.Өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойып, жіберіңіз.
Маңызды: Егер Сізге 1414 нөмірінен АӘК тағайындауға қатысты проактивті (автоматты) хабарлама келсе, ұсынысты SMS арқылы растау арқылы да өтініш бере аласыз.
2. Тараз қаласында офлайн өтініш беру
Тараз қаласының тұрғындары АӘК-ке қатысты өтінішті Мансап орталығы арқылы бере алады.
Мекенжайы: Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78.
Мансап орталығында құжаттарды қабылдау және жұмыспен қамту шараларын ұйымдастыру бойынша тиісті қызметтер көрсетіледі.
Қажетті құжаттар
Көптеген мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Сондықтан, әдетте, өзіңізбен бірге:
·жеке куәліктің түпнұсқасын алып бару қажет;
·егер мемлекеттік базада қажетті мәліметтер болмаған жағдайда, отбасы мүшелерінің құжаттары;
·балалардың туу туралы куәліктері;
·табыс көздерін растайтын мәліметтер қажет болуы мүмкін.
Өтініш қабылданғаннан кейін отбасының әлеуметтік және материалдық жағдайын бағалау мақсатында учаскелік комиссия отбасының тұрғылықты мекенжайына баруы мүмкін.
Комиссия отбасының тұрмыстық жағдайын зерделеп, тиісті тексеру актісін жасайды. АӘК тағайындау туралы шешім өтініш пен ұсынылған мәліметтерді қарау нәтижесінде қабылданады.
Ескерту: Құжаттар тізімі мен өтініш беру тәртібі қолданыстағы талаптарға байланысты өзгеруі мүмкін. Өтініш берер алдында өзіңізге қажетті құжаттардың нақты тізімін Мансап орталығынан немесе eGov.kz порталынан нақтылап алған жөн.
Мемлекеттік қызметті Жамбыл облысы, Тараз қаласы және аудандардың мемлекеттік архивтері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы №159 бұйрығымен бекітілген «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес көрсетеді.
Қызметті қалай алуға болады?
Мемлекеттік қызметті жеке және заңды тұлғалар ала алады.
Қызметті алу үшін арызды:
• Жамбыл облысының, Тараз қаласының және аудандардың мемлекеттік архивтеріне;
• «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына;
• eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.
Егер өтінішті eGov порталы арқылы берсеңіз, өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы немесе бір реттік SMS-парольдің көмегімен қол қоюға болады.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
Қызмет көрсету мерзімі — 11 жұмыс күніне дейін.
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған 10 соттық жер учаскесін алу кезегіңізді eGov.kz порталы арқылы онлайн тексере аласыз.
Ол үшін:
1.eGov.kz сайтына кіріңіз.
2.«Жылжымайтын мүлік» → «Жер қатынастары» бөліміне өтіңіз.
3.«Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдаңыз.
4.Авторизациядан өтіңіз.
5.Жүйе арқылы кезектегі нөміріңіз бен мәртебеңізді көре аласыз.
Сондай-ақ, жер учаскелері туралы ақпаратты Публичная кадастровая карта арқылы да тексеруге болады. Ол үшін ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өту қажет.
Тұрғын үй сертификатын алу үшін KEZEKTE.KZ — AMANAT сайты арқылы онлайн өтінім бере аласыз.
Өтінім бермес бұрын төмендегі құжаттарды алдын ала дайындап қойыңыз.
Ең алдыменбарлық құжаттар PDF форматында, сапалы сканерленген түрде болуы қажет.
Қажетті құжаттар:
1.Іріктеуден өткендігі туралы хабарламаның көшірмесі;
2.Соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама;
3.Соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама;
4.Жұмыс орнынан анықтама;
5.Жеке куәліктің көшірмесі;
6.Отбасы банкіндегі жинақ шотының көшірмесі;
7.Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ).
Маңызды!
Тұрғын үй сертификатын беру туралы өтінім мақұлданған жағдайда, сізге SMS хабарлама келеді.
Одан кейін:
1.Өз ЭЦҚ кілтіңізді пайдаланып, KEZEKTE.KZ — AMANAT сайтына кіріңіз.
2.Келісімге ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.
Келісімді 3 жұмыс күні ішінде басып шығарып алыңыз.
Тұрғын үй кезегінде тұрғаныңызды және кезектегі мәртебеңізді orken.otbasybank.kz порталы арқылы онлайн тексере аласыз.
Ол үшін:
1.orken.otbasybank.kz сайтына кіріңіз.
2.«Есепке қою мәртебесін тексеру» бөлімін таңдаңыз.
3.Өз ЖСН-іңізді енгізіңіз.
4.«Тексеру» батырмасын басыңыз.
Егер сіз тұрғын үй кезегінде тұрсаңыз, жүйеде:
·кезектегі мәртебеңіз;
·санатыңыз;
·есепке қойылған күніңіз;
·кезекке қатысты басқа да мәліметтер көрсетіледі.
Осылайша, тұрғын үй кезегіңіз туралы ақпаратты үйден шықпай-ақ, онлайн тексеріңіз.
Егер азамат өзіне тиесілі жер үлесін немесе жерге қатысты құқығын шаруашылық серіктестікке, өндірістік кооперативке немесе шаруа қожалығына берген болса, кейін ол сол ұйымнан шыққысы келсе, онда оның мынадай құқықтары бар:
Ол өз үлесін (оның ішінде жер учаскесін де) ұйымнан жеке бөліп алып кетуді талап ете алады немесе өз үлесінің ақшалай құнын алып, жердің орнына өтемақы алуды сұрай алады.
Бұл шешім ұйым мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданады.
Бірақ бір маңызды шектеу бар: егер ол жер кепілге қойылған болса (мысалы, несиеге байланысты банкке кепіл ретінде берілсе), онда ол жерді бөлу тек банктың (кепіл ұстаушының) келісімімен немесе сол қарыз міндеттемелерін сақтай отырып қана мүмкін.
Сонымен қатар: Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы мен мүшелері өз құқықтары мен міндеттеріне ие.
Егер олардың құқықтары бұзылса немесе олар жиналыстың шешімімен келіспесе, олар сол шешімді сот арқылы даулауға құқылы.
Қысқаша айтқанда:
адам өз жер үлесін кооперативтен алып шығуға немесе оның ақшасын алуға құқылы, бірақ егер жер кепілде болса — банк келісімі қажет. Ал келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге болады.
Қазақстандағы тұрғын үйге байланысты мәселелер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң арқылы реттеледі. Бұл заң азаматтардың мемлекеттен үй алу тәртібін, кезекке тұру шарттарын және тұрғын үйді бөлу ережелерін анықтайды.
«orken.otbasybank.kz» сайтына кіру арқылы санатқа жататындығын көруіне болады.
2024 жылғы 22 қарашадағы №138-VIII Заңға сәйкес, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді.
Осыған байланысты, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекке қою және тұрғын үй бөлу жұмыстары жергілікті әкімдіктерден алынып, бұл қызметтер «Отбасы банк» АҚ-ға берілді.
Алдағы уақытта азаматтар тарапынан тұрғын үй кезегіне тіркелу, кезекті тексеру және үй бөлу бойынша мәселелер туындаған жағдайда «Отбасы банк» АҚ-ға жүгіну қажет.
Егер азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген болса, оның кезекке тұрған жылы, санаты (мысалы: көпбалалы отбасы, жетім бала, мүгедектігі бар адам және т.б.) және ішкі санаты үй алу мүмкіндігіне әсер етеді.
Мемлекет тұрғын үй көмегін «Бірыңғай республикалық электрондық база» және «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесі арқылы бөледі. Үй кезегінде тұрған барлық азаматтардың құқықтары тең деп есептеледі. Бірақ басымдық кейбір әлеуметтік санаттарға беріледі.
Бірінші кезекте үй алуға келесі азаматтар құқылы:
– ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар
– жетім балалар
– көпбалалы отбасылар
– мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар
– І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар
– басқа да әлеуметтік осал топтар.
Сондай-ақ, Бірыңғай республикалық электрондық базада тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының және қандастардың құқықтары тең.
Сонымен қатар, Тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын беру туралы шешімді ұлттық даму институты мәртебесі бар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қабылдайды. Бұл шешім арнайы бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 44-бабының 6-тармақшасына сәйкес, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға берілген өтініштер арнайы кезекке қойылады. Жер учаскелері тек дайын бос аумақтар болған жағдайда және инфрақұрылымы (су, электр жарығы) бар жерлерде ғана беріледі.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжатына сәйкес, А. Асқаров көшесінің соңындағы және Хамукат алқабындағы аумақтарда жеке тұрғын үй салуға жер дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта бұрын ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылған жерлер мемлекет қажетіне қайтарылып, мемлекеттік меншікке өткізілді.
А. Асқаров көшесінің соңындағы аумақта жалпы 368,3 гектар жер бар, оның 46,4 гектары жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген. Бұл жерде инженерлік желілер (су, электр және т.б.) тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Хамукат тұрғын алқабында да инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл аумақтың жалпы көлемі 125 гектарды құрайды.
Инженерлік желілер толық аяқталғаннан кейін, 2006 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға осы екі аумақта жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелері кезек тәртібімен берілетін болады.
Жеке тұрғын үй құрылысына жер алу кезегін мына сілтеме арқылы көруге болады: https://map.gov4c.kz/egkn/
Тараз қаласында жер учаскелері тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі.
Жылу жүйесі (орталықтандырылған жылу немесе ыстық су) өшіп қалған жағдайда, ең бастысы – жылуды сақтап, үйдің қатты суып кетуіне жол бермеу.
Алғашқы шұғыл әрекеттер:
Ең алдымен, үйге жауапты қызметтерге хабарласыңыз: Пәтер иелері кооперативіне (ПИК/КСП), мүлік иелері бірлестігіне (МИБ/ОСИ), ал олар болмаса үй белсендісіне («үйдің үлкені») жүгіну керек.
Одан кейін жергілікті жылумен жабдықтау мекемесіне және «109» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, апаттың себебі мен оны қашан қалпына келтіретінін нақтылаңыз.
Егер жылумен жабдықтау мекемесі тарапынан жылу желілерінде апат тіркелмесе және уақытша өшіру жұмыстары жүргізілмесе, диспетчерлік қызметке өтініш қалдыру қажет. Мамандар мәселені тексеріп, тиісті жұмыстарды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының азаматтары алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) көрсететін медициналық ұйымды (емхананы) және учаскелік дәрігерді өз еркімен таңдай алады. Бұл таңдау тіркелу (прикрепление) қағидаты арқылы жүзеге асырылады.
Барлық Қазақстан Республикасының азаматтары, соның ішінде бала мен ересек адамдар, емхананы және учаскелік дәрігерді таңдау құқығына ие.
Емхананы немесе учаскелік дәрігерді ауыстыру үшін:
Тікелей медициналық ұйымға (емханаға) өтініш беру қажет немесе Электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тапсырыс жасау.
Қажетті құтаттар тізбесі:
- Жеке куәлік немесе төлқұжат;
Әрекеттер тәртібі
- Емхананы таңдаңыз (тұрғылықты жеріңізге қарай қызмет көрсету аймағы ескеріледі).
- Өтініш беріңіз (емханаға немесе eGov.kz арқылы).
Ескертпе: Емхананы ауыстыру әдетте жылына бір рет тіркеу науқаны кезінде жүргізіледі. Дегенмен, тұрғылықты жерін ауыстырған немесе нақты себептері бар азаматтар жоспардан тыс тәртіппен де ауыстыруға құқылы.
Мерзімдер мен қызмет құны
Қызмет тегін, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберінде жүргізіледі.
Өтініш берілгеннен кейін тіркеу рәсімі бір жұмыс күнде аяқталуы мүмкін.
Жиі кездесетін қателіктер
Жаңа учаскелік дәрігерге тіркелмей, ескі дәрігерге ғана жүгіну;
Тұрғылықты жерді растайтын құжатсыз өтініш беру;
Электрондық портал арқылы дұрыс емес емхананы таңдау.
Мысалы, Айжан Тараз қаласындағы емханадан Байзақ ауданындағы жаңа емханаға ауысқысы келеді. Ол eGov.kz порталында өтініш береді, мекенжайын көрсетеді, жаңа учаскелік дәрігерге тіркеледі және барлық қызметтерді МӘМС пакеті шеңберінде тегін ала алады.
Ал, Ермек ауылдан қалаға көшті. Ол тұрғылықты жерді растайтын құжатты көрсетіп, емхананы ауыстырады, учаскелік дәрігерге тіркеліп, жылдық тіркеу науқанына қатысуын күтпей-ақ қызмет ала бастайды.