Жиі қойылатын сұрақтар
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабына сәйкес, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 білім алушының бос орын болған және қабылдаушы жоғары оқу орнымен келісілген жағдайда, бір жоғары оқу орнынан екіншісіне, соның ішінде бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауысуға және қайта қабылдануға құқығы бар.
Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657
Аталған Қағидаларға сәйкес:
1. Ауыстыру және қайта қабылдау жазғы және қысқы демалыс кезеңінде жүзеге асырылады.
2. Білім алушы жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріліп жатқан бағдарламаның бірінші академиялық кезеңін толық аяқтағаннан кейін ауыстырыла алады.
3. Білім беру гранты бойынша оқитын студент білім беру гранты сақтала отырып, басқа жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына ауыстырылады.
4. Ауыстыру бос орындар болған кезде және қабылдаушы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының келісімімен жүзеге асырылады. Бұл ретте даярлық бағыты, білім беру бағдарламасының бейіні, оқу жетістіктері және академиялық адалдықты бұзу жағдайлары ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және әскери, арнаулы оқу орындарын (бұдан әрі – ӘАОО) қоспағанда, білім алушы қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) ауыстырылады немесе қайта қабылданады.
ӘАОО өз қызметін Заңның 5-1-бабына сәйкес бекітілетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.
Мысал:
Алматы қаласының тұрғыны С. есімді азаматша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орнында (Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты) білім алып жатқан ұлын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ведомстволық бағынысты ЖЖОКБҰ-ға мемлекеттік білім беру грантын сақтай отырып ауыстыру мүмкіндігі туралы сұрақпен жүгінді.
Азаматша С.-ға ӘАОО-дан ЖЖОКБҰ-ға (ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар, институттар және оларға теңестірілген ұйымдар (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) ауысуға қолданыстағы Қағидалардың талаптарына қайшы келуіне байланысты мүмкін еместігі түсіндірілді. ӘАОО-ның курсанты оқу орнын ауыстыру үшін әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты бұзып, әскери оқу орнынан оқудан шығарылуы және кейін азаматтық жоғары оқу орнына жалпы негізде қайтадан оқуға түсуі қажет.
«Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығының 31-тармағына сәйкес ғылыми тағылымдамадан өту үшін қабылдаушы шетелдік ұйымды ауыстыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына келесі растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті ұсыну қажет: қабылдаушы ұйымның жаңартылған шақыру хаты, жұмыс берушінің қолдаухаты, түсіндірме жазба және жаңартылған шығыстар сметасы.
Талап етілетін құжаттар ұсынылғаннан кейін өтініште көрсетілген мәселе Ғылыми тағылымдамадан өтуге конкурс жеңімпаздарының өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралатын болады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033308
Мысалы:
Мен, Қарлығаш, Columbia University университетінде (Америка Құрама Штаттары) ғылыми тағылымдамадан өтетін боламын. Ғылыми тағылымдамадан өту үшін шетелдік ұйымды (университетті) ауыстыра аламын ба?
Иә, «Ғылыми тағылымдама» бағдарламасы шеңберінде ғылыми тағылымдамадан өту үшін қабылдаушы шетелдік ұйымды ауыстыру мәселесін қарастыру мақсатында Сізге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына құжаттардың толық топтамасын ұсыну қажет.
Инновациялық гранттар берудің басым бағыттары «Инновациялық гранттар берудiң басым бағыттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № 339/НҚ бұйрығымен айқындалған.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021265
Мысалы, Астана қаласындағы А. деген азаматтың кәсіпорындағы өндірістік процесті автоматтандыруға бағытталған робототехника саласындағы инновациялық жобасы бар. Робототехника басым бағыттарға жатады ма және инновациялық грант алу конкурсына қатыса ала ма?
Иә, робототехника басым бағыттарға жатады, сондықтан азамат А. инновациялық гранттар берудің белгіленген қағидаларына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінім бере алады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P080000573 (бұдан әрі – Қағидалар) 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес «Атом саласының қызметкері» санаты бойынша үміткердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл, оның ішінде «Болашақ» стипендиясы шеңберінде академиялық оқу және тағылымдамадан өту үшін құжат тапсыру сәтінде таңдалған мамандану саласында соңғы 6 ай нақты жұмыс өтілі болуы тиіс.
Мысалы: Шығыс Қазақстан облысынан «Болашақ» стипендиясына үміткер университетті бітіргеннен кейін атом саласында 2 жыл 11 ай жұмыс істейді. Ол «Атом саласының қызметкерлері» санаты бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатыса ала ма?
Жоқ, ол конкурстық іріктеуге қатыса алмайды, өйткені Қағидаларда көрсетілген талап бойынша үміткердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуы тиіс.
Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін беруге арналған диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер кадрларды даярлау бағыттары немесе білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жұмыс істейді. Әдетте, диссертациялық кеңестер бірнеше білім беру бағдарламаларын қамтиды. Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереженің 20-1-тармағы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 126 бұйрығымен бекітілген) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929) нақты диссертациялық кеңес шегінде докторантураның білім беру бағдарламалары үшін аккредиттеудің болуын сақтау осы диссертациялық кеңестің барлық білім беру бағдарламалары үшін міндетті болып табылмайтынын көздейді. Сондықтан, диссертациялық кеңес, егер бұл диссертациялық кеңестің жалғыз бағдарламасы болмаса, аккредиттеу мерзімі өткен білім беру бағдарламасы бойынша докторантты қорғауға қабылдай алады.
Мысалы, Алматы қаласындағы университеттердің жанындағы диссертациялық кеңесте даярлау бағыты бойынша 4 білім беру бағдарламалары бойынша қорғаулар өтуде. Үш білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттеу осы диссертациялық кеңестің өкілеттігі аяқталғанға дейін жарамды. Төртінші білім беру бағдарламасы бойынша мамандандырылған аккредиттеу мерзімі аяқталады. Бірақ осыған қарамастан, диссертациялық кеңес осы бағдарлама бойынша диссертациялық жұмысты қорғауға құқылы.
Дәрежелерді беру қағидаларының 5-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006951) диссертация жазбай қорғауға шығу мүмкін. Бірақ бұл үшін докторант диссертацияның мазмұнына сәйкес келетін ғылыми бағыттардың бірі бойынша Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports мәліметтері бойынша импакт-фактор бойынша бірінші және (немесе) екінші квартильге кіретін басылымдарда кемінде екі мақала және бір шолу немесе үш мақала жариялауы керек. Мақалалардың бірінде докторант хат-хабар үшін бірінші автор немесе автор болуы керек.
Бұл ретте осы норма Clarivate Analytics компаниясының Web of Science дерекқорына кіретін Journal Citation Reports-та ғана журналдың индекстелуін анық көрсетеді. Scopus дерекқорында журналдың Сitescore бойынша процентилінің 50-ден жоғары (бірінші және екінші квартиль) болуы бұл жағдайда ескерілмейді.
Мысалы, Сіздің 2 мақалаңыз Clarivate Analytics компаниясының Web of Science дерекқорына кіретін Journal Citation Reports журналының бірінші квартиліне кіретін журналда жарияланған. Сіз корреспондент-автор болып табылатын үшінші мақала Сitescore 85% бойынша процентильмен ғылыми журналда жарияланған, яғни Scopus дерекқоры бойынша бірінші квартильге кіреді, бірақ Web of Science индекстелмеген. Сондықтан бұл мақала ескерілмейді. Сондықтан, мұндай жағдайда қорғауға шығу үшін Сізге диссертация жазу қажет болады.
«Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199 Заңына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000199 нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесі заңда және қордың жарғысында айқындалған құзырет шегінде қор қызметін ұйымдастыру бойынша негізгі шешімдерді қабылдайды.
Қордың Қамқоршылық кеңесінің құзыретіне, атап айтқанда: нысаналы капитал қорының (бұдан әрі – Қор) эндаумент-қорды қалыптастыруы және (немесе) толықтыруы арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындау, Қор жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, эндаумент-қор активтерін басқару және инвестициялау жөніндегі кәсіби әдеп қағидаларын бекіту, Қордың есепке алу саясатын бекіту, қаржы жоспарының орындалуын бақылау, басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды бекіту, эндаумент-қордың қайырымдылық бағдарламаларын бекіту және олардың орындалуын бақылау және т.б. жатады.
Сондай-ақ Қамқоршылық кеңес Қордың атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің сандық құрамын және өкілеттік мерзімін, оларды тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін айқындау туралы шешімдер қабылдайды. Қор қызметіне ағымдағы басшылықты Қамқоршылық кеңеске есеп беретін атқарушы орган жүзеге асырады.
Мысал:
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) Астана қаласының азаматы С.-дан өзінің кандидатурасын нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамына енгізу туралы сұрақ келіп түсті. Өтініш берушіге аталған мәселе Министрліктің құзыретіне кірмейтіні және оған нысаналы капитал қорына немесе оның Қамқоршылық кеңесіне тікелей жүгінуі қажет екені туралы жауап берілді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 17-тармағына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) өз құрылымын дербес әзірлейді және бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖЖОКБҰ қызметінің бағыттары мен түрлерін қамтиды.
Коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – КЕАҚ) нысанында құрылған ЖЖОКБҰ-да академиялық саясат жөніндегі міндеттерді тікелей іске асыратын ЖЖОКБҰ академиялық құрылымдық бөлімшелерді құру және тарату туралы шешімдер қабылдау директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қарағанды қаласындағы ЖЖОКБҰ-лардың бірінің оқытушысы М.-дан олардың ЖЖОКБҰ-да құрылымдық бөлімшелердің тым көп құрылғаны туралы шағым келіп түсті.
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ қызмет бағыттары мен түрлерін ескере отырып, өз құрылымын дербес әзірлейтіні және бекітетіні туралы жауап берілді. Өтініш беруші жұмыс істейтін ЖЖОКБҰ КЕАҚ нысанында құрылғандықтан, бұл мәселе директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жататыны түсіндірілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі № 157 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2500035921, ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органдарының нысандары ғылыми кеңес, әдістемелік кеңес (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік), ғылыми-техникалық кеңес және басқа да нысандар болып табылады.
Алқалы басқару органдары ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылады. Алқалы орган өз жұмысын оқу жылына (күнтізбелік жылға) бекітілген жұмыс жоспары негізінде оның міндеттеріне сәйкес жүзеге асырады, ол ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында орналастырылады.
Алқалы органның отырысында қаралған мәселелердің нәтижелері бойынша қатысып отырған мүшелердің көпшілік дауысымен Алқалы органның шешімі қабылданып, ол хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Отырыс хаттамасын алқалы органның хатшысы отырыстан кейін 3 жұмыс күні ішінде жасайды.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне С. азаматынан оқу-әдістемелік мәселелерді кім қарайтыны жөніндегі сұрақпен өтініш келіп түсті: ұйымның бірінші басшысы ма әлде ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органы қарай ма?
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ-да алқалы басқару органдары, оның ішінде ғылыми кеңес, әдістемелік кеңес, ғылыми-техникалық кеңес және өзге де алқалы органдар құрылуы мүмкін екені түсіндірілді. Аталған органдар ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылады және өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді қарайды.
Бұл ретте бірінші басшы мен ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің нақты бөлінуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, ЖЖОКБҰ жарғысымен және ұйымның ішкі құжаттарымен айқындалады. Осыған байланысты нақты мәселе бойынша құзыретті органды анықтау үшін тиісті ЖЖОКБҰ-ның жарғысын және ішкі актілерін басшылыққа алу қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қызметінің үлгілік қағидаларының 1-тармағына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657, аталған Қағидалар «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабы 10) тармақшасына сәйкес әзірленген және ЖЖОКБҰ-ның қызмет тәртібін айқындайды.
Осылайша, ЖЖОКБҰ қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңымен, ЖЖОКБҰ қызметінің үлгілік қағидаларымен, ЖЖОКБҰ жарғысымен және тиісті ұйымның ішкі құжаттарымен айқындалады.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне С. азаматынан әртүрлі ЖЖОКБҰ-ларда жекелеген ішкі рәсімдер мен қағидалардың неге өзгеше екені туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ қызметінің жалпы тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларымен айқындалатыны түсіндірілді.
Сонымен қатар нақты ЖЖОКБҰ қызметінің ерекшеліктері, оның ішінде жекелеген ішкі рәсімдер де, құрылымдық бөлімшелердің жұмыс тәртібі және ұйымдастыру мәселелері тиісті ұйымның жарғысымен және ішкі құжаттарымен, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуі шартымен айқындалады.