Жиі қойылатын сұрақтар
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z27 ақпараттандыру объектілерінің меншік иелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілерін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілде, орыс тілінде және қажет болған кезде басқа да тілдерде құруға және айналысқа шығаруға міндетті. Интерфейстің мемлекеттік тілде нұсқасының болмауы Заң талаптарын бұзу болып табылады.
Мысал:
Көкшетау қаласында ағылшын тілін үйрену курстарымен айналысатын ұйым өз интернет-ресурсын іске қосты. Бірақ интернет-ресурсқа барлық контентті ағылшын тілінде орналастырған. Бұл Қазақстан Республикасы заңнамасынның талаптарын бұзу болып табылады, себебі интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс. Ақпарат иесінің интернет-ресурсы басқа тілдердегі нұсқаларға да ие болуы мүмкін, бұл жағдайда – ағылшын тілінде.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде (бұдан әрі – Министрлік) «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЖББП АЖ) жұмыс істейді, ол жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде білім алушылар контингенті мен түлектер туралы мәліметтерді шоғырландыратын орталықтандырылған дерекқор болып табылады.
Заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерін ЖББП АЖ-мен интеграциялау мәселелерін Министрлік белгіленген тәртіппен, Министрліктің құзыретін, сұратылып отырған ақпараттық өзара іс-қимыл мақсаттарын, құқықтық негіздердің болуын, техникалық мүмкіндікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып қарайды.
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 1-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000418) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес және ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының (бұдан әрі – Интеграция қағидалары) 6-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016777), ақпараттандыру объектілерін интеграциялау «электрондық үкімет» веб-порталындағы сервистер тізілімінде интеграциялық сервис болған жағдайда жүзеге асырылады.
Интеграция қағидаларының 34-тармағына сәйкес сервис иесі «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтінімді қарау қажеттілігі туралы хабарлама алғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде сервиске қосуға арналған өтінім бойынша жауап жолдайды. Интеграциялаудан бас тартылған кезде уәжді жауап беріледі.
Өтінім сервис иесі тарапынан келісілген жағдайда оператор, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтінімді қарау қажеттілігі туралы хабарлама алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде сервиске қосуға (интеграциялауға) арналған өтінімді толықтығы және толтыру дұрыстығы тұрғысынан келісуді және тексеруді жүзеге асырады. Өтінімді тексеру нәтижесі теріс болған кезде оператор себептерін көрсете отырып, өтінімді пысықтауға жолдайды.
Осылайша, ақпараттық жүйелерді ЖББП АЖ-мен интеграциялау мәселелері құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық негіздер болған кезде белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда Министрлік ақпараттық жүйенің операторымен, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және өзге де мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Мысал:
Павлодар қаласындағы «А» ЖШС Министрлікке өзінің ақпараттық жүйесін ЖББП АЖ-мен интеграциялау мүмкіндігін қарау туралы ұсыныспен жүгінді. Министрлік өтінішті өз құзыреті шегінде қарап, интеграция мәселесін одан әрі қарау мүмкіндігін қолдады, өйткені «А» ЖШС-де ЖББП АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға құқықтық негіздер болды, ал ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келді. Одан әрі Smart Bridge интеграциялық платформасы арқылы интеграциялық сервиске қосылу бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы №196 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» (Бұдан әрі – Қағида) мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының 2 тарау 11-тармағына сәйкес заңды немес жеке тұлғаларға берілген аккредиттеу туралы куәліктің бұрын қағаз түрінде берілген нұсқасы жоғалған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 11-қосымшасына сәйкес нысанда Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» (бұдан әрі – ҰИЖ БТ) арқылы мемлекеттік қызмет көрсетушіге өтініш жолдайды.
Аккредиттелген субъектілер тізілімінде көрсетілетін қызметті алушы туралы мәліметтер болған кезде, көрсетілетін қызметті беруші (Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі – бұдан әрі Министрлік) бұрын белгіленген қолданылу мерзімін сақтай отырып, 5 (бес) жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы:
«Жалын» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) ұйымға берілген аккредиттеу куәлігінің қағаз нұсқасын жоғалтып алды. ЖШС Қағиданың 11-қосымшасы негізінде аккредиттеу куәлігінің жоғалуына байланысты, куәліктің сериясын (нөмірін) және жарамдылық мерзімін көрсете отырып өтініш берді. Министрлік келген өтінішке байланысты мәліметтерді тексеріп, ЖШС-нің аккредиттеу туралы куәлікті бұрын алғандығы нақтыланған соң, оның қолданылу мерзімін сақтай отырып аккредиттеу куәлігінің телнұсқасын берді.
«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 бұйрығының 5-қосымшасына сәйкес, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033613, өтінімнің аннотациясында жоба мақсатының, өзі зерттеуге бағытталған проблемалардың, зерттеулер жүргізудің негізгі тәсілдерінің, күтілетін нәтижелердің, зерттеулер нәтижелерінің ғылыми ұйымдардың және олардың ұжымының, ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуеті (оның ішінде – кадрлық) мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер ету деңгейінің, зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығының, яғни олардың коммерцияландыруға немесе Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуының өзекті міндеттерін шешу үшін өзге сапада қолданылуға әзірлігі деңгейінің қысқаша сипаттамасы қамтылады. Аннотация көлемі 600 сөзден аспауы керек.
Мысалы, Тараз қаласының университеттерінің бірі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға өтінім берді. Алайда өтінімді конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексеру кезінде «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» Акционерлік қоғамы өтінімді қабылдамады, себебі аннотация көлемі 900 сөзден астам болды.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ) сәйкес (бұдан әрі – Заң) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103, мемлекеттік бюджеттен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру конкурстық негізде гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нысанында жүзеге асырылады.
Заңның 36-бабына сәйкес гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті орган ұсынатын ғылыми аккредиттеу болған кезде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері (оның ішінде жеке тұлғалар) қатысуға құқылы.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсты өткізу тәртібі, мерзімдері мен рәсімдеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қарашадағы № 563 қаулысымен бекітілген, Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларында айқындалған.
Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жариялау жөніндегі ақпарат Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің (бұдан әрі – Комитет) сайтында орналастырылады.
Мысалы, Астана қаласының зерттеушісі К. жоспарланған жұмыстардың мақсаты, міндеттері, өзектілігі, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығын негіздей отырып, ғылыми, ғылыми-техникалық зерттеулерді ұсынатын, болжамды ғылыми-техникалық жұмыстың мазмұнын қамтитын, Арал теңізінің проблемаларын шешу үшін тасқын суларды бұру бойынша еріген суларды пайдалану жөніндегі ғылыми жобаны дайындады. Ол оны белгіленген тәртіппен Комитетке гранттық қаржыландыру шеңберінде конкурсқа қатысуға өтінім түрінде берді. Ұсынылған құжаттар жарияланған конкурстың конкурстық құжаттамасының талаптарына сәйкес келді және Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына берілді.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 43-1-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) академиялық және басқарушылық дербестікке ие. Атап айтқанда, олар оқу және әкімшілік процестерде қолданылатын білім беру технологияларын, цифрлық платформаларды, ақпараттық жүйелерді және өзге де құралдарды дербес айқындауға құқылы.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ЖЖОКБҰ-ларды үшінші тұлғалар немесе жеке тұлғалар әзірлеген нақты жеке IT-шешімдерді, платформаларды, сервистерді немесе жобаларды қолдануға міндеттей алмайды.
Сонымен қатар Министрлік келіп түсетін ұсыныстарды, жобалар мен бастамаларды белгіленген тәртіппен қарастыруға дайын. ЖЖОКБҰ тарапынан қызығушылық болған жағдайда, тиісті шешімдерді енгізу, тестілеу немесе пайдалану туралы шешім әрбір ұйыммен дербес қабылданады.
Жобаны ілгерілету үшін өтініш берушілерге ЖЖОКБҰ-лармен тікелей өзара іс-қимыл жасау, шешімнің функционалдық мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ қажет болған жағдайда қызығушылық танытқан ЖЖОКБҰ базасында пилоттық тестілеу жүргізу ұсынылады.
Мысал:
Алматы қаласының тұрғыны М. e-Otinish жүйесі арқылы Министрлікке өзі әзірлеген «AI University» цифрлық білім беру платформасын Қазақстан Республикасының барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына енгізу, сондай-ақ аталған платформаны пайдалану бойынша ұсынымдар жолдау туралы ұсыныспен жүгінді. Азамат М.-ге Министрлік тарапынан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына тікелей жүгіну қажеттігі туралы жауап берілді.
Технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттарды беру Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 365/НҚ «Технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттарды беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021367.
Мысалы, Қостанай қаласының А. азаматының ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық жобасы бар, оны коммерцияландыруды жоспарлап отыр. А. азаматына технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу үшін өтінім беріп, Қағидаларға сәйкес барлық қажетті құжаттарды «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамына жолдау қажет.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ) 36-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103 ғылым саласындағы уәкілетті орган «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес берілетін ғылыми аккредиттеу куәлігі болған жағдайда, гранттық қаржыландыру конкурсына ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері (оның ішінде жеке тұлғалар) қатысуға құқылы.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы, азамат А. Зерттеуші бола отырып, ғылыми аккредиттеу куәлігін алу мақсатында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын талаптар тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне өтінім береді. Ғылыми аккредиттеу туралы куәлікті алғаннан кейін азамат А. ғылыми жобаларды іске асыру үшін гранттық қаржыландыру конкурстарына қатыса алады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі №457 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400035119 бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес құжаттардың негізгі топтамасы – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктерге сайлануға өтінім және негізгі хат-хабарлар (сауалнама, ғылыми бағдарлама, еңбек тізімі, уәждемелік хат) тек қана мемлекеттік немесе орыс тілінде беріледі.
Баспа әдебиеті және ілеспе құжаттар (мысалы, патенттер, сертификаттар немесе шетелдік басылымдардағы мақалалар), егер оларға нотариалды куәландырылған аударма қоса берілсе, ағылшын немесе басқа шет тілінде рұқсат етіледі.
Мысалы: азамат А. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктеріне сайлануға арналған құжаттар топтамасын ұсынды.
Азамат А-ның құжаттары бірінші кезеңде (құжаттардың талаптарға сәйкестігін тексеру кезеңінде) белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіндіктен қабылданбады, себебі құжаттардың бір бөлігі (шетелдік басылымдардағы бірнеше мақала) нотариалды куәландырылған аудармасыз шет тілінде ресімделген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы №196 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» (Бұдан әрі – Қағида) мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының 2 тарау 6-тармағына сәйкес заңды тұлғалар атынан ұсынылатын ғылыми материалдардың жалпы саны 10-нан (оның ішінде құпия деген белгісі немесе қызмет бабында пайдалану үшін деген белгісі бар мақалаларды қоспағанда, халықаралық рецензияланған ғылыми журналдарда 1 (бір) мақала, Ресейлік ғылыми дәйексөз индексі индекстелетін ғылыми журналдарда және нөлдік емес импакт-фактормен басқа да халықаралық базаларда 2 (екі) мақала, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 4 (төрт) мақала, конференциялардың, форумдардың, съездердің, симпозиум, конгресстер материалдарында 2 (екі) мақала, монографиялар, оқулықтар, бірлік құралдар, әдістемелік құжаттар 1 (бір) дана) кем болмауы және қағиданың 8-қосымшасына сәйкес соңғы 5 жыл мерзімді қамтуы тиіс.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы:
«Прогресс» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) құжаттарын жинақтап ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтуге ұсынды, оның ғылыми мақалаларының жалпы саны 10-нан астам болды, бірақ тексеру нәтижесінде кейбір мақалалардың мерзімі жарияланған күннен бастап соңғы 5 жылдан асып кеткендігі анықталды. Ұсынылған ғылыми материалдардың талапқа сай келмеуіне байланысты, атап айтқанда жарияланым мерзімін (соңғы 5-жыл) қамтымауы себепті ЖШС-нің құжаттары кері қайтарылды.