Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 18 тамыздағы № 423 бұйрығымен бекітілген Апелляциялық комиссия туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 14-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033328 Апелляциялық комиссия Ұлттық ғылыми кеңес (бұдан әрі – ҰҒК) мүшелерінің жобалар (бағдарламалар) бойынша бағалау және дауыс беру рәсімін сақтамау мәселелерін қарайды. Ереженің 17-тармағына сәйкес конкурсқа қатысушылардың өтініштерін жұмыс органы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының ақпараттық жүйесінде www.is.ncste.kz сілтемесі бойынша жеке кабинетте көрсетілген ҰҒК шешімі қабылданған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Мысалы, Астана қаласындағы аккредиттелген университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім берді. Өтінімді қарау нәтижелері бойынша ҰҒК шешім қабылдады. Бұл ретте өтініш беруші ұйым жоба бойынша дауыс беру кезінде ҰҒК мүшелерінің белгіленген рәсімді сақтамағанын анықтады. Өтініш беруші ұйым ҰҒК шешімі қабылданған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде апелляциялық комиссияға жүгінді.
Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103 гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға өтінімдерді ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері береді.
«Жас ғалым» жобасы бойынша постдокторантураны гранттық қаржыландыру конкурсына және жас ғалымдар үшін гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа өтінімдерді бір мезгілде беруге жол беріледі. Бұл ретте конкурстық құжаттамаға сәйкес бір тұлға көрсетілген конкурстардың біреуінде ғана жобаның ғылыми жетекшісі бола алады.
Мысалы, Астана қаласындағы аккредиттелген университет «Жас ғалым» жобасы бойынша постдокторантураны гранттық қаржыландыру конкурсына өтінім беріп, оқытушы А.-ны жобаның ғылыми жетекшісі ретінде көрсетті. Кейін осы университет жас ғалымдар үшін гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа өтінім беріп, қайтадан оқытушы А. жобаның ғылыми жетекшісі ретінде көрсетілді. Бұл жағдайда оқытушы А. екі жобаның біреуінің ғана ғылыми жетекшісі бола алады. Сондықтан екінші өтінімде жобаның ғылыми жетекшісі ретінде конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін басқа тұлға көрсетілуге тиіс.
www.sozdikqor.kz порталы – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестері, қазақ тіліндегі көне сөздер, кірме сөздер, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. Sozdikqor.kz порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады.
Мысал:
Магистрант К. Sozdikqor.kz порталына қатысты сұрақ қойды: бұл порталдың ақпараты ресми көз болып табыла ма және ғылыми мақала жазу барысында оның материалдарына сілтеме жасай аламын ба?
Иә, Sozdikqor.kz порталы – қазақ тілінің кез келген сөзі туралы лингвистика тұрғыдан толық ақпарат алуға болатын бірыңғай цифрлық жүйе. Осыған байланысты Sozdikqor.kz порталынан алынған мәліметтерді ғылыми жұмыстарда пайдалануға болады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабына сәйкес, бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісі немесе оның уәкілетті өкілі бірқатар құқықтарға ие (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z155).
Атап айтқанда, бақылау субъектісі заңнамада көзделген жағдайларда, соның ішінде бақылау шарасын жүргізу құқығын растайтын қажетті құжаттар болмағанда, белгіленген хабарландыру мерзімдері сақталмағанда немесе бақылау жүргізу мерзімдері асқанда, бақылау органының лауазымды тұлғаларын бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге жібермеуге құқылы.
Бұдан басқа, бақылау субъектісі егер мәліметтер мен құжаттар бақылау нысанына жатпаса, оларды бермеуге, сондай-ақ бақылау органынан бақылау шарасын жүргізуге байланысты ақпарат пен құжаттарды алуға құқылы.
Мысалы, егер бақылау органының лауазымды тұлғалары тексеру жүргізу үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) келсе, бірақ:
- құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды немесе тексеруді тағайындау туралы актіні;
- тексеру парағын;
- қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
- құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын (қажет болған кезде) көрсетпесе, ЖЖОКБҰ оларды тексеруге жібермеуге құқылы.
Сол сияқты, ЖЖОКБҰ жүргізіліп жатқан тексерудің нысанына жатпайтын құжаттар мен мәліметтерді бермеуге құқылы.
Бұл ретте, лауазымды тұлғаларды тексеруге жібермеу құқығын іске асыру тек Кәсіпкерлік кодексінде көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Осылайша, ЖЖОКБҰ мемлекеттік бақылау органының заңды талаптарын орындауға міндетті ғана емес, сонымен қатар бақылау шарасын жүргізу барысында өз заңды мүдделерін қорғауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 148-бабына сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z148).
Микрокәсіпкерлік субъектілері үшін – 5 жұмыс күнінен аспауға және 5 жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс;
Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын бақылау мен қадағалау субъектілері үшін – 15 жұмыс күнінен аспауға және он 15 күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуға тиіс.
Бұл ретте, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу мерзімдері қажет болған жағдайларда ғана (Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу; бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау; зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу) тек 1 рет ұзартылуы мүмкін.
Мысалы, егер жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына бару арқылы профилактикалық бақылау 1 қыркүйекте басталса, оны жүргізу 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Мерзімді ұзартуға негіздер болған жағдайда, профилактикалық бақылау тағы ең көп дегенде 15 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) негізінде докторантурада педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын тәртіппен жұмыс өтеуге міндетті.
Мысал: Мен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша «Физика мұғалімін даярлау» мамандығы бойынша докторантураны аяқтаймын. Қанша жыл және қандай ұйымдарда жұмыс өтеуім қажет?
Оқуды аяқтағаннан кейін Сіз меншік нысанына қарамастан, кез келген білім беру ұйымдарында 3 (үш) жыл жұмыс өтеуге тиіссіз.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) негізінде авиациялық мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын тәртіппен жұмыс өтеуге міндетті.
Мысал: Менің қызым 2027 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша «Авиациялық техника және технологиялар» мамандығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) аяқтайды. Ол мемлекеттік грант бойынша қанша жыл жұмыспен өтеуге тиіс?
Сіздің қызыңыз ЖЖОКБҰ-дағы оқуын аяқтағаннан кейін 5 (бес) жыл жұмыс өтеуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, дербес жұмысқа орналасу құқығын беру, өтеу міндетінен босату немесе өтеу міндетін тоқтату қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 33-тармағына сәйкес, https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 Қазақстан Республикасы азаматтарын өтеу міндетінен босату «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағына сәйкес Жас мамандарды және философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор даярлау бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен беріледі.
Мысал: Алматы қаласының тұрғыны М. азаматы биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша «Жалпы медицина» мамандығы бойынша университетті аяқтайды және резидентураға ақылы негізде түсуді жоспарлап отыр. Ол резидентураға ақылы негізде түскен жағдайда өтеу міндетінен босатыла ма?
Қағидаларға сәйкес, резидентураға ақылы негізде түскен жағдайда М. азаматы мемлекеттік грант бойынша оқуына байланысты өтеу міндетінен босатылмайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, жұмыспен өтеу міндетінен босату немесе оны тоқтату қағидаларының 33-тармағына сәйкес (бұдан әрі-Қағида), жұмыспен өтеу міндетінен босату Қазақстан Республикасы азаматтарына «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағында көзделген Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен жүзеге асырылады.
Мысал: Менің ұлым биыл мемлекеттік білім тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік білім тапсырысы) негізінде «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша университетті аяқтайды және шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына түсуді жоспарлап отыр. Шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына түскен жағдайда ол жұмыспен өтеу міндетінен босатыла ма?
Қағидаларға сәйкес, ұлыңыз шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына оқуға түскен жағдайда, оған магистратурадағы оқуын аяқтағанға дейін жұмыспен өтеу міндетін орындау мерзімі кейінге қалдырылады. Магистратураны аяқтағаннан кейін ұлыңыз кейінге қалдыру мерзімі аяқталған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей өтеу міндетін орындауға кірісуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, дербес жұмысқа орналасу құқығын беру, өтеу міндетінен босату немесе өтеу міндетін тоқтату қағидаларының 33-тармағына сәйкес, жұмыспен өтеу міндетінен босату Қазақстан Республикасы азаматтарына «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағында көзделген Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен беріледі.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291
Мысал: Менің ұлым биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік білім тапсырысы) негізінде «Экономика» мамандығы бойынша университетті аяқтайды және ақылы негізде немесе мемлекеттік білім тапсырысы бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отыр. Магистратураға түскен жағдайда ол өтеу міндетінен босатыла ма?
Ұлыңыз магистратураға ақылы негізде немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түскен жағдайда, оған магистратурадағы оқуын аяқтағанға дейін жұмыспен өтеу міндетін орындау мерзімі кейінге қалдырылады. Магистратураны аяқтағаннан кейін Комиссияның шешімімен ол жұмыспен өтеу міндетінен босатылады.