Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі
Б.Т. Сұлтановтың халықпен есептік кездесуге тезистері
2021 жылғы 22 маусым, сағ. 11.00
Қадырменді қауым,
бүгінгі кездесудің қатысушылары!
Бүгін біз өз жұмысымыздың қорытындылары мен жетістіктерімізбен таныстыру үшін жиналып отырмыз.
Өздеріңіз білетіндей, COVID-19 пандемиясы экономикамыздың осалдығын көрсетті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің төмендеуі экономиканың көптеген секторларына, соның ішінде сауда саласына да кері әсерін тигізді.
Дегенмен, 2021 жыл экономикалық көрсеткіштердің өсуінен басталды. Ішкі сауда саласының, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуі біртіндеп қалпына келуде.
Біздің жұмысымыздың нәтижелері және Министрлік қызметінің келесі бес негізгі бағыты бойынша алдағы жоспарлар туралы толығырақ баяндауға рұқсат етіңіздер.
1-слайд.
Бірінші бағыт: Ішкі сауда
Карантиндік шектеулерді қабылдау салдарынан сала көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі аясында, біз ішкі саудадағы белсенділіктің біртіндеп қалпына келуін атап өтеміз.
2021 жылдың 5 айында ішкі тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға өсті.
Төтенше жағдай кезінде біз енгізуге мәжбүр болған қатаң карантин сауда және басқа да нысандардың толық тоқтауына әкелгені белгілі.
Осы кезеңде біз сауда айналымының 1 трлн. теңгеден астамын жоғалттық. Алайда, бүгінгі көрсеткіштердің маңызды сипаттамасы, біз ағымдағы жылдың бес айында 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткіштен 0,5 трлн. теңгеге алда тұрмыз.
Сауда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымында шамамен 14,7% үлесі бар экономиканың негізгі саласы болып табылады. Пандемия нәтижесінде сауданың үлесі азайды, сондықтан қазір оның дамуына ерекше көңіл бөлінуде.
2020 жылы нақты көлем индексі 2019 жылмен салыстырғанда 14,4 п.т. төмендеп, 92,7%-ды құрады.
Бірақ, алғашқы 5 айда алдын ала деректер бойынша қалпына келтіру байқалады және саудада нақты өсу өткен жылмен салыстырғанда +6,7 п.т. құрады.
Саланың өсу серпініне халықты жаппай вакцинациялау нәтижесінде карантиндік және шектеу шараларының әлсіреуі оң әсер етеді.
Мұны әлемдік сарапшылардың болжамдары растайды.
ХВҚ болжамы бойынша 2021 жылы вакцинациялау қарқыны бойынша шамамен 50% вакцина алған халық үлесі бар көшбасшы елдерде, экономиканың 5,7% деңгейінде өсуі күтілуде. Сонымен қатар, халықтың төрттен бір бөлігінен аспайтын бөлігі вакцина алған дамыған елдерде экономика ағымдағы жылы 3,3% деңгейінде өседі деп күтілуде.
Қазақстанда да осындай жағадай, ХВҚ болжамы бойынша бізде 3,2%-ға экономикалық өсім күтілуде. Егер халық белсенді вакцинацияланатын болса, онда тиісінше бізде жалпы экономиканың және сауданың өсу қарқыны өседі.
Өткен жылғы бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары сауда саласындағы төмендеуді едәуір дәрежеде жоюға мүмкіндік берді.
Мәселен, 2020 жылы елдегі төтенше жағдай кезінде өңірлердің әкімдіктері 473 сауда орталықтары мен 337 базармен шағын және микробизнес субъектілері үшін жалдау ақысын босату және төмендету бойынша жұмыс жүргізді.
Карантиндік және шектеу шараларына қарамастан, 2020 жылы саудаға жалпы сомасы 181,7 млрд.теңге инвестиция тарту мүмкін болды.
Жыл басынан бері біз инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай жандануын көріп отырмыз.
Мәселен, ағымдағы жылдың 5 айында саудаға инвестициялар 142 млрд. теңгені құрады, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінен 20,1%-ға артық (2020 жылы – 117,4 млрд. теңге) және 2019 жылдың деңгейінен асып түсті (2019 жылы – 127,8 млрд. теңге).
Сауда саласы халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады. Саланың қалпына келуі жұмысшылар санының өсуіне әкелді.
Тек 1 тоқсанда жұмыспен қамтылғандар саны 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 20,8 мың адамға және 2019 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 57,3 мың адамға өсті.
Қазір саудада шамамен 1,5 млн.адам (1 млн. 456 мың адам) еңбек етеді – бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған халықтың 16,6%-ы.
2-слайд.
Министрліктің міндеті – өндірістік-өткізу тізбегінің барлық қатысушыларының: өндірушілер мен трейдерлердің, логистер мен тасымалдаушылардың, сатушылардың және соңында, тұтынушылардың мүдделерінің теңгерімін қалыптастыру.
Бұл теңгерімді қамтамасыз ету үшін барлық процестерді нақты үйлестіру, көрсетілген тізбектің барлық буындарындағы ойыншылардың еркін және ашық бәсекелестігі қажет.
Тек осы жағдайда сауда жүйесі сөрелерде әділ, негізделген және болжамды баға қалыптастыруды қамтамасыз ете алады.
Мұндай қағидаларды бұзу пандемияның әсеріне байланысты осы проблемаларды ашты. Бұл соңғы бір жарым жыл ішінде азық-түлік бағасының өсуіне әкелді.
Үкімет дер кезінде әрекет етуге тырысты және Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі Жол картасын қабылдады, онда үш жүйелі міндетті шешу шаралары айқындалды:
1) нарықты тауарлармен молықтыру;
2) қатысушылардың үйлесімді өзара іс-қимылы;
3) инфрақұрылымды дамыту арқылы барлық жұмысты жүйелеу (бұл туралы кейінірек айтамын).
Үйлесімсіздіктің жарқын мысалы - картоп және оның жетіспеушілігі, бұл проблема соңғы екі аптада пайда болды. Солтүстікте күзгі картоп таусылып, оңтүстікте жаңа өнім жиналған кезде нарықтағы теңгерімсіздік уақтылы өңіраралық ағынмен реттелуі керек.
Оның ішінде, егіс кезеңінде тұтыну үшін қажетті тауар көлемін белгілі бір өңірдің форвардтық сатып алуы – брондауы есебінен.
Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың ресурстары бар.
Нарықты жүйелі түрде молықтыруға жоғары сұранысқа ие тауарларды өндіру мен қайта өңдеуді ынталандыру шаралары да ықпал етеді – бұл салалық мемлекеттік органның міндеті және ол Жол картасында көрсетілген.
Сауда саласында жүргізіліп жатқан барлық құрылымдық өзгерістердің басты мақсаты – еркін бәсекелестікті, тауарлардың кедергісіз өтуін, сауда ағындарының, бірінші кезекте азық-түліктің үздіксіздігі мен болжамдылығын қамтамасыз ету. Бұл міндеттерді Елбасы мен Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктердің алдына қойды.
Бүкіл жүйені дұрыс күйге келтіру ойыншылар арасындағы ауытқуларды реттейді және әділ баға қалыптастырады.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан нарықтық экономика қағидаттарында дамып келеді. Ол жеке меншік, еркін кәсіпкерлік және нарықтық баға қалыптастыру сияқты негізгі қағидаттарға негізделген.
Ерекше жағдайларда нарыққа араласудың мәжбүрлі әкімшілік құралы – шекті бағаларды белгілеу қолданылады. Біз оған өткен жылы пандемия басталған кезде жүгінуге мәжбүр болдық.
Сол кездегі дүрлікпе толқынында бағалар бүкіл әлемде көтерілді. Бұл шаралар іске асты: біз ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алдық, тапшылыққа жол бермедік.
Вакциналаудың арқасында Қазақстанда да, әлемде де экономикалық белсенділік біртіндеп қалпына келтірілуде. Енді басты міндет – нарық салауатты бәсекелестікке және теңгерімді баға қалыптастыруға оралуы.
Барлық процестердің ашықтығы қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын құру арқылы қамтамасыз етіледі.
3-слайд. Сауда инфрақұрылымы
Біз өткен жылдан бастап Ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды қоғаммен, фермерлермен, сауда желілерімен кеңінен талқылаудамыз.
Бұл процеске жеке сектор тартылғанын ескере отырып, инвестордың бастамасы ұзақ уақыт бойы мемлекеттік органдарда сараптамадан өтті. Тек қазір ғана біз МЖӘ шартына қол қою кезеңіне шығудамыз.
ҰТЖ 24 көтерме-тарату орталықтарынан тұратын болады. Жобаның бірінші кезеңінде – 7 объекті.
Олар:
- 4 сақтау КТО. Ақсу және Мичурино қалалары ауданында (Павлодар облысы) картоп пен сәбіз қабылдау үшін. Ал Қапшағай (Алматы облысы) және Шу (Жамбыл облысы) қалалары ауданында пияз қабылдау үшін.
- 3 КТО тарату бойынша. Нұр–Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында – жергілікті бөлшек сауда желілеріне, интернет-дүкендерге және басқа да көтерме сатып алушыларға өнім жеткізу үшін.
Ұлттық тауар өткізу жүйесі экожүйесінің негізгі бөлігі бірыңғай ақпараттық жүйе болады.
Ол тауар ағындарының ашықтығын қамтамасыз етуге, ішкі нарықта тауарларға сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Министрлік сауда-өткізу тізбегін модельдеу бойынша аналитикалық платформаны құру үстінде. Ол бізге өндіріспен байланысты жағдайды, өңірлердегі тұтыну бойынша болжамдарды, қандай да бір өнімнің артықтығын немесе тапшылық тәуекелін және баға белгілеу процесін көруге мүмкіндік береді. Аталған ақпарат қажет болған жағдайда барлық қатысушылардың мүдделері үшін нарықты теңгерімдеу бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
***
Мемлекеттің экономикалық саясаты сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын әділ нарықтық баға белгілеуге бағытталғанын тағы да айтып өткім келеді.
Бұл тұрғыда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің міндеті – Қазақстан азаматтарын қауіпсіз және сапалы тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету.
4-слайд.
Екінші бағыт: тұтынушылардың құқықтарын қорғау
2020 жылы қазақстандықтардың 20 мыңнан астам шағымы қаралды (2019 жылға қарағанда 3,5 есе көп). Шамамен 250 млн. теңге қайтарылды.
Мысалы, Бек Эйр әуекомпаниясына бастамашылық жасалған талап арыздар бойынша жалпы сомасы 110 млн.теңгеден асатын 1,7 мыңнан астам тұтынушының құқықтары қорғалды.
2021 жылдың басынан бері 6 мыңнан астам өтініш қаралып, тұтынушыларға 70 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Шағымдардың ең көп саны көлік, бөлшек сауда, тұрмыстық және туристік қызметтер саласындағы қызметтердің сапасына келеді.
Осыған байланысты, тұтынушылардың экономикалық мүдделерін қорғау және жәрдемдесу үшін 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулердің 1-ші топтамасы қабылданды.
Нәтижесінде тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы тетігі, «мемлекеттік» бақылау енгізіліп, кәсіби мамандар арасынан құқық қорғаушылар тізімі қалыптастырылды.
Сонымен қатар, тұтынушылардың проблемаларын қарау мәртебесі Үкімет жанындағы Ведомствоаралық кеңеске дейін көтерілді.
Заңнамалық өзгерістер бізге қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қоймай, бизнесті тұтынушылардың талаптарын «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша қанағаттандыруға ынталандырды.
5 ай ішінде 153 тұтынушының мәселелерін сотқа дейінгі тәртіпте жедел шеше алдық.
Бұған ағымдағы жылы «бір терезе» – «е-Тутynushy» қағидаты бойынша іске қосылған шағымдарды қабылдаудың ақпараттық жүйесі де ықпал етті.
Бүгінгі таңда аталған платформа салалар бөлінісінде, даудың мәні, қарау субъектілері тұрғысынан тұтынушылық шағымдарды бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл, өз кезегінде, түрлі талдамалық деректерді қалыптастыруға, азаматтардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларында жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы біз «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулердің 2-топтамасы тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге кірістік. Ол құқық қолдану практикасында әртүрлі түсіндірмелері бар құқықтық олқылықтарды, анық емес нормаларды жоюды көздейді. Тұтынушылардың өз құқықтарын, ал бизнестің өз міндеттерін түсінуін қиындататын олқылықтар әлі де бар.
Пандемия электрондық коммерцияда құқықтарды қорғауды жетілдіру қажеттілігін көрсетті.
Тек 2020 жылы Министрлікке интернет-дүкендердің іс-әрекеттеріне және онлайн-қызметтердің жосықсыз көрсетілуіне 689 адам шағыммен жүгінді. Қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушыларға 13,2 млн. теңге қайтарылды.
2021 жылдың бес айында 556 қазақстандық жүгінді, оларға 7 млн.теңге қайтарылды.
Осыған байланысты, Тұжырымдама жобасында электрондық сауда тұтынушыларының құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған жеке бөлім көзделген. Электрондық саудаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады.
Барлық ниет білдірушілерге аталған тұжырымдаманың жобасын талқылауға қатысуды ұсынамын. Ол Министрліктің сайтында жарияланды.
Осы бағыттағы кешенді жұмыс азаматтық қоғамды тұтынушылардың құқықтарын қорғау процесіне неғұрлым белсенді тартуды қамтамасыз етеді деп күтіледі. Кәсіпкерлерді тауарлардың сапасын және бизнесті жүргізу мәдениетінің деңгейін арттыруға ынталандыратын болады. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай тұтынушылардың өз құқықтарын қорғаумен қанағаттануын 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
5-слайд.
Үшінші бағыт: Техникалық реттеу
Стандарттау және сертификаттау жүйелері де өнім сапасы айналымының өсуін ынталандыруға арналған.
1 шілдеден бастап Техникалық реттеу туралы жаңа заң күшіне енеді.
Заңмен нарықты қадағалау институты құрылады, ол «анықтау - сынау – нарықтан алып тастау» схемасы бойынша жұмыс істейді.
Зертханалық сынақтар жүргізу үшін қауіпсіз емес өнімдердің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.
Бұл ретте, өнімді онлайн - сертификаттау және аккредиттеу ақпараттық жүйелері арқылы қадағалайтын болады.
Кейіннен электрондық сертификаттар Еуразиялық экономикалық комиссияның жалпы процестерімен интеграцияланатын болады.
Жаңа енгізілімдер Техникалық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Бизнес-қоғамдастық пен тұтынушыларды жаңа заңнама туралы хабардар ету мақсатында жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 100-ден астам іс-шара өткізілді, оның ішінде брифингтер, телеарналарда сөз сөйлеу, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар.
Осылайша, бизнес-қоғамдастықтың техникалық реттеу және метрология саласында жаңа тәсілдерді енгізуге жоғары дайындығы байқалады.
Министрлік заманауи зертханалық базаны дамытуға аса көңіл бөледі.
Ағымдағы жылдың ішінде Қазақстанда бірнеше бірегей зертханалар аккредиттелді.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында саудадағы өзара техникалық кедергілерді жою үшін құрылған биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасы ашылды. Ол «Бір белдеу, Бір жол» зертханаларының тізіміне енгізілген және ҚХР-да аккредитация алуды жоспарлап отыр.
Алдағы жылдары университет тағы екі зертхананы аккредиттеуге дайындады. Біреуі – жемшөп пен сүтті зоотехникалық талдау. Екіншісі – шикізат пен тамақ өнімдерінің тағамдық қауіпсіздігі.
Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлер аталған зерттеулерді шетелде жүргізген болатын.
Ағымдағы жылы техниканың әртүрлі түрлерінің қауіпсіздігін сынайтын электромагниттік үйлесімділік бойынша сынақ зертханасы – Эхо-камерасыз (БЭК) жұмыс істей бастады, ТМД-да БЭК аналогтары жоқ.
Қазақстанда осындай зертханаларды ашу қазақстандық бизнеске уақыт және қаржылық шығындарды кем дегенде 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, зертханалардың болуы контрафактілік және қауіпcіз емес айналымды қоспағанда, импорттық өнімді сынауды уақтылы және жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Цемент өнімдерін өндірушілер мен «Сапа ИнтерСистем» сынақ зертханасының арасындағы ынтымақтастық Қазақстандағы алғашқы, толығымен жинақталған цементті сынау зертханасын құруға алып келді. Бұл ішкі нарықты қауіпсіз емес және сапасыз өнім импортынан қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге отандық өндірушілер үшін өткізу қамтамасыз етілетін болады.
6-слайд.
Төртінші бағыт: Экспорт
COVID-19-дан туындаған экономикалық және әлеуметтік толқулар әлемдік саудаға қатты әсер етті. Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНКТАД деректері бойынша 2020 жылы халықаралық сауда көлемі
9%-ға қысқарды: тауарлар саудасы – 6%-ға және қызмет көрсету саудасы – 16,5%-ға төмендеді.
Осы жағдайда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2020 жылы 13%-ға (85 млрд.$ дейін), тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізаттық емес экспорты – 13,5%-ға (20,4 млрд.$ дейін) төмендеді.
7-слайд. Карантиндік шектеулер мен жеткізу тізбегіндегі іркілістер азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныстың 20%-ға ($56,7-ден $45,5 млрд.$-ға дейін) төмендеуіне әкелді.
Сонымен қатар, локдаундар ауыл шаруашылығы тауарларының саудасына аз деңгейде әсер етті. Елдердің базалық азық-түлік өнімдерін дүрлікпе сатып алуы қазақстандық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 18,1%-ға ($1,1-ден $1,3 млрд.$-ға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Ішкі нарықтың тұрақтылығын және экспорттың болжамды көлемін қамтамасыз ету үшін біз көршілес елдермен (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және РФ) маусымаралық және егін жинау кезеңінде картоп, пияз, сәбіз және қырыққабатты өзара жеткізу бойынша форвардтық шарттар жасасуды жоспарлап отырмыз.
Жаппай егін жинау кезеңінде біз көрші елдерге шамамен 765 мың тонна көкөніс жеткізе аламыз. Бұл ретте, біздің нарық 280 мың тонна импорттық ерте көкөністермен уақтылы қамтамасыз етілетін болады. Нәтижесінде осы өнімдерге баға ауытқуының күтілетін серпіні 7-10% дәлізінде болады.
Жалпы алғанда, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюына Министрлік жүргізіп отырған проактивті экспорттық саясат ықпал етеді.
Біз экспортты 13,5 млрд.$-ға ұлғайту болжамымен өнімнің 16 басым түрін айқындадық.
Әрбір экспорттаушымен біз шын мәнінде «бетпе-бет» жұмыс жасаймыз.
Осылайша, бір екі апта бұрын Министрлік Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Елшілігімен бірлесіп «Халал» ет өнімдерінің қазақстандық өндірушісі – «Первомайские деликатесы» компаниясына экспорттық кедергіні алып тастауға көмектесті (мүшеленбеген тұтас сиыр еті мен қой еті, шұжық өнімдері, еттен жасалған жартылай фабрикаттар: қуыруға арналған шұжықтар, сиыр етінен жасалған стейктер, котлеттер).
Компания Катарға жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты және бірінші партия Катардағы барлық импорттық процедуралардан еш қиындықсыз өтті.
Бірақ екінші партия кеденде белгісіз себептермен тұрып қалды.
СІМ өкілдерімен бірге біз осы мәселені пысықтадық және бизнес келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындай алды.
Қазір қазақстандық «Первомайские деликатесы» компаниясының өнімдері Катарда сатылады.
8-слайд. Қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ге жуық белсенді экспорттаушы бар. Біздің міндетіміз алдағы 3-4 жылда олардың санын 1000-ға дейін жеткізу.
Бұл үшін экспорттаушыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оның негізгі міндеті – қарқынды экспорттық дамуда ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету және жаңа нарықтарға шығуға дейін сүйемелдеу.
Өткен жылы біз Қытай бағытын таңдап, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын оқыттық.
500-ге жуық компания қатысуға өтінім берді, олардың ішінен, неғұрлым жоғары экспорттық әлеуеті бар 35 өндіруші іріктелді.
Бүгінгі күнге жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша шамамен 167 млн.$ сомасына 18-ге жуық әлеуетті келісімшарт бар.
Сонымен қатар, акселерация барысында біз ШОБ экспортының негізгі проблемасына – өндіріс көлемінің жеткіліксіздігіне тап болдық.
Атап айтқанда, Қытай компанияларының ет өнімдеріне, өсімдік майларына, тұздықтарға және тұзға сұранысы қазақстандық қатысушылардың ағымдағы мүмкіндіктерінен 4 есе асып түседі.
Мысалы, Luqioa Food Company (Шаньдун ауданы) ірі компаниясының мұздатылған сиыр етіне жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 70 мың тонна, құрғақ түйе сүтіне – 16 тонна. Сондықтан бұл фактор ықтимал өндіріс көлемінің өсуіне әкелуі керек.
Бизнес-миссияларды өткізу экспортты ұлғайтуға ықпал етеді.
2020 жылдың ақпан айынан бастап Душанбе қаласындағы алғашқы бизнес-миссияның қорытындысы 4 локомотив, электр-трансформаторды жеткізуді қоса алғанда, 81 млн.$ арналған 5 келісім мен меморандумға қол қою болды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдайы қолайлы елдерде тағы 9 сауда миссиясын өткізу жоспарланып отыр.
9-слайд.
Мысалы, өтемақы Бельгияға зығыр мен рапсыны, ал Жапонияға металлургиялық өнімдерді жеткізуге көмектесті.
***
Басым экспорттық өнімді жеткізудің оңтайлы нұсқаларын жолға қою мақсатында біз трансшекаралық хабтарды қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастадық.
Қазіргі заманғы трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда негізгі «өсу орталықтары» Қытаймен шекарадағы Қорғас торабы және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» ХСЭЫО болады. Осындай орталықтар Қырғызстан және Ресей шекарасында құрылатын болады.
Осылайша, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік осьтері бойынша тауарлар, жүктер мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздерде үйлестіру қамтамасыз етілді.
Экспорттаушылар жеңілдетілген кредиттер мен экспорттық сақтандыру алады. Осылайша, KazakhExport шамамен 300 млрд.теңгеге 200-ден астам экспорттаушының келісімшарттарын сақтандырды.
Қазақстанның Даму Банкі арқылы 370 млрд. теңгеден астам сомаға 170 экспорттаушы жеңілдетілген кредит алды.
Сонымен қатар, депутаттар арасында шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі ұлттық институттардың тиімділігі мәселесі көтерілді.
KazakhExport экспорттық-кредиттік агенттік функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының сақтандыру ұйымынан тұратын жалғыз мамандандырылған сақтандыру ұйымы болып табылатынын атап өту керек (28 ішінен).
Ол өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындарына және екінші деңгейдегі банктерге сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру арқылы қорғауды ұсынады.
KazakhExport жарғылық капиталының ұлғаюы шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуіне тікелей әсер етеді. Осылайша, 105,1 млрд. теңге мөлшерінде қалыптастырылған жарғылық капитал 326,3 млрд.теңге сомасында экспорттық түсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді немесе тиімділік 3-тен 1-ін құрады.
10-слайд. Экспорттық бағыттарды кеңейту және дамыту үшін интернет-сауданың кең мүмкіндіктері белсенді пайдаланылады.
2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы электрондық сауда нарығы 2,5 есе ұлғайды және оның көлемі шамамен 1 трлн. теңге жетті.
Министрлік ЕАЭО аумағында трансшекаралық сауданы реттеуді қоса алғанда, оны одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
ЖОО студенттері мен кәсіпкерлік субъектілері арасында сауаттылықты арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты, электрондық бизнеске көшу ерекшеліктері мен оны әрі қарай ілгерілетуге үйрететін білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Өткен есептік кездесуде мен халықаралық сауда алаңдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге уәде бердім, бүгін осы мәселе бойынша есеп бергім келеді. Үш ірі сауда интернет алаңы бойынша біз келіссөздердің бірнеше раундын өткіздік. Нәтижесінде біз ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қазақстандықтарға Амазон, Озон және Ибэй сияқты интернет алаңдарында сауда жасауға рұқсат берілді. Ал бұл біздің кәсіпкерлер үшін әлемнің 190-нан астам елімен сауда жасау мүмкіндігі.
Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап Alibaba интернет платформасында тауарлар экспортын ілгерілетуде отандық өндірушілерге белсенді қолдау көрсетілуде. Қазірдің өзінде платформада «Алтын жеткізуші» ретінде жұмыс істейтін 100 отандық компания 45 млн.$-ға экспорттық келісімшарттар жасады. Олардың ішінде «Арал тұз», «Еуразиан фудс», «Агро продакт», «Ақтөбе биф» және «Саумал» сияқты компаниялар бар.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ағымдағы жылдың 15 маусымынан бастап Alibaba.com шығару үшін жаңа 50 компанияны іріктеудің келесі кезеңі басталғанын хабарлаймын. Ол 15 шілдеге дейін жалғасады.
Министрлік export.gov.kz Бірыңғай экспорттық портал базасында Digital-export архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастады.
ОА елдерінің сауда рәсімдерін жеңілдету және оларды цифрлық форматқа көшіру мақсатында Еуропалық Одақпен және халықаралық сауда орталығымен бірлесіп Ready4Trade Central Asia 4 жылдық жобасы іске асырылуда.
Нәтижесінде трансшекаралық талаптардың ашықтығы артады, нормативтік және рәсімдік кедергілер жойылады. Сауда формальдылықтарын сақтау қамтамасыз етіледі, трансшекаралық сауданың көлемі ұлғаяды.
11-слайд.
Бесінші бағыт: Интеграция
Экспортты ілгерілетуді тежейтін факторлардың бірі кедергілер болып табылады.
Сауда бірлестіктеріне қарамастан, халықаралық сауда протекционизм саясатына және елдердің өзара шектеу шараларын қолдануына ұшырайды.
Бұл мәселеде Министрліктің миссиясы сауда дипломатиясының құралдарын қолдану арқылы отандық бизнестің ұлттық мүдделерін қорғау болып табылады.
Бүгінде нақты кейстер бар. Біздің кәсіпкерлер өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптарды орындаудан (техрегламенттерде кірістірілгеннен басқа) және сәйкестікті бағалаудың қосымша рәсімдерін жүргізуден босатылған. Сонымен бірге, ЕАЭО аумағы арқылы жүктерді тасымалдау кезінде оларға ішкі тарифтер ұсынылады. Бұл қазақстандық экспорттаушыларға Қазақстанның экспорттық қоржынының ассортиментін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді (2010 ж.669-дан 2019 ж. 1452-ге дейін).
Украина қазақстандық азот және минералды тыңайтқыштарға қатысты қорғау шараларын қабылдаған жоқ. Бұл біздің компанияларымызға дәстүрлі өткізу нарығына экспортты жалғастыруға және 2020 жылы 39,0 млн.$ (189,5 мың тонна) өнім жеткізуге мүмкіндік берді.
Саудадағы техникалық кедергілерді алып тастау құралдарының бірі ЕАЭО мен ТМД-да бірыңғай стандарттарды қолдану болып табылады.
Ол біздің өнімдерімізді ТМД елдеріне кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз осындай МЕМСТ әзірлеуді 2 есеге жуық ұлғайтуға арналған бағдарлама қабылдадық (104-тен 200-ден кем емес).
Бүгінде бие мен түйе сүтіне МЕМСТ әзірленуде. Жоспарда жылқы еті, жент, ет консервілері және т.б. сияқты Халал және ұлттық өнімдер бойынша МЕМСТ сериялары бар.
Жалпы, Министрлік қызметінің басынан бері 120 млн.$-нан астам сомаға 19 кедергіні алып тастауға қол жеткізілді.
Ағымдағы жылы біз өзіміз үшін тағы 8 сезімтал кедергіні бағаладық.
Оларды жою бизнес шығындарын 1 млн.$-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағалау көрсеткіштері, нақты әсері әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Бұдан басқа, осы жылдың 1 шілдесінен бастап сауда қызметі туралы Заңға түзетулер күшіне енеді.
Енді біздің әріптес елдердің нарықтарында кедергілер анықталған жағдайда, жауап шараларын енгізуге құқығымыз болады.
Азаматтардың ЕАЭО елдері арасында еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Covid-19-сыз саяхаттаймын» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Инновацияның мәні – коронавирустың болмауын тестілеу нәтижесін қосымшаға жүктеуге болады.
Осылайша, ковидсіз адамның электронды паспорты жасалады.
Осы 2 жыл ішінде тағы бір үлкен жұмыс жүргізілді. Мәселен, ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді және ЕАЭО мен ДСҰ органдарында 200-ден астам отырыс өткізілді.
ЕАЭО органдарының 1 400 актісі қабылданып, ішкі нарықты қорғау шаралары бойынша 100-ге жуық нотификация ДСҰ-ға жіберілді. Сербиямен, Иранмен және Сингапурмен еркін сауда аймақтары туралы келісімдер жасалды.
Бұл елдер қазірдің өзінде біздің тауарларымызды жеткізу үшін жеңілдетілген жағдайларды ұсынады.
Жалпы алғанда, Министрлік осы заманауи сауда жүйесін дамыту және экспорттық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты ұлғайтып, 41 млрд.$ көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.
12-слайд.
Сауда қызметін цифрландыру
Министрлік өткен жылы сауданы цифрландыру бағдарламасын іске қосты.
Бүгінде 7 жоба іске асырылуда. «Е-Тутynushy», сертификаттау және аккредиттеудің ақпараттық жүйелері және export.gov.kz Бірыңғай экспорттық портал сияқты жоғарыда айтылған жобалармен қатар Тауарлардың Ұлттық каталогы және Сауда бойынша аналитикалық платформа сияқты жобалар бар.
Аталған бастамалар мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жақсартуға және қоғамға ашық және айқын ақпарат ұсынуға бағытталған. Жыл соңына дейін аталған бастамаларды іске қосу жоспарланып отыр.
***
Құрметті достар!
13-слайд. Министрлік барлық күш-жігерін сауда процестерін жаңғыртуға және халықтың өмірін сапалы жақсартуға бағыттайды.
Сондықтан, біз онлайн-қабылдау, Министрдің блогы, электрондық үкімет порталы және әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен және бизнеспен ашық қарым-қатынас орнаттық.
Facebook-те бейнеконференция арқылы бизнеспен кездесулер де өткіземіз.
Біз әрдайым бизнестің, тұтынушылар мен қоғамның мүдделерін қорғауды белсенді жалғастыратын боламыз.
Назарларыңызға рақмет.