Маңғыстау түбегінің жер асты байлықтарын барлау өткен ғасырдың елуінші жылдарында басталды. Содан, геологтар мен барлаушылардың алғашқы легі Жетібай жеріне бірте-бірте табан тіреді. Олардың алғашқы үйлері – жертөлелер.
Барлау – бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай кенорнынан тұңғыш мұнай бұрқағы атты. Кенорынды игеру мақсатында жан-жақтан геолог, барлаушы, бұрғышы, мұнайшы мамандар ағылып келіп, олардың қоныстану арқасында жаңа Жетібай ауылы пайда болды. Ауылға «жұмысшы поселкесі» мәртебесі беріліп, стратегиялық жоспарлар жасалды. Балабақша, мектеп, емдеу орындары, клуб, монша, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, әлеуметтік нысандар мен басқарушы органдары үшін қызметтік ғимараттар салынды. Сөйтіп, сол 1961-де поселке құрылып, ол: алғашында – Шевченко ауданына (орталығы – Форт-Шевченко қаласы), 1964-1968 жылдары Шевченко қаласына, 1973 жылға дейін Өзен ауданына (орталығы Жаңаөзен қаласы), одан әрі – Ералиев (кейіннен Қарақия) ауданына қарады.
Поселкелік Кеңестің алғашқы төрағасы болып 1961-1973 жылдары Жайлиев Сұлтан қызмет етті. Одан кейінгі жылдарда: Оспанов Бейсенғали (1973-1978), Нақуов Бөлекбай (1978-1980), Ысықпаев Алпан (1980-1983), Ікаев Мұңалбай (1983-1985), Ыбыраев Аманхан (1985-1988), Жаңбыров Ерімбет (1988-1992) төрағалық етті.
Тәуелсіздік алғасын атқарушы билікке әкім лауазымы енгізілді. Содан соң Тәжібаев Ерлан (1992-1997), Семғалиев Тезекбай (1997-1999), Жаңабаев Бақтығали (1999-2007), Асанов Қуаныш (2007-2013), Нұғыманов Айсағали (2013-2015), Асанов Қуаныш (2015-2022) әкім болды. 2022 жылы Елбаев Нұрхат әкімдікке сайланды.
Жетібай: Қарақия ауданының орталығы Құрықтан – 70, облыс орталығы Ақтаудан – 90, мұнайшылар қаласы Жаңаөзеннен – 70, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден – 60 шақырым қашықтықта жатыр. Осы ауыл арқылы: Атырау, Ақтау, Жаңаөзен, Құрық елді мекендері бағытында заманауи талаптарға сай асфальт жолдар өтеді. Сондай-ақ, Жетібай арқылы: Бозашы мұнайын Ақтау қаласымен жалғастыратын «Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен» құбыры, «Қазтрансойл» АҚ магистральді су таратқышы өтіп жатыр.
Ауылда халық саны – 12932 адам (2024 жыл бойынша). Онда: 2552 аула, 1903 үй бар. Экономикалық белсенді халық саны – 5947. Мемлекеттік және әлеуметтік мекемелерде – 1126, кәсіпкерлік салада – 279 адам бар. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 259, студенттер саны – 433 адам. Ауыл электр желісімен, газбен, орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған. Жетібайдың асфальті бар, грейдері бар, жол мәселесі түбегейлі шешілмек.
Білім беру. Ауылда: әрқайсысы 624 орындықтан үш орта мектеп және 300 орындық 1 бастауыш мектеп бар. Олардағы бала саны – 3403 оқушы бар. Жетібайдағы алғашқы білім ұясы - №3 мектеп. Ғимараты 1977 жылы пайдалануға берілген. Күрделі жөндеуден 2006 жылы өтті. № 4 мектеп 1965 жылы орыс тілінде оқытатын болып ашылған.
Тоқсаныншы жылдары толық қазақ тіліне көшті. 2013 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударды. № 8 оқу ордасы 1968 жылы № 3 мектептен орталау түрінде бөлініп шығып, жүре келе орта мектепке айналды. 2005 жылы жаңа ғимаратқа көшті.
Ауылда Ө.Қалманбетұлы атындағы балалар өнер мектебі жұмыс жасайды. Бұл өнер ордасы үшін 2011 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ы демеушілік жасап, жаңа ғимарат салынған. Осы мектептің жанынан «Ауылым» аула клубы құрылып, онда 11 үйірме жұмыс жасап тұр.
2021 жылы бұрынғы колледжден босаған ғимараттан Оқушылар шығармашылық орталығы ашылды.
2011 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қолдауымен 180 орынға лайықталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда 350-ге жуық балалар мен жасөспірімдер спорттың алты түрімен айналысуда.
Ауылда қазіргі таңда 280 орындық 2 және 160 орындық 1 мемлекеттік бөбекжай бақша, 90 орындық 1 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме бар. 3 жастан бастап балалар толық қамтылып отыр.
Денсаулық сақтау. Ауылда 150 орынға келіп-кетуге арналған емхана және 75 төсектік аурухана жұмыс істеп тұр. Жетібай ауылдық ауруханасына 2023 жылы барлығы 253,0 млн теңге қаражатқа қазіргі заманауи бірнеше медициналық апараттар сатып алынды, соның ішінде жедел-жәрдем /скорый/ автокөлігіде бар.
Ағымдағы жылы аталған ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, жоба құны – 899,5млн теңге. Ауыл тұрғындарының көптен көтеріп жүрген ұсыныс сауалдары ескеріліп, осы жөндеу жұмыстарының аясындажедел саты /лифт/ орналастырылатын болады.
Сондай-ақ қазіргі таңда ауыл тұрғындарын облыс орталығына жібермей, аурухананың өзінде науқастарға оталар /операция/ жасалынып келеді.
2023 жылдың тамызынан осы күнге дейін жасалған оталар саны – 71. Аурухананың кредиторлық берешегі – 136,0 млн теңге болатын бүгінгі күні барлығы толыққанды жабылды.
Сонымен қатар «Ақ ниет» жекеменшік медициналық орталығына қазіргі таңда - 2707 адам тіркелген және «Али - Мед» жекеменшік медицина орталығына – 3150 адам тіркелген, аталған ұйымдар ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Шағын және орта бизнес саласында ауыл бойынша 4 мейрамхана, 3 көлік жөндеу орталығы, 4 автобөлшектер дүкені, 11 қоғамдық тамақтану орны, 2 жанар-жағармай құю бекеті, 5 газ құю бекеті, 3 жем сату цехы, 1 мал базары, 9 көлік жуу орталығы, 140-дай сауда объектілері бар. Кәсіп ашушыларға жер телімі ауылдың бас жоспарына сәйкес аукцион арқылы беріледі.
Жануарларды сәйкестендірудің жүйелік базасына32 шаруа қожалығы тіркелген, ауылдағы және шаруа қожалықтарындағы мал саны: мүйізді ірі қара - 193 бас, қой, ешкі – 6197 бас, түйе – 1818 бас;, жылқы –1906 бас, құс - 473 бас.
Кешегі кеңес жылдарында Жетібайда: Барлау-бұрғылау конторы, Ұлутас өндіру бірлестігі, автоөлік кәсіпорны және түйе өсіретін «Ботагөз» атты совхоз болған. Тәуелсіздік келгесін олардың қай-қайсысы да нарықтық өзгеріске түсіп, жеке меншікке айналды. Жылдар өте келе тұрғындар оған да үйреніп қалды.