Жиі қойылатын сұрақтар
1)ҚР Заңының 3-бабының 24) тармақшасына сәйкес,өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда тапсырыс берушiмен жасасқан шартта оның тарапы ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;
2)Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікке еркіндік, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, соның ішінде мемлекеттік реттеу және кәсіпкерлікті қолдау сияқты құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктер бары анық. Мұнда кәсіпкерлік субъектілері ретінде шетелдік заңды тұлғалар (олардың филиалдары мен өкілдіктері) де қарастырылады.
3)Осылайша, Қазақстан Республикасының резидент еместері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға қатыса алады.
Асфальтбетон жабынының қалыңдығын, тығыздығын және сапасын бақылау Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау аспаптық өлшеулер жүргізу, сынамалар (керндер) алу және зертханалық сынақтар өткізу арқылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы тарапынан қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес көлік құралдарының қозғалысын шектеу жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, қозғалыс төтенше жағдайлар туындаған кезде, ауа райы жағдайларының күрт нашарлауы барысында, сондай-ақ жол-құрылыс, жөндеу, қалпына келтіру және автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу кезеңінде уақытша шектелуі мүмкін.
Азаматтарды жеке қабылдау жүгіну кезектілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Келесі санаттағы азаматтар кезектен тыс қабылданады:
• Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
• Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеңілдіктері бойынша теңестірілген ардагерлер;
• басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
• еңбек ардагерлері;
• мүгедектігі бар адамдар;
• жүкті әйелдер;
• «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерімен марапатталған тұлғалар.
ЭЦҚ - бұл сіздің жеке деректеріңізге және мемлекеттік қызметтерге кіруге мүмкіндік беретін маңызды құрал. Оны қауіпсіз сақтау - сіздің жауапкершілігіңіз.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін келесі ережелерді сақтаңыз:
1.ЭЦҚ-ны ешқашан ашық түрде электрондық пошта арқылы жібермеңіз.
Электрондық пошта бұзылып, сіздің ЭЦҚ ұрлануы мүмкін.
2.ЭЦҚ-ны бөгде немесе бейтаныс компьютерлерге көшірмеңіз.
Мұндай құрылғыларда зиянды бағдарламалар болуы ықтимал.
3.ЭЦҚ-ны жеке компьютерде сақтамаңыз.
Қолтаңбаны сыртқы тасымалдағышта (мысалы, USB-флешкада) сақтау қауіпсізірек.
4.Күрделі құпиясөз орнатыңыз және оны ешкімге бермеңіз.
Құпиясөзіңізді үшінші тұлғаларға жариялау ЭЦҚ-ны заңсыз пайдалануға жол ашады.
ЭЦҚ-ны қорғау - жеке деректеріңіздің және электрондық қызметтердегі қауіпсіздігіңіздің кепілі.
Мүгедектігі бар адамға жеке көмекшінің қызметтерін алу жеке абилитация және оңалту бағдарламасының (бұдан әрі-АОЖБ) негізінде жүргізіледі. Мүгедектігі бар адам АОЖБ негізінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) өтініш береді. Өтініш ХҚКО-да тіркелгеннен кейін мүгедектігі бар адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде жеке көмекшінің қызмет көрсетушісін таңдайды (егер мүгедекте компьютер және басқа құралдар болмаса, онда ол осы мәселені шешуге көмектесетін консультанттары бар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіне алады) Әлеуметтік қызметтер порталында жеке көмекшінің қызмет көрсетушісін таңдағаннан кейін мүгедек жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға шарт жасасады.
"Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету" қызметі Мемлекеттік қызмет болып табылады. Ол қызмет көрсетуге бөлінеді: стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау және уақытша болу жағдайында. Мемлекеттік қызметті қызмет алушы әлеуметтік қызметтер порталында Aleumet.gov.kz ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен дербес ала алады немесе тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына жүгіне алады.
Құрылыс жұмыстарын бастау және жүргізу үшін қажет негізгі рұқсат құжаттарының тізімі:
1. Жер учаскесіне құқықты растайтын құжаттар (қаулы/шешім, жер актісі, меншік құқығы туралы куәлік немесе жалдау шарты);
2. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ);
3. Эскиздік жоба;
4. Инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттар;
5. Жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) және сараптама қорытындысы;
6. Құрылыс-монтаж жұмыстарының (ҚМЖ) басталғаны туралы талон-хабарлама.
Жер учаскесіне құқық eGov.kz порталы арқылы рәсімделеді. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) жобалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажет. Жерге құқықты растайтын құжаттар негізінде беріледі. Қызмет онлайн режимде www.elicense.kz және www.gov.ggk.kz сайттары арқылы қала/аудан әкімдігімен көрсетіледі. Қарапайым объектілер үшін көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні, күрделі объектілер үшін – 17 жұмыс күні, негізделген бас тарту – 5 жұмыс күніне дейін. Қызмет тегін. Құжаттар толық болмаған немесе дұрыс толтырылмаған жағдайда, себептері көрсетілген негізделген бас тарту беріледі. Ескертулерді жойғаннан кейін қайта өтініш беруге болады.
Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін орналастыру үшін:
1.Жолды пайдалануға жауапты органға өтініш беру.
2.Жол қауіпсіздігі талаптары мен стандарттарға сәйкестікті қамтитын жарнамалық құрылымды орнатуға техникалық шарттар мен келісімдер алу.
3.Қауіпсіздікті ескере отырып жарнаманы жобалау (белгілер мен жолдың басқа элементтерінің көрінуіне кедергі келтірмеу, жүргізушілерді алаңдатпау).
4.Алынған рұқсаттар мен нормаларға сәйкес жарнамалық құрылымды орнату.
Орналастыру процесінде заңнаманың, атап айтқанда, "жарнама туралы" ҚР Заңының және сыртқы жарнама объектілерін орналастыру ережелерінің талаптарын сақтау маңызды.
"Скрининг"- бұл әртүрлі аурулардың ерте сатысында дамуын, сондай-ақ олардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын анықтау және олардың алдын алу мақсатында клиникалық симптомдары мен шағымдары жоқ халықты медициналық тексеру кешені. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 29 шілдедегі № 71 бұйрығында скринингтік бағдарламалар белгілі жас және нысаналы топтарда ауруларды ерте анықтауға бағытталған. 40–76 жастағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларын ерте анықтау мақсатында кешенді скринингтен өтеді. 40–76 жастағы әйелдер қосымша сүт безі обырына, ал 30–74 жастағы әйелдер жатыр мойны обырына скринингтік тексеруден өтеді. 50–76 жастағы ерлер мен әйелдер колоректальды обырды ерте анықтау үшін, ал осы жастағы ерлер инсульт даму қаупін бағалау үшін скринингтен өтеді. В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтауға арналған скрининг тәуекел топтарына жүргізіледі. Оларға инвазивті процедуралармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, операцияға дайындалып жатқан пациенттер, онкология, гематология, трансплантология және гемодиализ бөлімшелеріндегі науқастар, жүкті әйелдер және АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтар жатады. Скринингтің мақсаты — В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.