Құрылым
Шекара қызметі
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекара кеңістігінде заңдылық пен белгіленген тәртіпті сақтау мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде суасты ортасында) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады.
Сыртқы барлау қызметі
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыртқы барлау қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентін және Үкіметін, мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын саяси, қаржылық-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда шешімдер қабылдау үшін барлау ақпаратымен қамтамасыз ету мақсатында барлау қызметін жүзеге асыратын және үйлестіретін ведомствосы болып табылады.
Үкіметтік байланыс қызметі
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік органдарында, ұйымдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында басшылықты және үкіметтік байланыспен қамтамасыз ету мен шифрлау жұмысын ұйымдастыруды жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында үкіметтік байланысты қамтамасыз ететін уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы шифрлау қызметінің орталық органы болып табылады.
«А» Арнаулы мақсаттағы қызметі
"А" Арнаулы мақсаттағы қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады. Бөлімше терроризм актілерін және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке аса қауiптi қол сұғушылықты тыю үшiн құрылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тәртіппен ұлттық қауіпсіздік органдары өткізетін жедел-жауынгерлік және өзге де іс-шараларға қатысады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.
Авиациялық қызметі
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарында авиациялық қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады.