Жиі қойылатын сұрақтар
Жүкті әйелдерде тұмау ауруы мен оның асқынуының даму қаупі жоғары. Жүктіліктің бірінші триместрінде тұмаумен ауыру қауіпті, себебі дәл осы кезеңде баланың ішкі мүшелері қалыптасады. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босану және тіпті түсік тастау қаупі бар. Сондықтан сырқаттанудың белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақтылы қаралу қажет.
Тұмау және оның асқынулары әркім үшін қауіпті, алайда 5 жасқа дейінгі балалар, қарттар, сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар (жүрек, өкпе және бүйрек аурулары, метаболизмнің бұзылуы, неврологиялық дамудың бұзылуы, бауыр мен қан аурулары) және иммунитеті төмен адамдар үшін ең үлкен қауіп тудырады (АҚТҚ/ЖҚТБ, химиотерапия немесе стероидты емдеу және қатерлі ісіктерге байланысты).
Тұмаудың асқынуы негізінен бактериялық инфекцияның қосылуымен байланысты. Тұмаудан кейінгі ең көп таралған асқынуларға пневмония, ринит, синусит, бронхит, отит, жүрек және қан тамырлары аурулары (миокардит, перикардит), сонымен қатар жүйке жүйесінің асқынулары (менингит, менингоэнцефалит, энцефалит, невралгия, полирадикулоневрит) жатады. Тұмау кезінде созылмалы аурулар асқынатынын есте ұстаған жөн.