Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Әлеуметтік Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес мемлекеттік Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі -АӘК) - жан басына шаққандағы орташа айлық кірісі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек.
Кодекстің 120, 121, 122-баптарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Адамдардың (отбасылардың) атаулы әлеуметтік көмекке шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түрінде құқығы бар.
Шартсыз ақшалай көмек:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға:
Кодекстің 207-бабы 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты;
2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартты ақшалай көмек жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз еңбекке қабілетті адамдарға, сондай-ақ отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар кірісі аз отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) қажет болғанда әлеуметтік бейімдеу кезінде көрсетіледі.
Әлеуметтік келісімшарт жасасу шартты ақшалай көмек тағайындаудың міндетті талабы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 бұйрығымен бекітілген АӘК алуға үміткер адамдарға (отбасына) жиынтық табысты есептеу қағидаларының негізінде АӘК есептеу кезінде еңбекақы, кәсіпкерлік қызмет, әлеуметтік төлемдер, балаларға алимент және басқа да кірістер түрінде алынған кірістер ескеріледі.
«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығының 2-тарауының 4-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы болмаған жағдайда - кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінеді.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат алу үшін, атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ Астана қаласының Мансап орталығына жүгіну қажет.
Азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Электрондық өтініш» бөлімі арқылы беруге немесе Астана қаласы Бейбітшілік-9 көшесі мекенжайында орналасқан «Мансап орталығына» хабарласуға болатынын хабарлаймыз.
Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысатын азаматтарды қорғауға бағытталған нақты ережелер қолданылады.
Бұл алаяқтық пен аяқталмаған құрылыс нысандарының алдын алу мақсатында енгізілген.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңына сәйкес, азаматтардың қаражатын тартудың тек үш заңды тәсілі бар:
- Бірыңғай оператордың кепілдігі арқылы
Бұл – ең қауіпсіз тәсіл.
Бірыңғай оператор (мысалы, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ) үй құрылысының аяқталуына мемлекеттік кепілдік береді.
Тіпті құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, мемлекет жобаның аяқталуын қамтамасыз етеді.
- Екінші деңгейлі банктің қатысуымен
Бұл жағдайда құрылыс банктің бақылауымен жүргізіледі.
Банк құрылыс салушыны, жобаны, құжаттарды тексеріп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Бұл да үлескер үшін белгілі бір деңгейде қорған бола алады.
- Ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін
Құрылыс салушы тек ғимараттың қаңқасы (каркасы) тұрғызылғаннан кейін ғана үлескерлердің қаражатын тартуға құқылы.
Бұл жобаның шынайы бар екенін көрсетіп, тәуекелді азайтады.
Тыйым салынады:
Кез келген басқа жолдар — заңсыз және азаматтарға ешқандай мемлекеттік қорғау бермейді, тіпті олар тартымды көрінсе де:
- «Пәтерді брондау шарты»
- «Инвестициялау туралы шарт»
- «Резерв жасау туралы шарт»
- «Талап ету құқығын беру» және т.б.
Мұндай келісімдер бойынша сіз үлескер мәртебесін алмайсыз, сондықтан қаражатыңызды жоғалту қаупі өте жоғары.
Кеңес:
- Құрылыс салушыны әкімдік арқылы тексеріңіз;
- Құрылыс салушыдан оператордың кепілдігі немесе банк серіктесі бар ма — соны сұраңыз;
Ресми схемаларға қатысы жоқ ешқандай құжатқа қол қоймаңыз.
ОСИ (мүлік иелерінің бірлестігін) құру тұрғындардың жалпы жиналысын өткізуден басталады. Осы жиналыста олар үйді басқаруды ОСИ арқылы жүзеге асыруды қалайтындарын және ұйымның жарғысын қабылдауды шешуі керек. Жарғы — ОСИ-дің қызметі қандай тәртіппен жүзеге асырылатынын айқындайтын негізгі құжат.
Шешім қабылданғаннан кейін ОСИ-ді тіркеу үшін ЦОН-ға келесі құжаттарды дайындап тапсыру қажет:
- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекіткен нысандағы өтініш;
- ОСИ құру туралы шешім қабылданған тұрғындардың жалпы жиналысының хаттамасы;
- ОСИ жарғысы (немесе үлгі жарғысы);
- Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек (1 АЕК мөлшерінде).
Барлық құжат тапсырылғаннан кейін әділет органдары тіркеу жүргізеді, содан кейін ОСИ заңды тұлға мәртебесін алады. Тек содан кейін ғана ол үйді ресми түрде басқарып, шарттар жасасуға, үйді күтіп-ұстау мен жөндеуге қаражат жинауға және өзге де маңызды мәселелерді шешуге құқылы болады.
Сондай-ақ мынаны білу маңызды:
егер үйде 30 пәтерге дейін болса — тұрғындар қарапайым серіктестік түріндегі басқару нысанын таңдай алады;
ал егер 16 пәтерге дейін болса — тікелей басқару нысаны мүмкін.
Тұрғын үй ауласында шлагбаум орнатуға болады, бірақ бұл бірнеше шарттарды сақтауды талап етеді.
Біріншіден, бұл шешімді пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің 50%-дан астамы қолдауы тиіс. Дауыс беру тұрғындардың жалпы жиналысында немесе үйді басқару кеңесі (МИБ немесе қарапайым серіктестік) арқылы өткізіледі.
Екіншіден, шлагбаум тек үйге бекітілген жер учаскесінің шекарасы шегінде орналасқан аулалық аумақта орнатылуы мүмкін.
Жалпы пайдалану жолдарына орнатуға тыйым салынады — бұл «Жол қозғалысы туралы» заңда тікелей көрсетілген.
Өрт қауіпсіздігі талаптары да міндетті түрде сақталуы керек:
- Шлагбаум арнайы техниканың (өрт сөндіру, қоқыс шығару және басқа да қызмет машиналарының) өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс;
- Қыс мезгілінде дұрыс жұмыс істеуі және қардан тазартылып тұруы қажет;
- Ғимараттар мен құрылыстар аумағына кіреберісте орнатылатын шлагбаумдар, қақпалар мен қоршаулар арнайы техниканың өтуіне кедергі келтірмейтіндей болуы тиіс. Олар:
- арнайы құралдарды қолданбай қолмен ашылуы;
- немесе тәулік бойы кезекшілік атқаратын тұрақты пост арқылы ашылып тұруы қажет.
Бұл талаптардың орындалуын мемлекеттік өртке қарсы бақылау қызметі қадағалайды.
Шлагбаум орнатпас бұрын міндетті түрде:
- Тұрғындар жиналысының шешімін (хаттамасын) алыңыз;
- Алаңның сіздің үйге (кондоминиумға) тиесілі екеніне көз жеткізіңіз;
- Аудандық әкімдік пен өртке қарсы қызметпен кеңесіңіз.
Егер тұрғындарды қоқыс контейнерлерінің орналасқан жері (мысалы, терезеге немесе балалар алаңына тым жақын орналасуы) қанағаттандырмаса, оларды көшіру туралы өтініш беруге болады. Алайда бұл мәселе бірден шешілмейді — белгілі бір тәртіп бар.
Не істеу керек:
- Тұрғындардың жиналысын өткізу — онда контейнер алаңын жаңа жерге көшіру мәселесін талқылап, жаңа орнын таңдау қажет.
- Көпшілік тұрғындардың қолы қойылған жиналыс хаттамасын рәсімдеу. Хаттамада міндетті түрде:
· Көшіру себебі;
- Ұсынылып отырған жаңа орын көрсетілуі тиіс.
Осы хаттамамен аудандық әкімдікке жүгіну қажет. Әкімдік мамандары санитарлық қызметпен бірлесіп тексеру және келісу жұмыстарын жүргізеді.
Санитариялық нормалар:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығына сәйкес, контейнерлер:
- Тұрғын үйлерден, мектептерден, балабақшалардан, спорт және ойын алаңдарынан кемінде 25 метр қашықтықта орналасуы тиіс;
Егер тығыз қалалық құрылыста мұндай жағдай жасау мүмкін болмаса, әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және тұрғындар қатысқан комиссия шешімімен ғана ерекшелікке жол беріледі.
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған.
Ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың жобасы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында (goszakup.gov.kz) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың жобасын орналастырады.
Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынудың соңғы күнінің мерзімі конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасы және бекітілген конкурстық құжаттаманың мәтіні орналастырылған күннен бастап кемінде күнтізбелік он бес күнді құрайды.
Конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап барлық ниет білдірушілерге конкурстық құжаттаманы не конкурстық құжаттаманың жобасын веб-порталда тегін алу мүмкіндігі беріледі.
Конкурсқа қатысуға өтінім конкурстық құжаттамада көрсетілген оны ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін мемлекеттік сатып алу веб-порталы (goszakup.gov.kz) арқылы электрондық құжат нысанында беріледі және әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптармен және шарттармен келісімін, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында белгіленген біліктілік талаптарына және шектеулерге сәйкестігін растайтын ол туралы мәліметтерді алуға келісімін білдіру нысаны болып табылады.
Веб-портал конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушіге тиісті хабарламаны автоматты түрде жіберген сәтте конкурсқа қатысуға өтінім қабылданды деп есептеледі.
Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға бір ғана өтінім береді.
Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізген кезде өтінім берілген болып есептеледі.
Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
Жекешелендіру объектілерін аукцион және тендер, жабық тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс, тікелей атаулы сату, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларымен реттеледі.
Сауда-саттықты өткізу туралы хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) «Электрондық сауда алаңы» бөлімінде олар өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын орналастырылады.
Сауда-саттықты өткізу туралы хабарлама мынадай мәліметтерді: сауда-саттықты өткізу күнін, орнын және уақытын; сауда-саттықтың түрін, нысанын және әдісін; жекешелендіру объектісі туралы мәліметтерді (акцияларды сату кезінде акциялар эмитентінің атауы және олар туралы мәліметтер, өткізілетін акциялардың саны көрсетіледі); сатуға қойылатын жекешелендіру объектілерінің бастапқы және ең төменгі (бағаны төмендетуге арналған аукционды өткізу кезінде) бағаларын; кепілдік жарнаның мөлшерін және оны аудару үшін банктік деректемелерді; өтінімдерді қабылдау орны мен мерзімдерін; сатушының және/немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының және баланс ұстаушының телефондары мен орналасқан жері; сатушының шешімі бойынша қосымша ақпарат.
Жекешелендіру объектісін сату туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (gosreestr.kz) арқылы барлық ниет білдірушілердің жекешелендіру объектісі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер, жабық тендер басталғанға дейін екі сағат бұрын және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, ол аяқталғаннан кейін қатысушылар берілген өтінімді кері қайтара алмайды. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) алдын ала тіркелу қажет.
Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру, оның ішінде тендер өткізу, сенімгерлік басқарушылармен шарттар жасасу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында айқындалған.
Мемлекеттік мүлік объектілерін сенімгерлік басқаруға беру туралы хабарландырулар, тендер өткізу туралы хабарламалар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) «Электрондық сауда алаңы» бөлімінде орналастырылады.
Объектіні сенімгерлік басқаруға беруге өтінішті, сондай-ақ тендерге қатысуға өтінімді беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) тіркелу қажет.
Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларында айқындалған.
Мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру туралы ақпараттық хабарламалар мен хабарландырулар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) «Электрондық сауда алаңы» бөлімінде орналастырылады, объектінің атауы, қысқаша сипаттамасы, саны, орналасқан жері, нысаналы мақсаты, мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру мерзімі, объектінің меншік иесі және баланс ұстаушысы туралы, объектіні тендер өткізу арқылы немесе тендер өткізбей мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәсілі туралы мәліметтер көрсетілген.
Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (gosreestr.kz) арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады.
Объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге өтініш, сондай-ақ тендерге қатысуға өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) тіркелу қажет.
Бізді әлеуметтік желілерден тауып алыңыз (#astana109):
- Facebook www.facebook.com/astana109/
- Instagram https://www.instagram.com/ikomek109/
- Telegram-канал https://t.me/ikomek109