О.Смоляковтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23.11.2021 ж. отырысындағы баяндамасы

Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі мен олар көрсететін қызметтер туралы толық ақпаратты және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейін және оның қаржылық қолжетімділігін арттыру болып табылады.
- Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін қаржы ұйымдарына ұсынылатын қаржы өнімдері туралы реттеушіге хабарлау туралы талап заңнамалық деңгейде белгіленді, нарық субъектілерінің директорлар кеңесінің мөлшерлемелердің шекті шамаларын және ұсынылатын қаржылық қызметтердің тарифтерін бекіту міндеті енгізілді, сондай-ақ тұтынушылардың қаржы операциялары бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін есептелетін айыпақылардың (айыппұлдардың және өсімпұлдың) шекті мөлшерлері айқындалды.
Салалық заңдармен қаржы ұйымдары үшін тұтынушының қаржылық көрсетілетін қызметті таңдау құқығын шектеуге тыйым салу белгіленді, қаржы ұйымдары мен тұтынушылар арасында өз міндеттемелерін орындау жөніндегі дауларды реттеу тәртібі, оның ішінде қаржы омбудсманы институты арқылы реттеу регламенттелді.
Тұтынушылар үшін қаржы ұйымдары мен олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы толық ақпаратты және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заңдармен бұл ақпаратты қаржы ұйымының интернет-ресурсына орналастыру міндеттілігі белгіленді. Бұл ретте, шындыққа сәйкес келмейтін жарнаманы жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.
- Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін 2021 жылы Агенттік заңнамалық түзетулер блогына бастама жасап, реттеушілік сипаттағы шараларды қабылдады.
1) Ағымдағы жылғы мамырда банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды, ол арқылы:
- банктер және МҚҰ үшін азаматтардың қарыздар бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі;
- банктердің барлық ипотекалық қарыздар бойынша мерзімі 180 күн өткен соң сыйақы, айыпақы, комиссиялар мен өзге де төлемдер төлеуді талап етуіне, сондай-ақ капиталдандырылған сыйақыға сыйақы есептеуге тыйым салу енгізілді;
- ипотекалық қарыздар бойынша азаматтардың бланкілік қалдықтарын есептен шығаруға арналған негіздер кеңейтілді;
- банктер мен МҚҰ-ның берілген кредиттер бойынша номиналды мөлшерлемелер және ЖСТМ туралы мәліметтерді ашып көрсету міндеті белгіленді;
- коллекторлар үшін қосымша шектеулер енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтардың құқықтарын коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау мақсатында Агенттік Бас прокуратура ұсынған коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің әкімшілік және қылмыстық жауаптылығын енгізуді қоса алғанда, коллекторларды реттеуді қатаңдату жөніндегі қосымша шараларды пысықтауда.
2) Азаматтардың құқықтарын алаяқтық операциялардан қорғау және жалған онлайн-микрокредиттер беруге жол бермеу үшін ағымдағы жылғы наурызда Агенттік биометриялық идентификаттау бойынша талапты енгізу жолымен қарыз алушыларды идентификаттау рәсімдерін күшейтті, міндетті екі факторлы идентификаттау қосымша белгіленді. Ағымдағы жылғы қазан айында Агенттік ІІМ және БП-мен бірлесіп алаяқтық кредиттерді анықтау және тергеу, қарыз алушылардың жалған берешектерін жедел есептен шығару үшін ведомствоаралық Меморандумға және Алгоритмге қол қойды.
- Қаржылық сауаттылық пен қаржылық қолжетімділік деңгейін арттыру үшін Агенттік орта мерзімді кезеңге арналған негізгі басымдықтарды айқындады, оларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырды және алдын алу сипатындағы шаралар қабылдады.
1) 2020 жылғы мамырда қаржылық сауаттылықты арттыру саласындағы негізгі басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді, нысаналы аудиториялар мен құралдарды айқындайтын Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 - 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Тұжырымдаманың бағыттарын орындау үшін 2020 жылдан бастап қаржылық сауаттылық бойынша Fingramota.kz бірыңғай интернет-порталы жұмыс істейді, бұл тұтынушыларға қаржылық сауатты іс-әрекеттің негізгі қаржылық түсініктері мен қағидаттарын түсінуге, ұсынылатын қаржы құралдарымен, өнімдермен және қызметтермен, сондай-ақ олармен байланысты пайдалар мен тәуекелдермен танысуға көмектеседі.
Сонымен бірге өткен жылғы маусым айынан бастап Ғingramota Online мобильдік қосымшасы іске қосылды, ол тұтынушыларға 24/7 режимінде реттеушіге өтініш жіберуге, қаржылық алаяқтық және күмәнді ұйымдар туралы хабарлауға мүмкіндік береді.
Агенттік ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуде, Агенттіктің сайтында 370-тен астам ақпараттық материалдар мен Агенттік басшылары мен мамандарының сұхбаттары жарияланды. Олардың негізінде БАҚ-та 1 100-ден астам материал жарияланды. Халықты, әсіресе өңірлерде көбірек қамту үшін әлеуметтік медиа ресурстарын іске қоса отырып, барлық БАҚ-тарға Агенттіктің материалдарына қолжетімділікті кеңейту керек.
2) Қаржылық инклюзияны арттыру үшін Агенттік мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы бойынша жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы сайттарды, мобильдік қосымшаларды және басқа да қашықтан жұмыс істейтін сервистерді ресімдеуге қойылатын негізгі талаптарды, қызметкерлердің біліктілігіне және әртүрлі физиологиялық кемшіліктері бар адамдарға қатысты дұрыс терминологияға қойылатын талаптарды қамтитын мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қызмет көрсету бойынша Әдістемелік ұсынымдар мен Жадынама әзірледі.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың банктік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету үшін өмірлік маңызы бар қызметтер тізбесі бойынша Агенттік «Қаржылық қолжетімділік картасын» жасады, онда азаматтардың неғұрлым осал санаттарының қажеттіліктеріне сәйкес келетін банктердің бөлімшелері ұсынылды.
3) Қаржы нарығында заңсыз қызмет белгілері бар субъектілердің азаматтарды күмәнді қаржы операцияларына тартуына қарсы іс-қимыл жасау үшін алдын алу шарасы ретінде ағымдағы жылғы қазан айында Агенттік күдікті субъектілердің тізімін (121) жариялады. Бұл тізбе қызметінде қаржы пирамидасының белгілері анықталған 56 ұйымды және қызметінде ел аумағында дербес және (немесе) делдалдарды тарта отырып, тиісті лицензиясы немесе рұқсаты жоқ қаржылық қызметтер көрсету белгілері бар 65 тұлғаны қамтиды.