Кредит алмас бұрын нені білу қажет?

Біріншіден, қаржылық мүмкіндіктеріңізді талдаңыз.
Банкке барар алдында егжей-тегжейлі қаржылық жоспар жасаңыз. Барлық шығыстар мен кірістерді, сондай-ақ тәуекелдерді ескеру қажет, мысалы, аурудан немесе басқа себептерден жұмысынан айырылу. Тіпті еңбек қабілетін және жұмысты жоғалтудан сақтандыруға да болады.
Шектеулерді есте сақтаңыз: заң бойынша сіз кредиттер бойынша кірісіңіздің жартысынан көбін төлей алмайсыз.
Екіншіден, кредит бойынша талаптарды мұқият зерделеңіз.
Кредиттерді әр түрлі банктер ұсынады, олардың талаптары – мерзімдері мен мөлшерлемелері ерекшеленуі мүмкін. Оларды салыстырып, ең қолайлысын таңдау қажет. Бұл қарапайым жағдай – банктің мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріп, олардың талаптарын зерделеу жеткілікті.
Кредит бермес бұрын банк кредит туралы барлық негізгі ақпаратты қамтитын титул парағын ұсынуы керек. Банктердің бірнеше филиалына хабарласып, бірнеше титул парағын жинап, содан кейін ең қолайлы талаптарды таңдауға болады.
Осыдан кейін менеджерге барлық қажетті нақтылаушы сұрақтарды қойыңыз: қарыз сомасы, төлем мерзімі мен мөлшері, комиссиялар, барлық пайыздар мен төлемдер бар кредиттің толық құны, артық төлем мөлшері, төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда оның салдары, тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы. Банктер кредиттің талаптары туралы толық ақпаратты ашуға міндетті.
Есіңізде болсын, банктік қарыз шартына қол қою арқылы сіз оның барлық талаптарымен автоматты түрде келісесіз.
Кредитті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ресми кредиторлардан ғана ресімдеуге болатындығын ұмытпаңыз.
Үшіншіден, берешекті уақтылы төлеңіз.
Күтпеген жағдайларды болдырмау үшін кредитті төлем күнінен 5-7 жұмыс күні бұрын төлеу ұсынылады.
Мерзімінен бұрын өтеу ақшаны үнемдейді, өйткені банк клиенттері қарыз қаражатын пайдалану уақыты үшін төлейді. Кредитті мерзімінен бұрын төлеген кезде операцияның сәтті өткеніне көз жеткізіңіз. Осыдан кейін банктен растайтын анықтама алыңыз.
Төртіншіден, жауапкершіліктен қашпаңыз.
Егер ай сайынғы төлемді мерзімінде жабу мүмкін болмаса және төлем мерзімі өтіп кетсе, кредитордан жасырынбау қажет. 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда қарыз алушы – жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады. Ол туралы толығырақ мына сілтеме бойынша оқи аласыз:
https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/296014?lang=kk
Есіңізде болсын, банк сіздің өз міндеттемелеріңізді орындауға мүдделі болады және клиент үшін қолайлы жағдайларды таңдауға тырысады.
Бұл мақала Fingramota.kz жобасының қолдауымен дайындалған.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-89