Кейбір нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Агенттік Басқармасының мынадай қаулыларының жобаларын (бұдан әрі – Жобалар) әзірледі:
1) Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың және (немесе) микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы;
2) Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
3) «Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттік бюродан кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
Қаулылардың жобалары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жобаларда мыналар көзделеді:
1) банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдыру мақсатында мемлекеттік органдар, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар және коллекторлық агенттіктер арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтер алмасу тәртібін айқындау;
2) ақпараттандыру объектілері арқылы кредитордың қарыз алушымен өзара іс-қимыл арналарын кеңейту, сондай-ақ мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшіге банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібін айқындау;
3) банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттік бюроға кредит беру шарттарын жасасуға клиенттер берген өтініштер туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беру, сондай-ақ жеке тұлғаның клиенттің кредиттік есебінде банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеуі не алып тастауы туралы мәліметтер мен ақпаратты көрсету міндетін бекіту.
Қаулылар жобаларының толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында танысуға болады:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15091182
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15091405
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15091069
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz