Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірленгені туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын (бұдан әрі – Қаулы) әзірлегенін хабарлайды.
Жоба қаржылық қызметтерді тұтынушылардың банктік қарыздар мен салымдардың құны туралы және қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындамағаны үшін жауапкершілік туралы ақпаратты дұрыс түсінуі, сондай-ақ банктердің алаяқтық тәсілмен ресімделген банктік қарыздар бойынша тиісті іс-шараларды уақтылы жүргізуі үшін қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында әзірленген.
Жоба:
- қарыздар мен салымдарды жарнамалау кезінде сыйақының шекті мөлшерлемелерінің диапазонын көрсетуді;
- қарыз бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде борышкерлердің жауапкершілігі туралы ілеспе хабармен қамтамасыз етуді;
- құқық қорғау органдары қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ұсыным енгізген кезде банктің қарыз бойынша сыйақы есептеуін тоқтата тұруын және шағым-талап жұмысын тоқтатуын;
- банктің клиенттің берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдауын және клиенттің қарыз алмау фактісін растайтын сот шешімі бойынша клиенттің кредиттік тарихына түзетулер енгізуін көздейді.
Қаулы жобасының толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14639782 сілтемесі бойынша және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz