Берешекті ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасының 2026 жылғы 25 маусымдағы №97 «Қатысушыларды қосу талаптарын, қол жеткізу деңгейлерін, дербес деректерді алмасу мен қорғауды қоса алғанда, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы қабылданды.
Қаулымен жеке тұлғалардың кепілсіз қарыздары бойынша берешекті ұжымдық реттеу платформасының жұмыс істеу қағидалары айқындалды.
Платформа қарыз алушылардың, кредиторлардың және процестің өзге де қатысушыларының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, өтінімдерді беру және қарау процестерін автоматтандыруға, төлем кестелерін қалыптастыруға және электрондық құжаттарға қол қоюға арналған.
Сонымен қатар, қаулымен пайдаланушыларды сәйкестендіруге, дербес деректерді қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сыртқы ақпараттық жүйелермен интеграциялауға және ақпаратты сақтауға қойылатын талаптар белгіленеді. Сондай-ақ қатысушылардың рөлдері, қол жеткізу тәртібі, міндеттемелердің орындалуын мониторингтеу және платформаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелері реттеледі.
Қаулының мәтінімен Агенттіктің ресми сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы