Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы

Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын, қарыз алушы-жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы жолданымына қоса берілетін құжаттардың тізбесін, сондай-ақ банк пен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушы жеке тұлғалардың банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы жолданымдарын қарау нәтижелері туралы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды хабардар ету тәртібін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының қаулы жобасын әзірледі.

Қаулы жобасы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-бабының
2-тармағын және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-2-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.

Жоба жеке тұлғалардың банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешегін сотқа дейін реттеудің бірыңғай тәртібін белгілейді.

Негізгі жаңалық екі және одан да көп кредиторлар алдында кепілсіз тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылар үшін берешекті ұжымдық реттеу тетігін енгізу болып табылады.

Аталған рәсім банк және (немесе) микроқаржы омбудсмандарының (кейіннен қаржы омбудсманының) және қарыз алушының барлық кредиторларының қатысуымен жүзеге асырылады және берешекті өтеудің келісілген кестесін әзірлеуге бағытталған.

Жобада сондай-ақ жеке тұлғалардың берешегін реттеу бойынша кредитордың ішкі тәртібіне қойылатын талаптар белгіленеді, ол қарыз алушының санатын, оның қаржылық және әлеуметтік жағдайын ескере отырып, қайта құрылымдауға біріздендірілген тәсілдер қолдануды көздейді.

Жобада төлемдерді кейінге қалдыру берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде әскери қызметшілердің шоттарынан шектеулерді алып тастау жөніндегі кредиторлардың міндеті жеке бекітілген.

Қаулы жобасы берешекті сотқа дейінгі реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қаулы жобасының толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz