Кредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсыну үшін мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер туралы мәліметтер алмасу қағидаларын бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірледі.
Қаулы жобасы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңын іске асыру және Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 6 тамыздағы №50 қаулысының орнына әзірленді және айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтар көзделмеген.
Қаулы жобасы Қорғаныс министрлігі, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер мен кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтер алмасу тәртібін айқындайды. Ақпарат алмасу банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсыну мақсатында, сондай-ақ жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқаны не оның қызметтен шығарылғаны туралы мәліметтерді көрсету үшін жүзеге асырылады.
Қаулы жобасында банктер мен микроқаржы ұйымдарының әскерге шақыру жасындағы жеке тұлғадан кредит алуға өтінім түскен кезде оның мәртебесін кредиттік есепте тексеруді жүзеге асыру міндеті көзделген. Мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқаны туралы мәліметтер болған жағдайда кредитор қарыз беруден бас тартуға міндетті.
Қаулы жобасының мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы