Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) «Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 6 тамыздағы № 50 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының  2025 жылғы 20 тамыздағы № 34 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы
30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін қабылданды, онда мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде банктік қарыздар, микрокредиттер беруге тыйым салу көзделген.

Қаулыда Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында «Жұмылдыру ресурстарының автоматтандырылған жүйесінің интеграциялық шлюзі» ақпараттық жүйесінің сервисі арқылы жеке тұлғаның кредиттік есебінде мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрықтың шығарылған күнін көрсете отырып,  «мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісі» әскери қызметке қатысы мәртебесін және мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісін жеке құрамның тізімінен шығару туралы бұйрықтың шығарылған күнін көрсете отырып, мерзімді әскери қызметтен босатылған мәртебесін   көрсету үшін мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтермен алмасу тәртібі көзделеді.   

Заңнама талаптарын сақтау мақсатында банктер және микроқаржы ұйымдары он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі жеке тұлғаның өтінімі келіп түскен кезде оның мәртебесін кредиттік есепте тексереді және мерзімді әскери қызметті өткеруі туралы мәліметтер болған жағдайда кредит беруден бас тартады.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне банктік қарыздар, микрокредиттер беруге тыйым салу 2025 жылдың 31 тамызынан бастап қолданысқа енгізілді.

Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталында танысуға болады.