2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс қорытындылары туралы

2022 жылғы тамызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін оларға жәрдемдесу және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды.
Есепті айда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 2 189 өтінішін қарады, бұл 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 12%-ға аз.
Өтініштердің ең көп үлесі екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 69%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер өтініштердің жалпы санының 14%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің – 3%-ын, коллекторлық агенттіктердің – 4%-ын, өзге де ұйымдардың – 10%-ын құрады.
2022 жылғы тамызда екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың әрекеттерінде анықталған Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтар бойынша Агенттік 7 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 5 жазбаша ұйғарым, 1 жазбаша ескерту және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 19 хаттама бойынша жалпы сомасы 4,7 млн теңгеге 18 әкімшілік жаза қолданды:
- екінші деңгейдегі банктер – 7 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама бойынша жалпы сомасы 1,3 млн теңгеге 3 әкімшілік жаза;
- коллекторлық агенттіктер – әкімшілік құқық бұзушылық туралы 10 хаттама бойынша жалпы сомасы 2,3 млн теңгеге 9 әкімшілік жаза;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – 4 жазбаша ұйғарым, 1 жазбаша ескерту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 6 хаттама бойынша жалпы сомасы 1,1 млн теңгеге 6 әкімшілік жаза.
2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыздар алған қарыз алушылардың жалғыз тұрғын үйін сақтауға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігінің шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 қыркүйекте 184,3 млрд теңге сомаға 31,2 мың қарызды қайта қаржыландырды, оның ішінде револьверлік тетігі есебінен 56,1 млрд теңге сомаға 7,6 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктерін іске асыру кезеңінде банктер 132,2 млрд теңгеге 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды жүргізді.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде ағымдағы жылғы сәуірде қабылданған түзетулерді ескере отырып, банктер 2022 жылғы 1 қазанға дейін, қарыздары бұрын Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған, ХӘОТ-қа жататын ипотекалық қарыз алушыларға қаржылық қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыс жүргізуде. Қарыз алушының берешегін азайту және өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсетілуде.
Бүгінгі таңда 54,5 млрд теңге сомаға 8,8 мың қарыз алушы-ХӘОТ қолдау шараларын алды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz