Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2022 жылғы қаңтардағы жұмыс қорытындылары туралы

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2022 жылғы   қаңтардағы жұмыс қорытындылары туралы

2022 жылғы қаңтарда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі, негізінен, қарыз алушылардың олардың борыш жүктемесін азайту, оның ішінде Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде азайту, сондай-ақ «кредиттік рақымшылық» бойынша жәрдем көрсету және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды.

Есепті айда Агенттік қаржы ұйымдарының, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) және коллекторлық агенттіктердің қызметімен байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1583 өтінішін қарады, бұл өткен есепті кезеңмен салыстырғанда іс жүзінде 3 есе аз.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) келіп түсті, ол өтініштердің жалпы санының 77%-ын құрады. Бұл ретте банк секторы мәселелері бойынша өтініштердің 56%-ы «кредиттік рақымшылық» бойынша берешекті есептен шығарумен байланысты болды, бұл туралы дәйексіз мәліметтер әлеуметтік желілерде таратылды. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санының 11%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің – 3%-ын, коллекторлық агенттіктердің - 3%-ын, өзге де ұйымдардың - 6%-ын құрады.

2022 жылғы қаңтарда Агенттік екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ), коллекторлық агенттіктер мен МҚҚЖҰ әрекеттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтады.  2,8 млн теңге жалпы сомаға 6 ұсынымдық қадағалау шарасы, 6 жазбаша ұйғарым және 16 хаттама бойынша 9 әкімшілік жаза қолданылды. Атап айтқанда, мыналарға қатысты:

1) ЕДБ – 6 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 4 хаттама бойынша жалпы сомасы 408,4 мың теңгеге 1 әкімшілік жаза;

2) коллекторлық агенттіктер – 2 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 5 хаттама бойынша жалпы сомасы 792,2 мың теңгеге  1 әкімшілік жаза;

3) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – 4 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 7 хаттама бойынша жалпы сомасы 1,66  млн теңгеге  7 әкімшілік жаза;

2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыздар алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 ақпанда 192,5 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыруға 29 876 өтінімді мақұлдады. 182 млрд теңге сомаға 28 901 қарыз қайта қаржыландырылды, олардың ішінде 2020 жылдан бастап 23,7 млрд теңге сомаға 2 251 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктерін іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды жүргізді.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2021 жылғы желтоқсанда ХӘОТ санаты бойынша қарыздары Бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу түріндегі қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банк балансындағы жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару бойынша жұмысты аяқтады. Халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы шамамен 8  мың қарыз алушыға 50,9 млрд теңгеге қосымша көмек көрсетілді.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша call-орталыққа төмендегі нөмір бойынша хабарласыңыз:  +7 (727) 237 1000

Жұмыс кестесі дүйсенбі-жұма күндері сағат  9.00-ден 17.00-ге дейін

 

Баспасөз қызметі  +7 (727) 237 1090, press@finreg.kz