Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді

2026 жылғы 30 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармаларының бірлескен қаулысымен Сақтандыру нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Құжат Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Бағдарлама Қазақстанның сақтандыру нарығының жай-күйін және үздік халықаралық тәжірибені талдауға негізделген.
Соңғы бес жылда Қазақстанның сақтандыру нарығы орнықты өсуді көрсетті. Сақтандыру ұйымдарының активтері екі еседен астам – 1,8 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды, сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2,4 есе – 815 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін, ал сақтандыру төлемдері 3,6 есе – 127 млрд теңгеден 461 млрд теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар, сақтандырушылар активтерінің ЖІӨ-дегі үлесі салыстырмалы түрде аз болып қалады – шамамен 2,7%. Бұл сақтандыру нарығын одан әрі дамыту үшін әлеуеттің елеулі екенін көрсетеді.
Бағдарламаның басты міндеті – сақтандыруды азаматтар мен кәсіпкерлерді қорғаудың нақты және қолжетімді құралына айналдыру. Сақтандыру отбасына күтпеген шығындарды еңсеруге, тұрғын үй мен жинақтарды сақтауға және бизнеске үлкен тәуекелдер туындаған кезде де жұмысын жалғастыруға көмектесуі керек. Ол үшін Бағдарлама сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруды, өнімдерді таңдауды кеңейтуді, төлемдерді алуды жеңілдетуді және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді.
Бағдарлама 6 стратегиялық бағыт бойынша 18 стратегиялық бастаманы қамтиды. Олардың әрқайсысы азаматтар мен бизнес үшін нақты өзгерістерді қарастырады.
1. Міндетті сақтандыруды жетілдіру
Бағдарлама сақтандырудың 8 міндетті сынып пен 10 жүктелген түрі үшін бірыңғай реттеу режимін қарастырады. Бұл сақтандыру шарттарын неғұрлым түсінікті етеді, ал тарифтер тәуекелдердің сипатын ескере отырып, неғұрлым негізделген болады.
Тұрғын үйді жер сілкінісінен, су тасқынынан (су басудан) және орман өртінен қорғауға ерекше назар аударылады. Тұрғынжайларды сақтандырудың жаңа міндетті сыныбын кезең-кезеңмен: кейінге қалдыру кезеңінен кейін – пилоттық режимде 3 облыста, содан кейін апатты тәуекелдерге ұшыраған 16 облыста енгізу жоспарлануда. Мұндай жүйе азаматтарға апаттар салдарынан тұрғын үй бүлінген немесе жоғалған жағдайда қаржылық қолдау алуға көмектесуге арналған.
Келешекте шетелдік туристерді медициналық сақтандыру, агросақтандыру, жылжымайтын мүлікті өрттен және тұтынушылар алдындағы жекелеген кәсіпкерлік тәуекелдер бойынша жауапкершілікті сақтандыру салаларында сақтандыру арқылы қорғауды кеңейту мүмкіндігі қаралатын болады.
2. Ерікті сақтандыруды дамыту
Азаматтарға денсаулықты қорғау және қосымша зейнетақы кірісін қалыптастыру үшін көбірек мүмкіндіктер ұсынылады. Тұрақты төлемдер мен инвестициялық мүмкіндіктерге деген қажеттілікті ескере отырып, шешімдерді таңдауға мүмкіндік беретін кепілдендірілген, инвестициялық-байланысты және гибридті зейнеткерлік аннуитеттерін дамыту көзделген. Ерікті медициналық сақтандыру медициналық қызметтерді алу мүмкіндіктерін кеңейте отырып, МӘМС-пен қатар қосымша қорғау ретінде дамитын болады. Отбасылар үшін бұл өмірдің түрлі кезеңдерінде қаржылық қорғаудың кең таңдауын білдіреді.
3. Сату арналарын дамыту және тұтынушыларды қорғау
Бағдарлама сақтандыруды сатып алуды түсінікті етуге арналған, ал сақтандыру жағдайы басталған кезде көмек қолжетімдірек болады.
Сақтандыру брокерлері тәуелсіз кеңес беруді дамытады, өнімдерді таңдауға көмектеседі және сақтандыру жағдайларын реттеуді сүйемелдейді.
Сақтандыру агенттері азаматтар мен ШОБ субъектілеріне қызмет көрсетуге баса назар аударады: бірнеше сақтандырушымен жұмыс істеу және міндетті сақтандыру өнімдерін өткізу мүмкіндігі көзделеді. Бұл ретте агенттер үшін оқыту және жыл сайын біліктілігін растау жөніндегі талаптар күшейтіледі. Сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде көмек көрсететін бейресми делдалдардың қызметін арнайы тізілімде тіркеу, комиссиялық сыйақыны ашу және жосықсыз практикаларға бақылау жасау арқылы реттеу ұсынылады.
Сақтандыру маркетплейстерін дамыту және өнімдер мен делдалдардың сыйақысы туралы ақпаратты ашық жария ету тұтынушыларға ұсыныстарды салыстыруға және саналы шешімдер қабылдауға көмектеседі.
4. Процестерді цифрландыру және нарық инфрақұрылымын дамыту
Сақтандыру қызметтері цифрландырудың арқасында қолжетімді бола түседі. Бағдарламада ерікті сақтандыру шарттарын электрондық түрде ресімдеуді және олар бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеуді дамыту көзделеді.
Бірыңғай сақтандыру дерекқорының мүмкіндіктері, соның ішінде барлық міндетті сақтандыру шарттарына нөмірлер беру, деректермен алмасу және сақтандыру алаяқтығына қарсы іс-қимыл жасау кеңейтіледі.
Клиент өзінің сақтандыру деректерін беруді басқара алатын ашық цифрлық ортаны дамыту көзделеді. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлерге көбірек мәселелерді қашықтықтан шешуге, уақытты үнемдеуге және сақтандыру төлемдерін тезірек алуға мүмкіндік береді.
Орталық актуарий мен Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру сақтандыру тарифтерін жетілдіруге және сала мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
5. Сақтандырудың жаңа бизнес-модельдерін дамыту
Бағдарламаның жекелеген бастамалары ШОБ-тың сақтандыру қорғанысын кеңейтуге бағытталған.
Кәсіпкерлер үшін күтпеген шығыстарға және қызметтің тоқтап қалуына алып келуі мүмкін тәуекелдерді жабудың жаңа шешімдері қолжетімді болады.
Сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша сақтандыру өнімдерін, соның ішінде исламдық терезелер мен такафулды дамыту көзделеді, бұл азаматтар мен бизнес үшін таңдауды кеңейтеді. Сақтандырушылардың институционалдық инвесторлар ретіндегі рөлін күшейту экономикаға ұзақ мерзімді қаражат тартуға ықпал ететін болады.
6. Сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету
Бағдарламада лицензиялауды және шетелдік сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары филиалдарының қазақстандық нарыққа жіберілуін оңайлату көзделеді. Шетелдік қатысушыларды бағалау кезінде, ең алдымен, олардың қаржылық орнықтылығына, кредиттік рейтингіне және қадағалау органдары арасында ақпарат алмасу мүмкіндігіне басты назар аударылатын болады. Рейтингтері жоғары сенімді ұйымдар үшін жіберу рәсімдерін оңайлату жоспарлануда. Жаңа қатысушылардың пайда болуы бәсекелестікті күшейтеді және сақтандыру өнімдерін кеңірек таңдау мен қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жағдай жасайды.
Сонымен бірге, қайта сақтандыру саясаты, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі және Solvency II қағидаттары бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалау жетілдірілетін болады. Тұтынушылар үшін бұл, ең алдымен, сақтандырушылар сенімділігінің қосымша кепілдіктері болып табылады.
Бағдарламаны іске асыру сақтандыруды отбасының қаржылық әл-ауқатын және бизнестің орнықтылығын қорғаудың үйреншікті тәсілі ретінде айқындауға бағытталған.
Көзделген шаралардың айтарлықтай бөлігі заңнамалық тұрғыдан бекітіледі: 18 стратегиялық бастаманың 12-сін жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына енгізу жоспарланып отырған «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа Заң жобасында іске асыру көзделуде.
Бағдарламаның толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы