Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың 2026 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы
ҚР сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін
дамыту бағдарламасы бойынша
ТҮЙІНДЕМЕ
1. Кіріспе
Қазақстанның сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 10 ақпандағы тапсырмасы бойынша әзірленді және 2026–2030 жылдар кезеңіне арналған сақтандыру нарығын дамытудың стратегиялық бағдарларын айқындайды. Бағдарламаны әзірлеу әлемдік және ұлттық экономикадағы құрылымдық өзгерістерге байланысты: табиғи және технологиялық тәуекелдердің сипаты өзгеріп, демографиялық үдерістер жүріп, қызметтерді цифрландыру жеделдеп, халықтың ұзақ мерзімді жинақтарға қажеттілігі артқан жағдайда сақтандыру қорғанысына деген қажеттіліктер, сақтандыру өнімдері және тұтынушылармен өзара іс-қимыл модельдері өзгеруде. Экономиканың құрылымы мен табиғи тәуекелдерге бейімділігін ескергенде, сақтандыру нарығын дамытудың Қазақстан үшін ерекше маңызы бар: мүліктік шығындардың ықтимал ауқымының едәуір болуы апаттық тәуекелдерді сақтандыру тетіктерін дамыту қажеттілігін туындатады, ал цифрландырудың қол жеткізілген деңгейі мен ұзақ мерзімді жинақтардың өсуі сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға негіз қалайды.
Қол жеткізілген ілгерілеуге қарамастан, сақтандыру нарығының одан әрі сапалы өсуге әлеуеті бар. Қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты, міндетті сыныптардың бірқатарында тәуекел деңгейі мен сақтандыру төлемдері құнының өзгеруіне уақтылы бейімделуді толық қамтамасыз ете алмайтын реттелетін тарифтер сақталып отыр: кейбір бағыттар бойынша шығындылық коэффициенті 100%-дан асады, ал басқаларында рентабельділіктің едәуір деңгейі сақталуда. Ерікті сақтандыру сегментінде де өсудің айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Бағдарлама нарықтың ағымдағы жай-күйіне кешенді бағалау мен халықаралық тәжірибені талдауды қамтиды, даму пайымы мен нысаналы моделін айқындайды, реформалардың стратегиялық бағыттарын белгілейді, сондай-ақ бастамалар кешенін, нысаналы көрсеткіштерді және оларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітеді.
2. Ағымдағы жай-күйі
Қазақстанның сақтандыру нарығы тұрақты оң серпін көрсетіп келеді және қаржы секторының ең жылдам өсіп келе жатқан сегменттерінің бірі болып табылады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша нарықта 25 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, оның ішінде жалпы сақтандыру бойынша 15 компания және өмірді сақтандыру бойынша 10 компания, сондай-ақ 12 сақтандыру брокері мен 69 лицензияланған актуарий қызмет атқарды.
2021 жылдың басынан бері сақтандыру ұйымдарының активтері 1,8-ден 3,9 трлн теңгеге дейін екі есе өсті, активтердің ЖІӨ-ге қатынасы 1,15%-дан 2,45%-ға дейін артты. Сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері 2,8 трлн теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру резервтерінің көлемі 2,5 трлн теңгеден асты. Сақтандырушылардың меншікті капиталы 1,1 трлн теңгені құрады. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі жылдық орташа 24% өсу қарқынымен 2021 жылғы 815 млрд теңгеден 2025 жылы 1 944 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сақтандырудың ену деңгейі (жалпы сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы) 0,97%-дан 1,22%-ға дейін, жан басына шаққандағы сыйлықақылар көлемі 42,5-тен 93,3 мың теңгеге дейін өсті. Алайда бұл көрсеткіш әлі де халықаралық бағдарлардан төмен: ЭЫДҰ деректері бойынша 2025 жылы ену деңгейі дамушы елдерде орта есеппен 2,7%, дамыған елдерде 6,7% болды.
Сақтандыру төлемдері жылдық орташа 38% өсу қарқынымен 127-ден 461 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өсу шоғырлану үдерісімен қатар жүрді: қызмет ауқымы мен қаржылық орнықтылық артқан жағдайда сақтандыру ұйымдарының саны 27-ден 25-ке дейін қысқарды.
Өсудің негізгі көзі – өмірді сақтандыру: 2021 жылдан бергі кезеңде бұл сала бойынша сыйлықақылар көлемі 391-ден 1 095 млрд теңгеге дейін (жылына шамамен 29,4%) өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық сыйлықақылардың шамамен 56%-ы осы сегментке тиесілі болды. Жалпы сақтандыруда сыйлықақылар 246-дан 526 млрд теңгеге дейін өсті.
Жекелеген сегменттердің экономикасы міндетті сыныптарды реттеу тәсілдерін өзгерту қажеттігін растайды. КҚИ АҚЖМС бойынша (2025 жылы 118 млрд теңге сыйлықақы, автосегменттің шамамен 57%-ы) жөндеу қызметтерінің 65%-ға қымбаттауы аясында орташа нарықтық шығындылық коэффициенті 2021 жылғы 51%-дан 2025 жылы 106,8%-ға дейін өсті, ал КАСКО (87 млрд теңге) шығындылық коэффициенті 33% болатын пайдалы желі болып қалуда. ҚЖОМС бойынша сыйлықақылар көлемі шамамен 108 млрд теңгені құрады, оның шамамен 97%-ын жұмыс берушілер қалыптастырады.
Ерікті өнімдерге жаппай сұраныс шектеулі күйінде қалып отыр. 2021–2025 жылдары өмірді сақтандыру компанияларына шамамен 962 млрд теңге зейнетақы жинақтары аударылды, алайда 45 жастан асқан шамамен 4,6 млн салымшыдан тұратын әлеуетті аудиторияның ішінде зейнетақы аннуитеті шарттарын шамамен 173 мың адам ғана жасасты. Ерікті медициналық сақтандыру 1 млн-нан аз адамды, яғни халықтың 5%-ынан азын қамтиды; табиғи апаттардан сақтандыру тұрғын үй қорының небәрі 3,2%-ын қамтиды.
Соңғы бес жылда кіріс қайта сақтандыру 2,7 есе, ішкі қайта сақтандыру 3,3 есе өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қайта сақтандыруға 189 млрд теңге немесе нарық бойынша сыйлықақылардың шамамен 11%-ы берілді (159 млрд теңге – бейрезиденттерге, шамамен 30 млрд теңге – резиденттерге). Кіріс қайта сақтандыру көлемі бір жылда 38%-ға ұлғайып, 193 млрд теңгені құрады, оның ішінде бейрезиденттерден қабылданғаны 120-дан 165 млрд теңгеге дейін өсті.
3. Сақтандыру секторындағы негізгі жетістіктер мен реформалар
Соңғы жылдары сақтандыру секторында заманауи реттеушілік, цифрлық және институционалдық негіз қалыптастырылды. Insurance Core Principles қағидаттарына, Solvency II талаптарына және ҚЕХС (IFRS) 17 ережелеріне негізделген, сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерін жыл сайын қадағалау тұрғысынан бағалауды (SRES), мінез-құлық қадағалауының элементтерін және дәлелді пайымдауды қолдануды көздейтін сақтандыру қадағалауының интеграцияланған моделі құрылды. Сақтандыру резервтері мен активтерінің сапасына кешенді бағалау (RAQMR) жүргізілді. Сақтандыру ұйымдары тәуекелдер мен төлем қабілеттілігін өз бетінше бағалайды, капиталға, тәуекелдерді басқару жүйесіне және есептілікке қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру бағдарламасы іске асырылуда.
Сақтандыру қорғанысының жүйесі кеңейтілді: икемді шарттары мен нарықтық баға белгілеуі бар міндеттелген сақтандырудың 10 түрі енгізілді, оның 6-уы 2019 жылдан кейін пайда болды. Кейінге қалдырылған және бірлескен аннуитеттерді, сақтанушының инвестицияларға немесе сақтандырушының пайдасына қатысуы бар өнімдерді және мемлекеттік сыйлықақысы бар білім беру жинақтаушы шарттарын қоса алғанда, жинақтаушы зейнетақы және инвестициялық өнімдер желісі қалыптастырылды. Бірыңғай сақтандыру деректер қоры (БСДҚ) – сақтандыру статистикасының дұрыс деректерінің орталықтандырылған көзі және цифрлық сервистердің негізі құрылды; міндетті сыныптарда сақтандыру қызметтерін көрсетудің толық циклі цифрландырылды.
2024 жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша оңайлатылған реттеу тетігі – «Еурохаттама» қолданылады. Барлық 8 міндетті сыныпты және жинақтаушы өмірді сақтандырудың барлық түрлерін қамтитын сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің толыққанды жүйесі құрылды. Сақтандыру омбудсманы кеңсесі базасында дауларды сотқа дейін міндетті реттеу тетігі қалыптастырылды.
4. Халықаралық тәжірибеге шолу
Шолу нарық сегменттері бойынша тәжірибелерді қамтиды: нақты әлеуетті бағалау үшін салыстырмалы нарықтар (Ресей, Түркия, Польша), ал нысаналы шешімдерді айқындау үшін дамыған нарықтардың іріктелген тәжірибесі пайдаланылады. Салыстырмалы елдермен негізгі алшақтық жалпы сақтандыруда қалыптасады: Қазақстанда ЖІӨ-нің шамамен 0,53%-ы (жалпы сыйлықақылар бойынша), ал Ресейде – 0,84%, Түркияда – 1,82%, Польшада – 1,71%.
Өмірді сақтандыруда зейнетақы жүйелерінің белгіленген төлемдер модельдерінен белгіленген жарналар модельдеріне жаһандық көшуі аннуитеттердің зейнетақы жинақтары бүкіл өмір кезеңіне жетпей қалу тәуекелінен қорғау құралы ретіндегі рөлін арттырады. Дамыған нарықтар әртараптандырылған желілерді – дереу және кейінге қалдырылған аннуитеттерді, ұзақ өмір сүру аннуитеттерін, бірлескен, тіркелген, индекстелетін және инвестициялармен байланысты шешімдерді – салықтық ынталандырулармен (Ұлыбритания мен АҚШ-та салық салуды төлемдер кезеңіне ауыстыру, Германияда тікелей субсидиялар), қызметкерлерді зейнетақы жоспарларына автоматты түрде қосумен және зейнетақыны жоспарлаудың цифрлық платформаларымен (Чили, Ұлыбритания) ұштастыра ұсынады. Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруда (Германия, Ұлыбритания, Франция, АҚШ) қаржылық қадағалау мен еңбек саласындағы органдардың функциялары аражігі ажыратылған жағдайда нақты кәсіптік тәуекел мен шығындар тарихын ескеретін тәуекелге бағдарланған тарифтер қолданылады.
Жалпы сақтандыруда жаппай тұрғын үй өнімдері стандартталған және кірістірілген арналар арқылы таратылады, ал апаттық тәуекелдер ұжымдық тетіктермен өтеледі: Түркиядағы TCIP/DASK пулы жер сілкінісі тәуекелін орталықтандырады, Жаңа Зеландияда апаттық өтеу тұрғын үйдің базалық полисіне автоматты түрде қоса беріледі, Жапонияда мемлекет жер сілкінісінен сақтандыру жүйесін қайта сақтандыруға қатысады. Міндетті автосақтандыруда КҚИ АҚЖМС-ке ұқсас өнімдер бойынша орташа сыйлықақы қазақстандықтан айтарлықтай жоғары (сатып алу қабілетінің паритеті бойынша: Қазақстанда 22,1 мың теңге, ал Ресейде – 44,3, Польшада – 60,5, Германияда – 88,3), бұл ретте жауапкершілік лимитінің сыйлықақыға арақатынасы неғұрлым қалыпты. Реттеу құны жөндеудің бірыңғай анықтамалықтарымен және заттай өтеумен бақыланады, тікелей және цифрлық реттеу стандарт болып табылады. Агросақтандыруда орнықты модельдер (Түркиядағы TARSIM, Испаниядағы Agroseguro, АҚШ-тағы FCIC) сыйлықақыны субсидиялауды бірыңғай операторлық архитектурамен, индекстік шешімдерден тыс кең өнім желісімен және кірістірілген қайта сақтандырумен ұштастырады.
Медициналық сақтандыруда ЕМС мемлекеттік жүйені алмастырушы емес, оны толықтырушы ретінде дамиды: Францияда толықтырушы өтеу халықтың 90%-дан астамын қамтиды, Австралияда халықтың шамамен 45%-ының Medicare-ден бөлек госпитальдық өтеуі бар, Германияда шамамен 10%-ы алмастырушы модельді пайдаланады; Сингапурда сақтандыру сыйлықақылары MediSave нысаналы медициналық жинақтарынан төленуі мүмкін. ЭЫДҰ елдерінде халықтың тікелей жеке төлемдерінің үлесі денсаулық сақтау шығыстарының 18–20%-ын құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 30,7%, бұл сақтандыру тетіктерінің неғұрлым жоғары рөлін көрсетеді.
Қайта сақтандыруда жалпы қағидат – бизнес желілері бойынша жергілікті және халықаралық сыйымдылықтың аражігін ажырату: жергілікті ұстап қалу деректер мен сараптаманы жинақтау арқылы кезең-кезеңімен ұлғайтылады, ал мамандандырылған тетіктер (соңғы желідегі мемлекеттік қайта сақтандыру тетіктері, пулдар, өңірлік құрылымдар) әмбебап модель ретінде емес, нақты тәуекелдер үшін нүктелік түрде қолданылады. Сату арналарында орнықты модельдер делдалдардың мәртебесі мен сыйақысын ашуды, банк арқылы сақтандыруда сақтанушының таңдауын қорғауды және бірыңғай кіріс деректеріне негізделген реттелетін салыстыру алаңдарын (Ұлыбритания, Нидерланды) көздейді.
Қадағалауда тәуекелге бағдарланған режимдер (ЕО-дағы Solvency II, Ұлыбритания мен Сингапурдың салыстырмалы модельдері, Ресей мен Түркияның жергілікті модельдері) міндеттемелерді экономикалық бағалауды, капиталға қойылатын талаптарды, тәуекелдерді өз бетінше бағалауды және қадағалау шараларын өзара байланыстырады; мінез-құлық қадағалауы алдын алу, проактивті және реактивті контурлар бойынша құрылады, ал қадағалау технологиялары «деректер сапасы – талдау – автоматтандыру» реттілігімен дамиды. Актуарлық инфрақұрылымда реттеуші таныған тәуелсіз гибридті институт архетипі кең таралған (Жапония, Германия, Сингапур), ал кепілдік беру жүйелері кепілдік төлеуші моделінен шешімдерді ерте дайындауды көздейтін кеңейтілген мандатқа қарай дамып келеді.
5. Сақтандыру нарығын дамыту пайымы
Пайым халық пен бизнеске сенімді сақтандыру қорғанысына кең қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан дамыған сақтандыру секторын қалыптастырудан тұрады. Сақтандыру нарығы ұзақ мерзімді жинақтардың маңызды институтына және экономиканың институционалдық инвесторына айналып, тәуекелдердің тиімді бөлінуін қамтамасыз етуге, үй шаруашылықтарының, кәсіпорындардың және мемлекеттің қолайсыз оқиғаларға төзімділігін нығайтуға тиіс. Бағдарламаның мақсаты – сақтандыру қорғанысы деңгейінің артуын, ұзақ мерзімді сақтандыру және жинақтаушы тетіктердің дамуын, экономикадағы тәуекелдердің тиімді бөлінуін, сақтандыру секторының қаржылық орнықтылығының нығаюын және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы сақтандыру рөлінің артуын қамтамасыз ететін, орнықты, бәсекеге қабілетті және азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланған сақтандыру нарығын қалыптастыру.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін жеті міндетті іске асыру көзделеді.
Бірінші – міндетті сақтандырудың заманауи және теңгерімді жүйесін қалыптастыру: реттеудің икемді екі деңгейлі архитектурасы мен тәуекелге барабар тарифтеуге негізделген бірыңғай модель, тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру мен шетелдік туристерді медициналық сақтандыруды қоса алғанда, қорғаныстағы әлеуметтік маңызы бар олқылықтарды жою, сондай-ақ ҚЖОМС пен КҚИ АҚЖМС-ті жетілдіру.
Екінші – ерікті және ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдерін озыңқы дамыту: зейнетақы аннуитеттерінің желісін кеңейту, ЕМС пен МӘМС-тің өзара іс-қимыл моделі, мүліктік сақтандырудың, ШОБ-қа арналған шешімдердің және исламдық қаржыландыру өнімдерінің өсуіне жағдай жасау.
Үшінші – тұтынушылар құқықтарын қорғау деңгейін арттыру және сенімді нығайту: негізгі ақпаратты стандартталған түрде ашу, делдалдардың рөлдерін ажырату, сақтандыру маркетплейстерінің реттелетін режимі, банк арқылы сақтандыруда клиенттерді қорғау және қаржылық және сақтандыру сауаттылығының ұлттық бағдарламасы.
Төртінші – цифрлық, статистикалық, актуарлық және кадрлық инфрақұрылымды дамыту: БСДҚ – ортақ цифрлық инфрақұрылым ретінде, электрондық формат – жаппай сыныптар үшін базалық формат ретінде, Орталық актуарийді және кадрлар даярлау жүйесін құру.
Бесінші – сақтандыру секторының орнықтылығын арттыру: халықаралық стандарттармен салыстырмалы пруденциялық реттеу және төлем қабілеттілігі моделі, қайта сақтандырудың елдік тұжырымдамасы және сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің шешімдерді ерте дайындауға және тапшылықты өтеу қағидаты бойынша қаржыландыруға көшуі.
Алтыншы – сақтандыру өнімінің бүкіл өмірлік циклін қамтитын қадағалау циклі негізінде тәуекелге бағдарланған және мінез-құлықтық қадағалау моделін жетілдіру.
Жетінші – инвестициялық режимдердің аражігін ажырату және бақыланатын инвестициялық периметрді кеңейту есебінен сақтандыру нарығының зейнетақы жүйесіндегі және капитал нарығындағы рөлін күшейту.
Міндеттерді іске асыру нарықты дамытудың бес негізгі мақсатына негізделеді: экономиканы дамытудағы сақтандырудың рөлін арттыру, инновацияларды енгізу және цифрлық трансформация, қаржылық орнықтылықты қолдау, бәсекелестікті дамыту және тұтынушыларды қорғау, инклюзивтілікті қамтамасыз ету.
6. Дамудың стратегиялық бағыттары
Бағдарламада айқындалған пайымға қол жеткізу нарықтың жұмыс істеуінің толық контурын қамтитын он сегіз стратегиялық бастаманы біріктіретін алты стратегиялық бағытты дәйекті іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.
I стратегиялық бағыт. Міндетті сақтандыруды жетілдіру
Міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне көшу құқықтық реттеудің бытыраңқылығын жояды және актуарлық есептеулер негізінде сақтандыру өнімдерінің параметрлерін тұрақты жаңарту тетігін жасайды. Осы негізде әлеуметтік маңызы бар сыныптар – ҚЖОМС пен КҚИ АҚЖМС жетілдіріледі. Бастамаларды іске асыру өтеу құны мен сақтандыру тәуекелі деңгейінің әділ арақатынасын қамтамасыз етеді.
1-стратегиялық бастама: Міндетті сақтандыру ландшафтын қайта қарау. Қолданыстағы міндетті және міндеттелген сақтандыру түрлерін екі деңгейлі архитектура шеңберінде реттеудің ортақ қағидаттары бар міндетті сыныптардың бірыңғай тізбесіне біріктіру ұсынылады: заң сақтандыру қорғанысының негізгі қағидалары мен кепілдіктерін бекітеді, ал өзгермелі экономикалық параметрлер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен және шарттармен белгіленеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бірінші кезеңде тұрғын үйді жер сілкінісінен, су тасқынынан (сел мен су басудан) және орман өрттерінен міндетті сақтандыру енгізіледі: жүйе елдің 3 өңірінде пилоттық режимде іске қосылып, кейін тәуекелге бейім 16 өңірге таратылады; жылдық жарна тұрғын үйге салынатын мүлік салығының сомасымен салыстырмалы түрде 2 000-нан 20 000 теңгеге дейінгі шекте болады және өңірдің тәуекел деңгейіне байланысты болады, ал төлем мөлшері төленген жарна сомасының 500 еселенген шамасын құрайды. Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттің қатысуымен Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорын құру ұсынылады. Апаттық тәуекелдерді өтеу жылжымайтын мүлікті ерікті сақтандырудың барлық шарттарына енгізіледі. Екінші кезеңде Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетел азаматтарын шұғыл көмекті, медициналық тасымалдауды және репатриациялауды ең төменгі өтеумен міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің орындылығы туралы мәселе қаралады. Сақтандырудың бұл түрін елге уақытша келетін және оның аумағында болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға, мысалы, туристік және білім алу мақсатында, олардың Қазақстан Республикасында болуының бүкіл кезеңіне қолдану ұсынылады. Бұдан басқа, жаңа сыныптарды енгізу немесе қолданыстағы сыныптар бойынша өтеуді кеңейту мүмкіндігі бағаланады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жекелеген санаттары мен тәуекелдері үшін ерікті агросақтандыруда міндеттілік элементтерін, мүлікті өрттен міндетті сақтандыруды (коммерциялық жылжымайтын мүлік және жалға берілетін тұрғын үй) және ШОБ субъектілерінің жекелеген санаттарының АҚЖ-ын пысықтау. Әрбір жаңа сынып бойынша шешім Орталық актуарийдің актуарлық бағалауынан кейін қабылданады.
2-стратегиялық бастама: ҚЖОМС жүйесін жетілдіру – тарифтер мен реттеушілік рөлдерді қайта қарау. Сақтандыру қорғанысы шарттарын өзгертудің тұрақты тәртібін белгілеу үшін төлемдердің көлемін немесе ұзақтығын елеулі түрде өзгерту кешенді актуарлық және қаржы-экономикалық бағалау және қаржыландыру көздерінің келісілген бағалауы болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұдан басқа, тәуекелге бағдарланған тарифтеуді енгізу мәселесі қаралады: базалық мөлшерлеме кәсіптік тәуекелдің әрбір тобы үшін есептеледі, ал нақты жұмыс беруші үшін құн сақтандыру жағдайларының жиілігі мен ауырлығын, төлемдер тарихын, еңбекті қорғаудың жай-күйін және жарақаттанудың алдын алуға жұмсалған расталған инвестицияларды ескере отырып, тарифтік дәліз шегінде түзетіледі – тәуекелдің тұрақты төмендеуі тариф құнын азайтуға мүмкіндік береді. Кешенді құқықтық, қаржы-актуарлық және әлеуметтік модельдеу нәтижелері бойынша қызметкерлердің бұрын алған құқықтарын нашарлатпай, әртүрлі сипаттағы міндеттемелерді екі дербес контурға бөлудің орындылығы айқындалады; сондай-ақ институционалдық модельді нақтылау көзделеді: Агенттікке өнімді реттеуді, тарифтік әдіснаманы (ЕХӘҚМ-мен келісу бойынша) және қадағалауды, ЕХӘҚМ-ге еңбекті қорғау саясатын және зиянды еңбек жағдайларын сыныптауды, Орталық актуарийге тәуелсіз есептеулерді және тарифтік шешімдердің жария актуарлық негіздемесін бекіту ұсынылады.
3-стратегиялық бастама: КҚИ АҚЖМС экономикасының орнықтылығын арттыру. Бастама шеңберінде сақтандыру тарифтерінің сақтандыру тәуекелдерінің нақты деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ететін оларды реттеудің икемді жүйесін кезең-кезеңімен енгізу арқылы тариф белгілеу тетігін жетілдіру көзделеді. Қолданыстағы бонус-малус жүйесінен реттелетін скорингке – мемлекеттік цифрлық жүйелер мен БСДҚ деректері негізінде дәліз шегінде тарифті бақыланатын түрде дараландыруға кезең-кезеңімен көшу ұсынылады. Сақтандырушылар клиенттерге берілген үстеме немесе жеңілдіктің себептерін ашып көрсетуге міндетті болады. Сақтандырушылардың скорингтік модельдері уәкілетті орган бағалап, келіскеннен кейін ғана қолданылады, ал олардың орнықтылығы мен объективтілігі расталғаннан кейін Орталық актуарийдің бағалауы негізінде қайта қаралатын бірыңғай тарифтік дәлізге көшу жоспарлануда. Реттеу құнын бақылаудың негізі ретінде қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстары құнының бірыңғай анықтамалығын айқындау ұсынылады. Зауыттық кепілдіктегі көлік құралдары үшін тозуды шегеру қолданылмайды. Сондай-ақ көлік құралдарының тозуын есепке алудың бірыңғай тәсілдері және өтеудің заттай нысаны көзделеді: сақтандыру өтемін ақшалай немесе серіктес техникалық қызмет көрсету станциясында жөндеу арқылы алуды таңдау құқығы тұтынушыда болады. Сондай-ақ КҚИ АҚЖМС полистерін цифрлық сатудың бірыңғай стандарттарын енгізу ұсынылады.
II стратегиялық бағыт. Ерікті сақтандыруды дамыту
Ерікті сақтандыру түрлерін дамыту қолайсыз оқиғалар орын алған кезде азаматтар мен бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайтады, ұзақ мерзімді жинақтардың қалыптасуына ықпал етеді және тұтастай алғанда экономиканың орнықтылығын арттырады.
4-стратегиялық бастама: Зейнетақы өнімдерінің желісін кеңейту. Зейнетақы өнімдерінің екі деңгейлі архитектурасы қалыптастырылады: бірінші деңгей – кепілдік берілген өмір бойғы төлемдері және төлем бейінін таңдау мүмкіндігі бар стандартты өнімдер (алғашқы жылдары жоғарырақ төлемдер, жыл сайынғы өсім не ұзақ мерзімді инфляцияны ескере отырып ұлғайту), екінші деңгей – қаражаттың бір бөлігі кепілдік берілген кірісті қамтамасыз ететін, ал бір бөлігі қосымша инвестициялық кіріс алу үшін инвестицияланатын икемді шешімдер. Зейнетақы өнімдерінің үш сыныбы бекітіледі: кепілдік берілген зейнетақы аннуитеті, кепілдік берілген аннуитетке айырбасталатын инвестициялармен байланысты (unit-linked) аннуитет және гибридті аннуитет. Зейнетақы жинақтары бүкіл өмір кезеңіне жетпей қалу тәуекелінен қорғаудың қолжетімділігін арттыру шаралары және зейнетақыны жоспарлау инфрақұрылымын дамыту көзделеді.
5-стратегиялық бастама: Қамтуды кеңейте отырып, ЕМС пен МӘМС-тің өзара іс-қимыл моделін әзірлеу. Медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және халықты ерікті медициналық сақтандырумен (ЕМС) қамтуды арттыру мақсатында ЕМС-ті мемлекет және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі кепілдік берген көлемнен тыс медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған негізінен толықтырушы модель бойынша дамыту көзделеді. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік органдармен және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, қосарланған қаржыландыру мен шығыстардың қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік және ерікті сақтандыру өтеуінің аражігін нақты ажырату тетіктері пысықталады.
Халықты ЕМС-пен қамтуды кеңейту үшін қызметкерлері үшін ЕМС-ті алғаш рет сатып алатын жұмыс берушілерге, ең алдымен шағын және орта бизнес субъектілеріне, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақыларын өз бетінше төлейтін жеке тұлғаларға арналған ынталандыру шаралары кешенін пысықтау көзделеді. Сонымен қатар цифрлық сату арналарын пайдалана отырып, стоматологияны, диагностиканы, жекеменшік медициналық ұйымдарда қызмет көрсетуді және медициналық туризмді қоса алғанда, медициналық шығыстардың ең көп сұранысқа ие бағыттары бойынша базалық бөлшек сақтандыру өнімдерін дамыту болжанады.
Сондай-ақ азаматтардың электрондық келісімімен сақтандырушыларға дербестендірілген медициналық деректерге қол жеткізу мүмкіндігін беруді, актуарлық есептеулер үшін иесіздендірілген деректерді пайдалануды және дербес деректерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ЕМС-ті Damumed арқылы пациент жолына интеграциялауды қоса алғанда, МӘМС, ЕМС және медициналық қызметтерді жеткізушілердің цифрлық өзара іс-қимылын жетілдіру мүмкіндігі пысықталады.
6-стратегиялық бастама: Жалпы сақтандырудың мүліктік қамтуын кеңейту. Ерікті мүліктік сақтандырудың қолжетімділігін арттыру және сақтандырумен қамтуды кеңейту үшін мүліктік тәуекелдердің таксономиясы мен аналитикасы жетілдіріледі, сондай-ақ негізгі шарттарды ашудың бірыңғай форматы бар және цифрлық өзара іс-қимыл нүктелері кеңейтілген тұрғын үйді сақтандырудың кірістірілген арналарын дамыту көзделеді. Мемлекеттік активтер үшін портфельдік модельді қалыптастыру ұсынылады: санаттарға (әлеуметтік, коммуналдық, инфрақұрылымдық, әкімшілік және квазимемлекеттік объектілер) бөлінген басым мемлекеттік және әлеуметтік активтердің бірыңғай тізілімін құрудың және әрбір санат үшін қорғаудың оңтайлы тәсілін – бюджет есебінен өтеуді, коммерциялық сақтандыруды, бірлесіп сақтандыруды немесе тәуекелдерді қайта сақтандыруға беруді таңдаудың орындылығы қаралады. Сондай-ақ қайта сақтандырудың елдік тұжырымдамасының тәсілдерін ескере отырып, мемлекеттік мүлікті сақтандыруға бірыңғай талаптар белгілеудің орындылығы қаралады.
III стратегиялық бағыт. Сату арналарын дамыту және тұтынушыларды қорғау
Халық пен бизнесті сақтандыру қорғанысымен қамтуды кеңейту сату арналарының сапасына, сақтандыру шарттарының ашықтығына және сақтанушылардың сенім деңгейіне байланысты. Бұл бағыттар кешенді түрде сақтандыруға деген сенімді нығайтып, орнықты сұраныс қалыптастырады.
7-стратегиялық бастама: Сақтандыру нарығының клиентке бағдарлануын арттыру. Сақтандыру жағдайларын реттеуде брокерлердің рөлін күшейте отырып және ерікті де, міндетті де сақтандыру сыныптары бойынша жеке тұлға клиенттермен жұмыс істейтін агенттердің қызмет аясын кеңейте отырып, сақтандыру делдалдарының рөлдерін нақты бөлу көзделеді. Сонымен қатар делдалдың мәртебесі және оның комиссиялық сыйақысының мөлшері туралы ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды күшейту, агенттерді даярлау және аттестаттау жүйесін нығайту ұсынылады. Сақтандыру маркетплейстері үшін оңайлатылған рұқсат беру тәртібін енгізу және бұл сату арнасын сақтай отырып, банк арқылы сақтандыруда тұтынушыларды қорғауды күшейту ұсынылады. Сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтанушыларды сүйемелдеу бойынша жүйелі негізде қызмет көрсететін тұлғалардың қызметін реттелетін периметрге енгізу ұсынылады.
8-стратегиялық бастама: Халықтың сақтандыру сауаттылығын арттыру. Қаржылық және сақтандыру сауаттылығының ұлттық бағдарламасы сақтандыру өнімдерін түсінуді және жеке қаржыны басқаруды, халық пен бизнестің ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын, сондай-ақ алаяқтық пен жосықсыз тәжірибелерден қорғануды қамтиды – мектептер, ЖОО-лар, жұмыс берушілер, банктер және цифрлық платформалар арқылы әртүрлі топтарға арналған мамандандырылған модульдермен.
IV стратегиялық бағыт. Үдерістерді цифрландыру, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту
Сақтандыру нарығының инфрақұрылымы – цифрлық сервистер, цифрлық ресурстар, актуарлық институттар және кәсіби құзыреттер – сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға және реттеудің тәуекелге бағдарланған тәсілдерін енгізуге негіз жасайды.
9-стратегиялық бастама: Сақтандыру үдерістерін цифрландыру. Сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, тұтынушылардың сақтандыру ұйымдарымен өзара іс-қимылын жеңілдету және сақтандыру үдерістерінің тиімділігін арттыру үшін өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бірыңғай цифрлық клиенттік жол қалыптастырылады: электрондық шарт жаппай сыныптар үшін базалық форматқа айналады, онлайн реттеу және цифрлық төлем полисті сатып алу арнасына қарамастан қолжетімді опциялар болады. БСДҚ жосықсыз мінез-құлыққа қарсы іс-қимыл контурын қоса алғанда, деректер алмасудың, реттеудің және қадағалауды ақпараттық қолдаудың ортақ инфрақұрылымы ретінде дамиды. Клиент өзінің сақтандыру деректерін беруді өз бетінше басқаратын ашық сақтандыру экожүйесі үшін жағдай жасалады.
10-стратегиялық бастама: Орталық актуарий функциясын құру және дамыту. Актуарлық есептеулердің сапасын және сақтандыру тарифтерінің негізділігін арттыру үшін актуарлық есептеулердің әдіснамасын, өлім-жітім кестелерін, ҚЕХС 17 бойынша ұзақ мерзімді сақтандыру төлемдерін есептеуге арналған актуарлық мультипликаторларды әзірлейтін, міндетті сыныптар бойынша тарифтік дәліздерді есептеуді және тұрақты қайта қарауды жүзеге асыратын, сондай-ақ зейнетақы жүйесі мен сақтандыру ұйымдарының орнықтылығына тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізетін актуарлық сараптаманың тәуелсіз орталығы құрылады. Сондай-ақ иесіздендірілген деректердің бірыңғай салалық пулын және актуарлық есептеулердің бірыңғай әдіснамасын қалыптастыру мәселесі қаралады.
11-стратегиялық бастама: Кадрлық әлеуетті және кәсіби құзыреттерді дамыту. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ) жанынан реттеушінің, сақтандыру ұйымдарының және академиялық қауымдастықтың қатысуымен Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру, нарықтың негізгі кәсіптері бойынша құзыреттердің бірыңғай стандарттары мен сертификаттау жүйесін, сондай-ақ үздіксіз кәсіби дамуды енгізу көзделеді.
V стратегиялық бағыт. Сақтандырудың жаңа бизнес-модельдерін дамыту
Жаңа бизнес-модельдерді дамыту сақтандыру нарығының мүмкіндіктерін кеңейтеді, клиенттердің жаңа санаттарын тартады және қосымша кіріс көздерін қалыптастырады.
12-стратегиялық бастама: Шағын және орта бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту. Шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері үшін сақтандыру қорғанысының қолжетімділігін арттыру мақсатында ШОБ-қа арналған өнімдер туралы негізгі ақпаратты сақтандыру шешімінің паспорты форматында ашуға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді, стандартты өнімдердің шарттарын оңайлату және оларды қашықтықтан ресімдеу жөніндегі ұсынымдар әзірленеді. Нақты шешімдерді әзірлеу сегменттердің – сауданың, қызмет көрсету саласының, қоғамдық тамақтандырудың, қойма және өндірістік қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, нарық қатысушыларының еркінде қалады. Бұдан басқа, бизнестің негізгі тәуекелдерін біріктіретін кешенді шешімдерді дамытуды ынталандыру және сақтандыруды ШОБ экожүйесіне интеграциялау мүмкіндіктері қаралады.
13-стратегиялық бастама: Шариғат қағидаттарына сәйкес келетін өнімдер желісін кеңейту. Исламдық сақтандыру нарығын дамыту үшін исламдық терезелер тетігі – исламдық қызметтің ұйымдастырушылық, қаржылық және шариғаттық оқшаулануын қамтамасыз ете отырып, өнім желісін кезең-кезеңімен дамыта отырып, сақтандыру ұйымдарының жеке заңды тұлға құрмай такафул өнімдерін ұсыну мүмкіндігі енгізіледі.
14-стратегиялық бастама: Сақтандыру ұйымдарының институционалдық инвесторлар ретіндегі рөлін күшейту. Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық портфельдерін әртараптандыру және олардың экономиканы қаржыландыруға қатысуын кеңейту үшін инвестициялық периметр кеңейтіледі: ETF-ті рұқсат етілген үлесі 20%-ға дейінгі жеке активтер сыныбына бөлу, портфельдің 20%-ына дейінін қорғалған форматтағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялау, шетелдік облигациялардың рұқсат етілген үлесін 20%-ға дейін ұлғайту және рейтингтік талаптарды сақтай отырып, шетелдік акцияларды 20%-ға дейінгі лимитпен жеке сыныпқа бөлу; көрсетілген мәндер нысаналы бағдарлар болып табылады және пруденциялық бағалау нәтижелері бойынша нақтыланады. Жергілікті капитал нарығын және ұзақ мерзімді активтерге қолжетімділікті дамыту, экономиканы қаржыландырудағы сақтандырушылардың рөлін кеңейту, сондай-ақ клиенттік қаражатты кастодианда оқшаулай отырып, үш инвестициялық контурдың – сақтандыру ұйымының меншікті активтерінің, кепілдік берілген зейнетақы өнімдері бойынша клиенттер қаражатының және инвестициялық өнімдер бойынша қаражаттың аражігін ажырату көзделеді.
VI стратегиялық бағыт. Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету
Өнім желісі кеңейіп, сақтандырушылар қабылдайтын міндеттемелер ұлғайған сайын капиталдың жеткіліктілігі мен сапасына, тәуекелдерді басқарудың тиімділігіне, қайта сақтандыру қорғанысының сенімділігіне және тұтынушылар алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін активтердің сапасына қойылатын талаптар артады.
15-стратегиялық бастама: Лицензиялау моделін ырықтандыру. Бәсекелестікті дамыту және нарыққа жаңа ойыншылардың шығуы үшін қаржылық орнықтылыққа, рейтингке және қадағалау ақпаратымен алмасу мүмкіндігіне назар аудара отырып, шетелдік сақтандыру ұйымдары филиалдарының ішкі нарыққа шығу тәртібін оңайлату мәселесі қаралады. Бұдан басқа, жоғары рейтингі бар шетелдік ұйымдар үшін лицензиялық рәсімдер ырықтандырылады. Өзара сақтандыру қоғамдарының режимі іс жүзінде пайдаланылмайтындықтан, қайта тіркеу немесе ерікті түрде тарату үшін өтпелі кезең белгіленіп, күшін жояды.
16-стратегиялық бастама: Қайта сақтандырудың толыққанды елдік саясатын қалыптастыру. Бизнес желілері бойынша қайта сақтандыруға сараланған тәсілді бекіту мәселесі қаралады: жаппай стандартталған тәуекелдерді негізінен ұлттық сақтандырушылардың ұстап қалуы, ірі тәуекелдер үшін гибридті модель және апаттық тәуекелдер үшін халықаралық сыйымдылықтың негізгі рөлін сақтау. Ірі тәуекелдерді басқарудың тиімділігін арттыру және ұлттық қайта сақтандыру сыйымдылығын дамыту үшін ірі және стратегиялық маңызы бар тәуекелдердің тізілімін қалыптастыру, жергілікті қатысуды деректер мен сараптаманы жинақтау арқылы кезең-кезеңімен дамыту ұсынылады. Арнайы қайта сақтандыру тетіктерін тек нақты өлшемшарттар бойынша – коммерциялық қайта сақтандыру сыйымдылығы объективті түрде жеткіліксіз болғанда және тәуекелдің әлеуметтік немесе экономикалық маңызы жоғары болғанда ғана құру ұсынылады; саясат параметрлері тұрақты бағалануға жатады.
17-стратегиялық бастама: Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру. Реттеу рәсімдеріндегі СТКҚ рөлін кеңейту ұсынылады: міндеттемелерді талдау негізінде шешімдерді ерте дайындау, деректерге ерте қол жеткізу жүйесі және міндеттемелерді тапшылықты өтеу (top-up) қағидаты бойынша қаржыландыруға көшу, бұл ретте қор қаражаты берілетін сақтандыру портфелінің активтері мен міндеттемелері арасындағы расталған тапшылықты өтеу үшін ғана пайдаланылады.
18-стратегиялық бастама: Сақтандыру секторында тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу. Сақтандыру ұйымдарының қызметіндегі тәуекелдерді уақтылы анықтау және қадағалау бағалауының сапасын арттыру үшін сақтандыру ұйымдарын қаржылық орнықтылықтың 32 индикаторы және сапалық блоктар бойынша жыл сайын бағалай отырып, SRES негізінде бірыңғай тәуекелге бағдарланған қадағалау циклін дамыту көзделеді, сондай-ақ сақтандыру міндеттемелерін қадағалау тұрғысынан бағалауға ҚЕХС 17-ні интеграциялай отырып, Solvency II-мен салыстырмалы пруденциялық қадағалау моделі кезең-кезеңімен қалыптастырылады. Бұдан басқа, тәуекелдің нақты берілуіне бағдарланған қайта сақтандыруды мамандандырылған қадағалауды енгізу; мінез-құлық қадағалауын енгізіліп жатқан мінез-құлық тәуекелдерін бағалау (CRES) және сақтандыру өнімінің бүкіл өмірлік циклін қамту негізінде дамыту; тәуекелдерді ерте анықтау контурын толықтыру үшін деректер мен қадағалау технологияларын дамыту, тексерулер мен қадағалау араласуын жетілдіру ұсынылады.
7. Күтілетін нәтижелер және нысаналы көрсеткіштер
Бағдарламаны іске асырудың табыстылығы дамудың стратегиялық бағыттарымен байланыстырылған негізгі нысаналы көрсеткіштер жиынтығымен бағаланады; әрбір көрсеткіш үшін базалық және нысаналы мәндер, есептеу әдістемесі мен көздері айқындалады.
|
Бағыт |
Нысаналы көрсеткіш |
Бірлік |
Базалық мәні (2026) |
Нысаналы мәні (2030) |
|
Тұтастай нарық |
Сақтандырудың ену деңгейі (сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы) |
% |
1,2 |
2,0 |
|
Орнықтылық және қадағалау |
Сақтандыру ұйымдары активтерінің 2025 жылғы деңгейден өсімі |
% |
кемінде 10 |
кемінде 55 |
8. Іске асыру
Негізгі өзгерістерді заң деңгейінде (бірінші кезектегі заңнамалық блоктар – 2026–2027 жылдар) және өзгермелі экономикалық параметрлерді заңға тәуелді деңгейге ауыстыра отырып, нормативтік құқықтық актілер деңгейінде бекіту ұсынылады. Іс-қимыл жоспары Бағдарламаның қолданбалы жалғасы болып табылады және аяқталу нысанын, мерзімдерін және жауапты орындаушыларды көрсете отырып, бастамаларды іске асыру жөніндегі іс-шараларды бекітеді. Үйлестіруді Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен, бейінді министрліктермен және ведомстволармен, нарық қатысушыларының бірлестіктерімен және инфрақұрылымдық ұйымдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
316
09 қараша 2026 15:50
09 қараша 2026