Жетісу ауданы — Алматы қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігі. 1936 жылғы 14 қыркүйекте Ленин ауданы ретінде құрылған. 1995 жылғы 12 желтоқсанда Жетісу ауданы болып қайта аталды.
1936 жылы халық санының өсуіне, өнеркәсіптің, коммуналдық шаруашылықтың, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларының дамуына байланысты әкімшілік-аумақтық құрылымды жетілдіру қажеттілігі туындады. Қала аумағы үш ауданға: Ленин, Сталин және Фрунзе аудандарына бөлінді. Ленин ауданы қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөлігін қамтыды.
Ленин ауданының құрамына Пролетар поселкелік кеңесі, Бурундай және Фрунзе ауылдық кеңестері де кірді. Ауданның оған іргелес колхоздарымен бірге аумағы шамамен 30 мың гектарды құрады.
Құрылған сәттен бастап аудан өнеркәсіптік және әлеуметтік маңызы зор аумақтардың бірі болды. Оның аумағында ет комбинаты, темекі фабрикасы, Түрксіб кәсіпорындары, ЖЭО-1, нан зауыты, өнеркәсіп кәсіпорындары, білім беру және денсаулық сақтау нысандары орналасты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында аудан аумағына майдан шебіне жақын өңірлерден көшірілген бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындары орналастырылды. Олардың қатарында С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты болды. Сондай-ақ ауданда жаңа жұмысшылар кенттері мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтерді.
Соғыстан кейінгі жылдары ауданның тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымы қарқынды дамыды. Жаңа тұрғын орамдары, мектептер мен кәсіпорындар салынды, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, көшелерді жарықтандыру және қоғамдық көлік желілері кеңейтілді.
1949-1950 жылдары Ленин ауданының негізгі магистральдары Ташкент, Қапал трактісі, Пастер және Өзбек көшелері болды.
1960 жылғы 13 шілдеде Үлкен Алматы өзенінің шығысында және Ташкент тасжолының солтүстігінде орналасқан аумақ Ленин аудандық кеңесінің әкімшілік бағынысына берілді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясына сәйкес жергілікті жерлердегі мемлекеттік биліктің атқарушы органдары әкімдер басқаратын әкімдіктер болып белгіленді.
1995 жылғы 12 желтоқсанда Ленин ауданы Жетісу ауданы болып қайта аталды.
1998 жылғы 2 қазанда Жетісу ауданының аумағына Іле ауданының 445 гектар жері қосылды.
2000 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жетісу ауданының аумағы 5 100 гектарды, ал тұрақты тұрғындар саны 141,4 мың адамды құрады.
2003 жылғы 11 маусымда қала шекарасына қосылған елді мекендер Жетісу ауданының шағынаудандары болып қайта құрылды:
-
Қарасу кенті — «Қарасу» шағынауданы;
-
Үжет кенті — «Ожет» шағынауданы;
-
«Заря Востока» кенті — «Заря Востока» шағынауданы;
-
Қызыл Трудовик кенті — «Трудовик» шағынауданы;
-
Құрылыс кенті — «Құрылысшы» шағынауданы.
2008 жылы Алатау ауданының құрылуына байланысты Жетісу ауданының жаңа әкімшілік шекарасы белгіленді.
2014 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің №798 Жарлығына сәйкес Алматы облысы Іле ауданының Первомайка кентінің аумағы Жетісу ауданының құрамына енгізілді.
Бүгінгі таңда Жетісу ауданы — Алматы қаласының әкімшілік аудандарының бірі. Аудан аумағында тұрғын алқаптар, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері, сондай-ақ көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары орналасқан.