Жиі қойылатын сұрақтар
ҚР АК-нің 1072-2-бабына сәйкес мұраның ашылу күнінен бастап алты ай ішінде мұра қабылдануы мүмкін.
Мұра азаматтың қайтыс болуының немесе оны қайтыс болды деп жариялаудың болжамды күні ашылған жағдайда (ҚР АК-нің 1042-бабының 2-тармағы) мұра - мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетiлмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін.
Егер мұрагерлік құқығы басқа адамдар үшін мұрагердің мұрадан бас тартуы, басқа мұрагердің мұраны қабылдамауы немесе ҚР АК-нің 1045-бабында белгіленген негіздер бойынша мұрагердің мұрадан аластатылуы салдарынан туындаса, мұндай адамдар мұраны оларда мұрагерлік құқығы туындаған күннен бастап алты ай ішінде қабылдай алады.
Бұл ретте заңнамада мұраны қабылдаудың өткізіп алған мерзімдерін қалпына келтіру тәртібі көзделген.
ҚР АК 1072-3-бабына сәйкес егер мұрагер бұл мерзімді дәлелді себептер бойынша өткізіп алған болса және мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған мұрагер бұл мерзімді өткізу себептері жойылғаннан кейін алты айдың ішінде сотқа жүгінген жағдайда, мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді (осы Кодекстің 1072-2-бабы) өткізіп алған мұрагердің өтініші бойынша сот бұл мерзімді қалпына келтіре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.
Мұрагер мұраны қабылдады деп танылған кезде сот барлық мұрагерлердің мұрагерлік мүліктегі үлестерін анықтайды және қажет болған жағдайда жаңа мұрагердің мұрадан өзіне тиесілі үлесін алу құқығын қорғау жөнінде шаралар белгілейді. Бұған дейін берілген мұраға құқық туралы куәліктерді сот жарамсыз деп таниды.
Осылайша, заңнамада қайтыс болған қарыз алушының берешегін өтеу туралы мәселені реттеу үшін арнайы мерзім белгіленбеген. Аталған мәселені қарау мерзімі мұраны қабылдауға, мұрагерлер тобын анықтауға, сот дауларының болуына және мұрагерлік құқықтарды ресімдеуге байланысты басқа жағдайларға байланысты болуы мүмкін.
Мұрагерлерге мұраны қабылдағаннан кейін кредиторлар оларға талаптар қоюға құқылы. Осыған байланысты мұраны қабылдау және мұрагерлік құқықтарды ресімдеу заңды маңызы бар жағдай болып табылады.
Сонымен бірге заңнама үшінші тұлғаларға қарыз алушының берешегін өтеу есебіне төлем жасауға тыйым салмайды.
Сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемін сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырады.
Сақтандыру төлемінен кейін берешек қалдығының болуының өзі мұрагерлердің оны толық көлемде өтеу жауапкершілігіне әкеп соқпайды. Мұрагерлердің жауапкершілік көлемі ҚР АК-нің 1081-бабының талаптарын ескере отырып айқындалады және қабылданған мұраның құнымен шектеледі.
ҚР АК-нің 287-бабына сәйкес кредиторлардың әрқайсысы мiндеттеменi толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға мiндеттi болуына сәйкес көп жақтар қатысатын мiндеттеме ортақтасқан мiндеттеме деп танылады.
Борышқорлар ортақтасып мiндеттi болған жағдайда кредитор барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенiнен де, оның үстiне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бiрiнен толық қанағаттанбаған кредитор алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы. Ортақтас борышкерлер міндеттеме толық орындалмайынша міндетті болып қалады.
Осылайша, бірнеше қарыз алушымен қарыз шартын жасасу кезінде олардың біреуі қайтыс болған жағдайда қалған қарыз алушылардың міндеттемелері сақталады. Банк қарыз шартының талаптарына сәйкес қарыз алушылардан міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы.
ҚР АК-нің 330-бабына сәйкес кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) кредитор алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi.
Егер кепілгерлік шарттарында өзгеше көзделмесе, кепілгер кредитордың алдында кепілгерлікте көрсетілген сома шегінде жауапты болады. Субсидиарлық жауапкершілікке ие кепілгерге талаптар қойылғанға дейін кредитор борышкердің бұл талапты қанағаттандыруы үшін, атап айтқанда, қарсы талапты есепке жатқызу және борышкердің мүлкіне белгіленген тәртіппен өндіріп алу жолымен ақылға қонымды шаралар қабылдауы тиіс.
Осыған байланысты, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілгерлік шарты жасалған жағдайда, банк кепілгерге кепілгер шартында көзделген көлемде талаптар қоя алады. Бұл ретте мұрагерлердің болуы кепілгерге талаптар қоюды жоққа шығармайды. Өз кезегінде, кепіл беруші мұрагерлері болған кезде олардан ҚР АК 334-бабына сәйкес борышкердің кредитор алдындағы міндеттемесін орындаған бөлігінде қайтыс болған адамның міндеттемелерін орындауды талап етуге құқылы.
Қайтыс болған адамның мұрагерлерімен несие берешегін өтеу туралы мәселелерді ерікті түрде не сот тәртібімен шешуге болады.
Мұрагерлер болмаған жағдайда, егер кредит кепілмен қамтамасыз етілген болса, банктер кепіл мүлкінен өндіріп алуға құқылы.
Мұрагерлер мен мұрагерлік массаны құрайтын мұрагерлік мүлік болмаған жағдайда, кредитордың талаптары мұрагерлік құқыққа ие болу тәртібімен жүзеге асырылмайды, себебі қайтыс болған қарыз алушының құқықтары мен міндеттері ауыса алатын адамдар мен мүлік жоқ.
ҚР Азаматтық кодексінің[1] 1040-бабының бірінші бөлігіне сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін.
Бұл ретте ҚР АК-нің 1040-бабының екінші бөлігінде мұра қалдырушының жеке басымен тығыз байланысты құқықтар мен міндеттердің толық тізбесі белгіленген, оған қайтыс болған адамның кредиттік міндеттемелері кірмейді.
Осыған байланысты қарыздарды төлеу бойынша міндеттемелер жалпы қағидалар бойынша мұраға қалдырылады.
ҚР АК-нің 1081-бабына сәйкес мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышқорлар ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы.
Егер мұра алған мұрагерлер мұраның құрамына кіретін мүлікті немесе оған құқықтарды тіркеуден жалтарған жағдайда, мұра қалдырушының кредиторлары мәжбүрлеп тіркеуді талап етуге құқылы.
Осылайша, мұра қалдырушының міндеттемелері мұрагерлерге қабылданған мұраның құны шегінде өтеді.
Мұра болмаған не мұра қабылданбаған жағдайда қайтыс болған адамның мұрагерлерінде оның қарыздарын төлеуге негіз жоқ.
[1] Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
| Банк банктік қарыз шартына қызмет көрсету кезеңінде клиенттің (қарыз алушының) немесе кепіл берушінің сұрау салуы бойынша (банк құпиясы талаптарын сақтай отырып) сұрау салуды алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда мыналар туралы мәліметтерді ұсынады: 1) банкке төленген ақша сомасы; 2) мерзімі өткен берешек мөлшері (болған жағдайда); 3) берешек қалдығы; 4) кезекті төлемдердің мөлшері мен мерзімдері; 5) несиелеу лимиті (болған жағдайда). Сонымен қатар, клиенттің өтініші бойынша банк айына 1 реттен жиі емес, 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде берешекті өтеу есебіне түсетін клиент ақшасының бөлінуі туралы ақпаратты өтеусіз (тегін) ұсынады. |
| «Қазақстан Республикасындағы кредит бюролары және кредит тарихын қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес, ақпарат берушілер (банктер, микроқаржы ұйымдары және өзге де кредиторлар) кредит тарихының субъектісі туралы тиісті деректер алынған немесе өзгерген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде кредит бюроларына мәліметтерді ұсынуға міндетті. Осылайша, қарыздың толық өтелгені туралы ақпарат шарт бойынша міндеттемелер толық орындалған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде кредиттік тарихта көрініс табады. |
| «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 34-бабының 5-1-тармағына және «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңының 3-бабының 3-2-тармағына сәйкес, жеке тұлға банктік қарыздарды/микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеуге немесе алып тастауға өзі дербес және тегін құқылы — кредит бюросында немесе веб-портал арқылы. eGov.kz порталында тыйымды алып тастау үшін мобильді қосымшада авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» — «Салықтар және қаржы» бөліміне өту немесе eGov.kz порталында авторизациялану және "Көрсетілетін қызметтер" - "Кеден және салықтар" - "Кредиттік тарих" бөліміне өту қажет. «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдаңыз. «Қызметті онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, тыйымды деактивациялауды таңдаңыз және өтінімге ЭЦҚ немесе eGov QR арқылы қол қойыңыз. Тыйым бірнеше минут ішінде алынады, одан кейін банктер мен МҚҰ қайтадан несиеге өтінім қабылдай алады. Басқа адам үшін тыйымды белгілеуге немесе алып тастауға болмайды. Бас тарту саны шектелмеген және бұл процедура кредит рейтингіне әсер етпейді. |
| «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» ҚР Заңына сәйкес кредиттік тарих субъектісі күнтізбелік жылда бір рет өзінің кредиттік есебін тегін алуға құқылы. Оны келесі арналар арқылы алуға болады: eGov.kz порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы; тікелей «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-да (онлайн, оффлайн немесе пошта арқылы); «Бірінші кредиттік бюро» АҚ сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы; ХҚКО (ЦОН) бөлімшелерінде және «Қазпошта» АҚ-да. Сол күнтізбелік жыл ішінде қайта жүгінген кезде есеп ақылы негізде ұсынылады. |