Мердігер құрылыс жұмыстарын аяқтағаннан кейін сізге Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өзіндік қабылдау ережесіне 2- қосымшаға сәйкес нысан бойынша пайдалануға қабылдау актісін ресімдеумен жұмыстарды қабылдау қажет. Актіге меншік иесі, яғни сіз, мердігер және жобалау ұйымының өкілі қол қояды. Содан кейін әкімдігіңіздің Сәулет және қала құрылысы басқармасында актіні бекіту қажет.
Мемлекеттік қызметті көрсету бойынша өтінішті қабылдау және нәтижесін беру «электрондық үкіметтің» веб-порталы — gov.kz арқылы жүзеге асырылады.
Жылжымайтын мүлік объектісіне кадастрлық паспорт алу үшін мыналар ұсынылады:
- электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) немесе бір реттік парольмен куәландырылған электрондық нысандағы сұрау салу (егер көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс операторы ұсынған абоненттік нөмірі порталдағы есептік жазбасына тіркелген және қосылған болса);
- жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі;
- болған жағдайда жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының электрондық көшірмесі;
- жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын бергені үшін төлем жасалғанын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (төлем Электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы жүргізілген жағдайларды қоспағанда).
Төлем екі кезеңде жүзеге асырылады:
- Мемлекеттік қызметке өтініш беру кезінде жылжымайтын мүлік объектісін мемлекеттік техникалық тексеру қызметінің базалық құны төленеді.
- Мемлекеттік қызмет нәтижесін алу кезінде мемлекеттік техникалық тексеру бойынша орындалған жұмыстар үшін толық төлем (қосымша төлем) жүргізіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:
- пәтерлер мен жатақхана бөлмелеріне кадастрлық паспорт – 3 жұмыс күні ішінде;
- жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға және саяжай құрылыстарына – 5 жұмыс күні ішінде;
- жалпы ауданы 1000 шаршы метрге дейінгі өзге жылжымайтын мүлік объектілеріне – 7 жұмыс күні ішінде;
- жалпы ауданы 1000 шаршы метрден асатын объектілерге – 10 жұмыс күні ішінде;
- осы тармақтың екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген объектілерден басқа, күрделіліктің бірінші санатына жататын объектілерге – 5 жұмыс күні ішінде беріледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі ретінде жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы хабарлама беріледі.
Барлық негізгі рәсімнің соңғы кезеңі – пайдалануға беру актісін тіркеу. Жаңа кадастрлық паспортты алғаннан кейін пайдалануға беру актісін тіркеу үшін өтініш беру қажет. Акт «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес тіркеледі.