МАҢҒЫСТАУДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР САЛАСЫНДАҒЫ КАРТЕЛЬДІК СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

МАҢҒЫСТАУДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР САЛАСЫНДАҒЫ КАРТЕЛЬДІК СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. «ALL IT SERVICE KZ», «KHAKNAZAR», «Маңғыстау Сертификаттау Орталығы», «Aliproject.kz» және «ESD Group» мемлекеттік сатып алу конкурстарында бағаны жасанды түрде көтеру, төмендету немесе ұстап тұру мақсатында көлденең келісімдерге (картельге) барғаны анықталды.

Аталған компаниялардың басшылары бір-біріне туыстық және жақын таныстық қатынаста екені, ал әртүрлі компаниялардың атынан өткізілген конкурстарды іс жүзінде бір адамның жүргізгені анықталды. Сонымен қатар жасалған шарттарды орындау шеңберінде террористік тұрғыдан осал объектілер (мектептер, балабақшалар, колледждер) үшін оқу іс-шаралары іс жүзінде өткізілмеген: оқытудың орнына оқу материалдары ұсынылып, тиісті оқудан өтпей сертификаттар берілген. Бұл білім алушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіру тәуекелдерін туындатқан.

Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, сот шешімі бойынша «ALIMA» ЖК-дан 841 579 теңге мөлшерінде монополиялық кіріс өндіріліп, 319 068 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. «KHAKNAZAR» ЖК-дан 1 087 955 теңге мөлшерінде монополиялық кіріс өндіріліп, 351 517 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта салынған айыппұлдар толық көлемде төленіп, Департаменттің нұсқамалары толық орындалды.