БҚДА ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАННЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТІНІҢ ЖОЛЫН КЕСТІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Тараз қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру фактісі жолы кесілді.
Тергеп-тексеру барысында ағымдағы жылғы наурыз айында жеке кәсіпкердің екі трансформаторлық қосалқы станцияны электр желісіне қосылу нүктесі ретінде пайдалану үшін техникалық шарттар алуды келісу туралы ТКШ бөліміне жазбаша өтінішпен жүгінгені анықталды. Өз кезегінде ТКШ бөлімі кәсіпкерге жеке трансформаторлық торап орнату қажеттігі туралы ресми түрде хабарлаған. Бөлім аталған трансформаторлық қосалқы станциялардың жүктемесі жоғары екенін негізге алып, техникалық шарттарды алуға келісім бермеген. Алайда кейіннен жүргізілген тергеп-тексеру барысында олардың жүктемесі жоғары екендігі туралы деректер расталмады.
Осылайша, ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғасы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптарды бұзған, бұл нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіруден көрінді.
Осы бұзушылық үшін ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғасына ҚР ӘҚБтК-нің 163-бабының 2-бөлігіне сәйкес қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 648 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді.