БҚДА «МЕРКЕ ҚАНТЫ» ЖШС ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТТЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Мерке қанты» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс жүргізуді бастады.
Бұған Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген мониторинг нәтижелері негіз болды. Мониторинг барысында «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тауар биржасында өткізілуге тиіс тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлармен биржадан тыс мәмілелер жасауға тыйым салу бөлігіндегі талаптарының бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, «Мерке қанты» ЖШС 2026 жылғы маусымда тауар биржасынан тыс 60 тонна көлемінде қант өткізгені анықталды. Алайда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 27 наурыздағы №148-НҚ бұйрығына сәйкес, аталған тауар биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген.
Әкімшілік іс жүргізуді қарау қорытындысы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын «Мерке қанты» ЖШС-не Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 268-бабының 3-бөлігіне сәйкес қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 865 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта кәсіпорын айыппұлды толық көлемде төледі.