БҚО-ДА ОРАЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАСЫ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын сақтау мәселесі бойынша қызметіне қатысты тергеп-тексеру жүргізді.
Тергеп-тексеру барысында 2022 жылы Бөлім екі жобалау ұйымымен бес жыл мерзімге ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасқаны анықталды. Оларға сәйкес аталған ұйымдарға автомобиль жолдарын реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мүмкіндігі басымдықпен берілген.
Бұл ретте өзге лицензияланған жобалау ұйымдарын тарту мүмкіндігін қарастырмай, конкурс өткізбестен, бір көзден алу тәсілімен сатып алу шарты жасалған.
Аталған меморандумдар негізінде барлығы 40-тан астам жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.
Сонымен қатар, жобалау жұмыстарын өтеусіз орындау кейіннен авторлық қадағалау қызметтерін көрсетуден табыс алу мүмкіндігімен байланысты болғаны анықталды. Жекелеген жобаларда нақты құрылыс материалдарын пайдалану көзделген, бұл нарықтың басқа субъектілерінің тең жағдайларда бәсекелесу мүмкіндігін шектеген.
Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Бөлімнің әрекеттерінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 1-тармағында және 2-тармағының 8) және 9) тармақшаларында көзделген бұзушылықтар анықталды.
Нәтижесінде Бөлімнің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 648 750 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, ол төленді. Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.