ҚР БҚДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ АЛТЫ АЙЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

ҚР БҚДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ АЛТЫ АЙЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Дамир Тоқжанов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Есепті кезеңде нарық субъектілерінің іс-әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама бұзушылықтарының белгілері бойынша 3 хабарлама шығарылып, олардың барлығы толық көлемде орындалды.

Атап айтқанда, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен нарық субъектілері арасында жасалған жеткізу шарттарын қарау барысында жекелеген бәсекелестерге артықшылықты немесе кемсітушілік жағдайлар жасау белгілері анықталды. Департаменттің хабарламасы белгіленген мерзімде орындалды.

Сонымен қатар метрологиялық қызметтер нарығына жүргізілген талдау барысында «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының қажетті мүмкіндіктері бола тұра, нарық субъектісімен өлшеу құралдарын тексеру қызметтерін көрсету туралы шарт жасасудан бас тартқаны анықталды. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 5) тармақшасына сәйкес үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша хабарлама жолданып, ол толық орындалды.

Мониторинг жоспарына және келіп түскен өтініштерге сәйкес Департамент мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызмет түрлеріне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде монополияға қарсы органның келісімінсіз жарғыға қызмет түрлерін қосу немесе өзгерту, сондай-ақ тиісті келісімсіз қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілері анықталып, 21 нұсқама шығарылды, оның 19-ы белгіленген мерзімде орындалды, 2 нұсқаманың орындалу мерзімі жалғасуда.

Мемлекеттік қолдау шараларын іске асыратын 2 мемлекеттік ұйымның қызметіне мониторинг жүргізілді. Оның нәтижесінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9) тармақшасын бұзу белгілері бойынша хабарлама жолданып, ол толық көлемде орындалды.

Есепті кезеңде Департамент 35 өтінішті қарады. Оның ішінде 10 өтініш қанағаттандырылып, 8 өтініш қанағаттандырылмады, ал қалған 17 өтініш бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар «Олимпстрой-Кызылорда» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша сот қаулысымен 275 240 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Департамент тарапынан 8 тауар нарығына талдау жүргізілді, оның ішінде 2 жоспарлы және 6 жоспардан тыс талдау бар. Жоспарлы талдаулар қантты көтерме саудада өткізу және кинопрокат қызметтері нарықтарын қамтыса, жоспардан тыс талдаулар қарақұмық жармасын көтерме саудада өткізу, авиациялық керосинді көтерме және бөлшек саудада өткізу, метрологиялық жабдықтарды тексеру қызметтері, Арал ауданы бойынша тауарлық газды бөлшек саудада өткізу және азық-түлік базарларындағы сауда орындарын жалға беру нарықтары бойынша жүргізілді.

8 талдаудың 2-еуі нақты нәтиже берді. Олардың қорытындысы бойынша метрологиялық жабдықтарды тексеру және тауарлық газды бөлшек саудада өткізу нарықтарындағы субъектілерге қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданып, хабарламалар толық орындалды.

Бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу мақсатында Кедергілер жөніндегі кеңестің 7 отырысы өткізілді. Отырыстар қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Республикалық кедергілер картасына енгізу үшін Агенттікке жолданды.

Жалпы, Департаменттің жұмысы бәсекелестікті қорғауға, нарық субъектілері үшін тең жағдайлар қалыптастыруға, мемлекеттік қатысуды шектеуге және бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жоюға бағытталған.