ҚР БҚДА БҚО ДЕПАРТАМЕНТІ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК КЕДЕРГІЛЕРДІ ЖОЮ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСТЫ

ҚР БҚДА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Сағындық Иргалеев Департаменттің адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама бұзушылықтарын жою бойынша атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы айтып берді.
Жүргізілген талдау барысында жекелеген аудан әкімдіктері қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін көрсетушілерді айқындау бойынша заңнамада көзделген конкурстарды өткізбегені анықталды. Мұндай тәжірибе бәсекелестіктің жай-күйіне кері әсер етіп, оны шектеу тәуекелдерін туындатқан. Анықталған бұзушылықтар жойылды.
Сұйытылған мұнай газын бөлуге жауапты мемлекеттік органның қызметінде газды бөлу жөніндегі комиссияны қалыптастыру кезінде заңнама талаптарының бұзылу белгілері анықталды. Комиссия құрамына заңнамада көзделмеген отын қауымдастығының өкілдері енгізілген. Бұл нарыққа қатысушылардың объективтілігі мен тең қолжетімділік қағидаттарының сақталмау тәуекелдерін туындатқан. Анықталған бұзушылықтар жойылды.
Балық өсіру саласында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге жауапты мемлекеттік органның қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарының бұзылу белгілері анықталды.
Атап айтқанда, субсидия беруден бас тартылған өтініш берушілерге бас тарту себептері көрсетілген уәжді шешімдер жолданбаған. Мұндай тәжірибе жеке кәсіпкерлік субъектілерінің анықталған кемшіліктерді жоюына және мемлекеттік қолдау алу үшін қайта жүгінуіне мүмкіндік бермей, мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік қағидатының бұзылуына және, тиісінше, бәсекелестіктің шектелуіне тәуекелдер туындатқан.
Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты мемлекеттік органның қызметінде мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру үшін платформаны таңдау кезінде жекелеген нарық субъектісіне негізсіз артықшылықтар беру белгілері анықталды. Осы факт бойынша Департамент тарапынан хабарлама енгізіліп, оның орындалуы бақылауға алынды.
Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін көрсетушіні айқындау бойынша конкурс өткізу туралы хабарламаны орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың біріне қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде.
Орал қаласының прокуратурасының талабы бойынша жолдарды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша мердігерді айқындауға жауапты мемлекеттік органға қатысты мемлекеттік органның жекелеген нарық субъектілеріне артықшылық беруі мүмкін фактісі бойынша тергеп-тексеру тағайындалды.
Департамент қызметінің бағыттарының бірі – мемлекеттік органдардың зияткерлік меншік объектілері деп танылған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мүмкіндігі туралы өтініштерін қарау.
Сатып алудың мұндай тәсілі бәсекелестікті қорғау органының ұқсас тауарларды өндіретін немесе ұқсас қызметтер көрсететін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытындысы болған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін.
Есепті кезеңде Бөрілі ауданының мемлекеттік органдарының бірі бәсекелестік рәсімдерін өткізбей, 12 млн теңге сомасына сатып алуды жүзеге асыруға әрекет жасаған.
Сатып алуды ұйымдастырушы негіз ретінде болжамды өнім берушінің пайдалы модельге патенті және генераторды автоматты іске қосуға арналған бағдарламаланатын логикалық контроллерді әзірлеуші мәртебесінің болуын көрсеткен.
Алайда жүргізілген талдау нарықта ұқсас функцияларды орындайтын автоматтандырылған жүйелердің жеткілікті екенін көрсетті.
Сонымен қатар қазіргі заманғы бензин және дизель генераторларының өндіруші зауытта автоматты түрде резервтік қоректендіруді қосу және ажырату жүйелерімен жабдықталатыны анықталды.
Осылайша, пайдалы модельге патенттің болуы өздігінен осы салада бәсекелестіктің жоқтығын білдірмейді және сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру үшін жеткілікті негіз болып табылмайды.
Мемлекеттік органға бәсекелестік рәсімдерін өткізбей сатып алуды келісуден бас тартылды.
Департамент қызметінің келесі маңызды бағыты – жеке кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жасалатын бұзушылықтардың жолын кесу.
Мәселен, жеке кәсіпкерлік субъектісінің авиациялық отынды өткізу кезінде заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. Субъект объективті әрі экономикалық негізделген себептерсіз мәні бірдей шарттарға әртүрлі бағалар қолданған. Департаменттің араласуынан кейін анықталған бұзушылықтар жойылды.
Сонымен қатар жеке кәсіпкердің су тазартуға арналған өзі өткізетін жабдықты бәсекелестердің ұқсас өнімдерімен дұрыс емес салыстыруы бөлігінде жосықсыз бәсекелестік белгілері анықталды.
Кәсіпкердің әлеуметтік желілер арқылы таратқан бейнероликтерінде бәсекелестердің жабдықтарын демонстрациялық түрде жойып, өзі өткізетін өнімнің артықшылығы туралы оның басымдығын растайтын құжаттық дәлелдерсіз мәлімдемелер жасағаны анықталды. Департаменттің хабарламасы толық орындалып, бұзушылықтар жойылды.
Департамент бәсекелестікті шектейтін әкімшілік кедергілерді анықтауға және жоюға ерекше назар аударады.
Мәселен, өтінішті қарау нәтижесінде электрондық сауда алаңының сатып алуға қатысушының сатып алу рәсімдерінің қорытындыларына қолжетімділігін негізсіз шектегені анықталды.
Анықталған кедергіні жою және ашықтық, жариялылық пен ақпаратқа кемсітусіз қолжетімділік қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында Департамент электрондық сауда алаңының функционалын заңнама талаптарына сәйкестендіруді, конкурсқа өтінім берген әлеуетті өнім берушілерге қорытынды хаттамалар мен сатып алу нәтижелеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды.
Департаменттің ұсынымы электрондық сауда алаңы тарапынан толық орындалып, анықталған әкімшілік кедергі жойылды.
Жыл басынан бері Департамент тарапынан бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 9 ұсыным енгізілді.
Департамент қызметінің тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін төмендету.
Осы бағытта жыл басынан бері 31 мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша ұйымдардың жарғыларынан заңнамада көзделмеген қызмет түрлерін алып тастау туралы 8 ұйғарым берілді.
Осылайша, Департаменттің қызметі тек бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар олардың алдын алуға, бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жоюға және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға бағытталған.