ДЕПАРТАМЕНТ ҚАНТТЫ САТУ ЖӘНЕ САУДА ОРЫНДАРЫН ҰСЫНУ НАРЫҚТАРЫНДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЫҚПАЛ ЕТУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНДЫ

ДЕПАРТАМЕНТ ҚАНТТЫ САТУ ЖӘНЕ САУДА ОРЫНДАРЫН ҰСЫНУ НАРЫҚТАРЫНДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЫҚПАЛ ЕТУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті Абай облысындағы қантты көтерме саудада өткізу нарығындағы, сондай-ақ Семей қаласының азық-түлік нарықтарында сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне жүргізілген талдауларды аяқтады.

Жоспарлы талдау қорытындысы бойынша «Халықаралық туризм «Спутник» ЖШС-нің доминантты жағдайға ие бола отырып, бірдей жағдайдағы және тауарды ұқсас көлемде сатып алған қант құмын сатып алушыларға әртүрлі бағалар қолданғаны анықталды. Бұл ретте баға айырмашылықтарының объективті экономикалық негіздері, сондай-ақ жеңілдіктер берудің ашық критерийлері болмаған.

Жоспардан тыс талдау барысында сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығында доминантты жағдайға ие ИП Турлыбеков А.Я.-ның салыстырмалы жағдайларда болған жалға алушылар үшін жалдау ақысының әртүрлі мөлшерін оларды айқындаудың объективті және ашық критерийлерінсіз белгілегені анықталды.

Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 2) тармақшасында көзделген доминантты жағдайды теріс пайдалану белгілерін қамтыды. Олар бірдей жағдайдағы нарық субъектілеріне объективті негізделген себептерсіз әртүрлі бағалар мен талаптарды қолданудан көрінді. Мұндай практика бәсекелестікті, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы бәсекелестікті шектеу тәуекелдерін туындатты.

Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында Департамент «Халықаралық туризм «Спутник» ЖШС-не және ИП Турлыбеков А.Я.-ға олардың әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарламалар жолдады.

Қазіргі уақытта екі нарық субъектісі де Департаменттің хабарламаларын толық орындап, анықталған бұзушылықтарды жойды.