БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АРАЛАСУЫНАН КЕЙІН АУДАН ӘКІМДІКТЕРІ ҚТҚ ШЫҒАРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ КЕЗІНДЕГІ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ ЖОЙДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бәсекелестіктің жай-күйін бақылау шеңберінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметтері нарығындағы мемлекеттік сатып алулар мен сауда-саттықтарға мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында жергілікті атқарушы органдар — «Бөрілі ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Жәнібек ауданы әкімінің аппараты» ММ және «Қаратөбе ауданы әкімінің аппараты» ММ заңнама талаптарын бұза отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау және тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшін мердігер ұйымды таңдау жөнінде конкурс (тендер) ұйымдастырмағаны және шарттарды бір көзден алу тәсілімен жасасқаны анықталды.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушысының бұйрығымен бекітілген Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды орталықтандырылған жинау және тасымалдау бойынша қызметтер жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын конкурс (тендер) нәтижелері бойынша көрсетіледі.
Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша Департамент аталған мемлекеттік мекемелердің әрекеттерінен Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының 1-тармағын бұзу белгілерін анықтады.
Анықталған бұзушылықтарға байланысты Департамент жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуды тоқтату және жою қажеттігі туралы хабарламалар жолдады.
Қазіргі уақытта Департаменттің хабарламалары орындалып, Бөрілі, Жәнібек және Қаратөбе аудандарының әкімдіктері қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша қызметтер берушілерді таңдау үшін ашық мемлекеттік сатып алулар жариялады.