2026 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БҚДАД 8 ТАЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

2026 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БҚДАД 8 ТАЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов аумақтық бөлімшенің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы баяндады.

Есепті кезеңде Департамент бәсекелестіктің жай-күйіне барлығы 8 талдау жүргізді, оның ішінде 6 жоспардан тыс және 2 жоспарлы талдау.

Жоспардан тыс талдаулар сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізу, теміржол көлігімен газ тасымалдау кезіндегі көлік-экспедиторлық қызметтер, авиациялық отынды көтерме және бөлшек саудада өткізу, сондай-ақ шикі газды тауарлық газға қайта өңдеу нарықтарын қамтыды. Ал жоспарлы талдаулар қантты көтерме саудада өткізу және кино көрсету қызметтері нарықтарында жүргізілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен «Sweet Step» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 162-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 432 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта Департамент өңделген сүт пен сүт өнімдерін (айран) көтерме саудада өткізу, дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу, Интернет желісіне сымды (тұрақты) қол жеткізу қызметтері, сондай-ақ санитариялық қызметтер (дезинфекция, дезинсекция және дератизация) нарықтарында жоспарлы талдаулар жүргізуді бастады.

Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қатысуы бар субъектілердің қызмет түрлерін кеңейтуге қатысты 4 өтінішхат қаралды. Оның екеуі «Қызмет Ақтөбе» ЖШС-нен, тағы екеуі «ӘКК «Ақтөбе» АҚ-нан келіп түсті. Сонымен қатар қазіргі уақытта «ӘКК «Ақтөбе» АҚ, «Ақтөбе құрылыс компаниясы 2023» ЖШС, «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ және «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ тарапынан келіп түскен тағы 5 өтінішхат қаралуда.

Есепті кезеңде «ӘКК «Ақтөбе» АҚ, «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ, «Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубы» МКҚК, «Есет батыр» мемориалдық кешені» ШЖҚ МКК және Ақтөбе облысының ветеринариялық станцияларының қызметіне қатысты 8 мониторинг жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау шеңберінде мемлекеттік қатысуы бар бірқатар субъектілердің қызметінде заңнама талаптарының бұзылуы анықталды. Мониторинг нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың атына 5 нұсқама енгізілді.

Атап айтқанда, Алға ауданы әкімдігінің қарауындағы «Есет батыр» мемориалдық кешені монополияға қарсы органның келісімінсіз жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырғаны анықталды.

«Қызмет Ақтөбе» КМК қызметінде жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдарын пайдалану қызметтерін монополияға қарсы органның келісімінсіз жүзеге асыруға байланысты бұзушылықтар анықталды.

Осыған ұқсас бұзушылықтар Ақтөбе облысы Қаржы басқармасына ведомстволық бағынысты «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ қызметінде де анықталды. Кәсіпорын жобалық офис қызметін монополияға қарсы органның келісімінсіз жүзеге асырған. Сондай-ақ Әйтеке би аудандық ветеринариялық станциясының қызметінде де жекелеген қызмет түрлерін келісімсіз жүзеге асыру фактілері анықталды.

Бүгінгі күні берілген барлық нұсқамалар толық көлемде орындалып, анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша қажетті шараларды қабылдады. Департамент Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет түрлерін кеңейту және (немесе) өзгерту тек монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырылатынын еске салады.

Сонымен қатар есепті кезеңде Интернет желісіне сымды қол жеткізу қызметтері, сығылған (компримирленген) табиғи газды өткізу және мұз айдындарын жалға беру қызметтері нарықтарында баға мониторингі жүргізілді.

Бірінші жартыжылдықта Департамент Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы екі хабарлама жолдады. Оның бірі мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін ұйымдардың қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде «ӘКК «Ақтөбе» АҚ-на жолданса, екіншісі мұз айдындарын жалға беру шарттарын қолданыстағы тарифтерге сәйкес қайта ресімдеу мәселесі бойынша Ақтөбе облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қатысты шығарылды. Қазіргі уақытта екі хабарлама да толық көлемде орындалды.

Ақтөбе облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті монополияға қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, адал бәсекелестікті дамыту және нарық субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар ведомство құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тұрақты негізде жүзеге асырылады.